Рашид Аюпов өсті ме әлде өшті ме?

Oinet.kz 18-06-2021 2260

Өткен аптада Түркістан облысы әкімдігінде болған кадрлық ауыс-түйістердің астарында біраз гәп бар сияқты. Биліктің бұрынан келе жақан жазылмаған заңы. Біреу орнынан жылжымайынша, біреу өспейді. 

Screenshot_5.jpg

 Күні кеше өз еркімен қызметінен босаған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиевтің орнын басқан Рашид Аюповтың, жасыратыны жоқ, жұмыс істеу стилінің өзгешелеу екендігі рас. Ол Түркістан қаласының әкімі қызметіне 2019 жылдың шілдесінде тағайындалған болатын. Екі жылға жетер-жетес уақыттың ішінде облыс әкімінің орынбасары болды. Бір қарағанда тәп-тәуір карьералық өсу. Алайда шенеуніктердің  үлкен орынбасар болғаннан гөрі, өз алдына бастық болғанды артық көретіні жасырын емес. Бір сөзбен айтқанда «өзі биі, өзі қожа», маңызды шешімдерді дербес қабылдайтын қызметті тәуір көреді. Себебі орынбасар қанша жерден үлкен болса да  белгілі бір салаға ғана жауап береді. Ал бірінші басшының билігі бәріне жүреді. Оның үстіне басқасы басқа Түркістан сияқты облыс орталығының бірінші басшысы болу дегеніңіз көп шенеуніктің қолы жете бермейтін орын емес пе?  Осы тұрғыдан алғанда Рашид Аюповты өсті дегеннен гөрі өшті деген дұрысырақ сияқты. Бәлкім «жылы орнын суытты» десек, асыра айтқандық емес шығар. Себебі Түркістан бүгінде исі түркі жұртының рухани астанасы ретінде мойындалды. Қаладағы тіршілік қыз-қыз қайнап жатыр. Түркістанның әкімі осы өзгерістердің басы-қасында жүрген Өмірзақ Шөкеевтің ең бірінші көмекшісі саналады. Алайда Рашид Аюповтың осы екі жыл ішінде іскерлік жағынан таныта алатындай, елден ерекше тірлігін байқай қоймадық (бәлкім бұл ауыс-түйістің астары да осымен байланысты шығар).  А, жо-жоқ, атақты миллиардер, кәсіпкер, инженер, ғарыштық жобаларды жүзеге асырумен айналысатын Илон Маскке Түркістаннан зауыт салу туралы жазған ұсынысын ұмытып барады екенбіз ғой. Аюповтың ақыл-ойының, идеяларының осылайша ғарыштық деңгейде «дамып» кеткені, қиялымен айда жүретінін біз өткен нөмірлеріміздің бірінде жазған болатынбыз. Бұл өз алдына бөлек әңгіме.          

Жалпы, Рашид Аюповтың карьерасына, оның үлкен қызметтердің құлағын ұстауына ықпал еткен адам Ғабидолла Әбдірахымов десек, қателеспеуіміз мүмкін.  Әбдірахымов қайда болса, Рашид Аюпов сол жерден табылды. Екеуі Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде ұзақ жылдар қызмет етті. Әбдірахымов 2015 жылдың тамызында Шымкент қаласына әкімі болып келген соң, Аюпов әкім аппаратына жетекшілік жасады. 2017 жылдың күзінде Әбдірахымовтың Шымкенттегі таң-тамаша, қиял-ғажайыптардан тұратын «ертегі дәуірі» аяқталды. Ол «Нұр Отан» партиясының хатшысы лаузымына ауысты. Рашид Аюповқа да билік партиясының орталық аппаратынан жауапты қызмет табыла салды.  2018 жылдың жазында Әбдірахымовтың үшінші мегаполистегі өкінішке қарай, абыройсыздау аяқталған  екінші әкімдік дәуірі басталды. Қайталағанды ұната бермейтін, жаңашыл шенеунік Рашид Аюпов бұл жолы «SHYMKENT» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында басқарма төрағасының креслосын иеленді. 

Осы жылдары Аюпов да Әбдірахымов сияқты өзінің имиджіне жұмыс істейтін басшы екендігін байқатты. Бір ғана мысал келтірсек, Рашид Аюпов «Шымкент» ӘКК-ға басшы болған жылдары мегаполисте алғашқы муниципалды автобус паркі ашылды. Жаңа автобустар жеткізілді. Осы кездері Аюпов ақпарат құралдарына берген сұхбатында:

 «Жүргізушілерге жағдайдың барлығын жасадық. Осы жерде таңғы асын ішеді. Осы жерде жатақханасы болады. Сосын нақты қолына алатын айлығы 170 мың теңге. Үлкен айлық ол Шымкент қаласы үшін. Сондықтан да ары қарай ұяты бар шығар деп ойлаймыз. Бақылайтын боламыз. Жарыс пайда болмайтын шығар деп ойламыз»,-деген екен. 

 Аюпов Түркістан қаласына әкімі болып кеткеннен кейін мұның бәрі де бос әңгіме болып шықты. Муниципалды автопарк жүргізушілерге тиесілі жалақысын тауып бере алмады. Оның соңы наразылықтарға, жүргізушілердің жаппай жұмысқа шықпай қалуына апарып соқты. Сонда кімді-кім алдады?  

Рашид Аюпов «сөзі басқа, ісі басқа» шенеунік  екендігін Түркістанда әкім болған жылдары да «дәлелдеді». Әлеуметтік желідегі жазбаларында мүгедектердің мұңын мұңдағыш, жоғын жоқтағыш, тіпті қайбір жолы Аюповтың мүгедектердің қоларбасына отырып, пандустардың жағдайын тексергені ақпарат құралдарында жарияланып жатты. Енді мынаны қараңыз, төтенше жағдай кезінде Түркістанда әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген тұрғындардың ауыз судың төлемақысын өтеу үшін берілген119 217 000 теңге қаражаттың 57 009 646 теңгесі пайдаланылмай, бюджетке қайтырылып жіберілгені осы жуырда ғана Әдеп кеңесінің отырысында айтылды. Мемлекеттің тиесілі көмек-қаржысынан қағылғандардың басым көпшілігін мүгедектер құрайды. Сол үшін Түркістан қалалық инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің басшысы Нұрлан Бектұрсыновтың мәселесі Әдеп кеңесінеде қаралып, тәртіптік жазаға ұсынылды. Ал түркістандық шенеуніктердің мүгедектердің мәселесіне соншалықты неге салғырт қарағандығына қатысты Аюповтың тарапынан ешқандай жауап берілген жоқ.  Аюпов сол жолы айтуды ғана емес, қажет жерде үндемей қалуды да жақсы меңгерген шенеунік екендігін байқатты. 

Аюповқа қатысты тағы бір шулы мәселе осы жуырда ғана көтерілді. Ол Түркістан қалалық әкімдігінің ғимаратының сатылуына қатысты. Былтыр тамызда ғимаратты электрондық сауда-саттыққа қойып, жекешелендіру туралы Түркістан қаласы әкімінің қаулысы қабылданады.  Осы кездері қалалық әкімдік бұрын Түркістан облыстық әкімдігі отырған, мұражай  ғимаратына көшіп алады. Ал ескі әкімдіктің ғимаратының ішінде бұзу жұмыстары басталған. Әкімдік өзіне тиесілі, әлі сатылмаған ғимаратты сақтап қалу шараларын жүргізбеген. Нәтижесінде бұзу жұмыстарының салдарынан кейіннен бағалау кезінде ғимараттың  шаршы метрінің нарықтық құны 29, 17 пайызға дейін төмендеген. Прокурорлардың айтуынша, ғимарат өзінің нарықтық құнынан әлдеқайда төмен бағаланған. Бағалау кезінде ғимаратқа 2018 жылы 257 миллион теңгеге  жөндеу жұмыстарының жүргізілгені де ескерілмеген. Былтыр желтоқсанда Түркістан облысы бойынша сот сараптамалары институтының берген қорытындысымен ғимараттың құны  438 604 616 теңгені құрайтынын, ал оны қалпына келтіру жұмыстары үшін 146 941 361 теңгені қажет ететіні анықталған. 

Қазан айында әкімдік ескі ғимараттарын аукцион арқылы сатып жіберегн. Онда көшетаулық К. Бектасова деген жеке кәсіпкер, ғимаратты бағаланған құнынан бір тиынын да көтерместен  313 736 279 теңгеге сатып алған. Прокуратураның берген талап арызынан кейін сот әкімдік пен кәсіпкер арасындағы келісім-шарттың күшін жойды. 

Қазіргі уақытта Түркістан қалалық әкімдігі бұрынғы Түркістан қаласының тарихи-мәдени этнографиялық орталығының ғимаратына қоныстанған. 2018 жылы осы ғимаратта уақытша Түркістан облыстық әкімдігі отырған болатын. Шенеуніктерге осы ғимарат қатты ұнап қалған сияқты. Осы жерде айта кетейік, Түркістан қалалық тарихи-мәдени этнографиялық орталығының ғимараты 2010 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілген. Республикадағы өзіндік сәулеті бар мәдени нысан ол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен салынған еді. Көпшілік мұраждайдың әкімдіке айналғанын құптап отырған жоқ. Осыдан кейін Аюповтың елдің пікірімен қаншалықты санасатын шенеунік екендігін бағамдай беріңіз. 

Ал облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған Мейіржан Мырзалиевке қатысты жағдайдың анық-қанығы әлі белгісіз. Құзырлы органдар оның қылмыстық іс бойынша қорғануға құқығы бар куәгер ретінде танылғанын мәлім етті. Ал Түркістан облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі әкімі орынбасарының денсаулығына байланысты демалысқа шығып кеткенін хабарлады. Енді міне, Мырзалиевтің қызметінен кеткені белгілі болып отыр. Яғни, бұдан «өз еркімен» деген сөздің шартты ұғым екендігін байқауға болатын сияқты

Мейіржан Мырзалиев облыс әкімінің орынбасары лауазымына 2019 жылы Өмірзақ Шөкеевпен бірге келген. Бірақ еңбек жолдарында екеуінің жолдары түйіспеген. Яғни, Мырзалиев Түркістанға жоғарыдағылардың Шөкеевке жасаған  ақыл-кеңесімен, ұсынысымен келді деп болжам жасауға әбден болады. Шөкеевке орынбасар болатындай Мырзалиевтің тәжірибе жаман емес. Танымал оқу орындарында  білім алған. Мәскеу мемлекеттік университетінің түлегі. Бұдан кейін АҚШ-та білім алған. Бүкіләлемдік банктің қаржы корпорациясында тәжірибеден өткен. Алматы қалалық әкімдігінде жұмыс істеген. Бұдан кейнігі жылдары Премьер-министрдің кеңсесінде қызмет атқарып,  бизнес, өнеркәсіп сияқты салаларға жетекшілік еткен.  Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың кеңесшісі болған. Үкімет басшысының кез-келгенді өзіне кеңесшілікке алмайтыны айтпаса да түсінікті. Түркістанға дейін Мырзалиев Қостанай облысы әкімінің орынбасары лауазымында отырған. Оның Түркістандағы екі жылдан астам уақытқа созылған еңбегін жалпы жақсы деп бағалауға болады. Биыл жыл басында халықаралық сарапшылар Түркістан облысын бизнесті дамытуға ыңғайлы өңірлерді рейтингісінде бірінші орын берді. Облыстағы кәсіпкерлік, бизнес, туризм салаларына дәл осы Мырзалиев жетекшілік жасаған болатын.  

"Рейтинг" газеті

Әкім-қаралар халықты баспанамен қамтуды қара базарға айналдырған ба?
Жанболат Мамайдың мұнысы шектен шыққандық емес пе?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу