Тоқаевтың шүйлігуіне кінәлі Мырзахметов пе әлде Сапарбаев па?

Oinet.kz 05-08-2021 1824

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа 2019 жылы жұмысында едәуір олқылықтарға жол беріп, қызметінен босатылған Қ.Досаевты әкімдіктің басқарма басшысы етіп тағайындағаны үшін сөгіс жариялады. Әкімге бір тәулік ішінде кадрлық қателігін түзетуге тапсырма берілді».

Screenshot_10.jpg

Сейсенбі күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осындай тапсырмасын оның баспасөз хатшысы Берік Уәли фейсбуктегі парақшасында жариялады. Бұл шешімнің көпшілікті «әп, бәрекелді» дегізгені рас. Бірақ осы бәрекелді тірліктің арғы жағында біраз берекесіздіктің құлағы қылтияды. Тоқаевтың тапсырмасына бүгінде басқасы басқа  жамбылдық атқамінерлер аң-таң болып отыр. Неге дейсіз бе? Өйткені Қайрат Досаев әкімдікке қарасты басқарманың басшысы қызметіне кеше-бүгін емес,  сол 2019 жылы «әдәуір олқылыққа жол бергеннен» кейін көп ұзамай-ақ тағайындалып кеткен болатын.  Осыдан кейін өзіңіз ойланып көріңіз, кадрлық қателікті жіберген Сапарбаев па әлде сол кездегі әкім Мырзахметов пе? 

Алдымен Жамбыл облысы әкімдігінің Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қызметінде дүйсенбіде тағайындалып, сейсенбіде босатылған, қызметте мерзімдік отыру жағынан антирекорд жасаған Қайрат Досаевтың еңбек жолына көз салып көрейік. Қайрат Әскербекұлы Жамбыл облысының тумасы. Мамандығы бойынша инженер-механик. Еңбек жолын 1987 жылы ғылыми-өндірістік бірлестіктің инженері болып бастаған. Алматы қалалық төтенше жағдайлар басқармасының төтенше жағдайлар бөлімі басшысының орынбасары, сектор меңгерушісі, Төтенше жағдайлар агенттігі төрағасының көмекшісі, Алматы облысы әкімінің көмекшісі, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары, Алматы облысы Қаратал ауданы әкімінің орынбасары, Алматы облысының табиғи монополияларды реттеу және бәселестікті қорғау басқармасының басшысы, Алматы облысының тарифтер жөніндегі басқармасының басшысы, Төтенше жағдайлар министрінің көмекшісі болған, тағысын тағылар. Досаев сол жылдары Алматы облысының әкімі, Төтенше жағдайлар министрі қызметтерін атқарған танымал шенеуніктің шарапатын көп көрген кадр сияқты. Ол 2014 жылы  Жамбыл облысы Қордай ауданының әкімі қызметіне тағайындалды. Әкім болуды 2017 жылы Шу ауданында жалғастырды. Бірте-бірте сатылып өскен Досаевты екі жылдан кейін сол кездегі Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Тараз қаласының әкімі қызметіне тағайындады. Бірақ 2019 жылдың қарашасында  Тараз қаласындағы бір мектептің дәретханасында 12 жастағы оқушы қыздың зорлануынан кейін Қайрат Досаев ойда-жоқта қызметінен кетті. 

"Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Тараз қаласындағы мектепте орын алған оқыс оқиғаға байланысты және өзіне жүктелген міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін Тараз қаласының әкімі Қайрат Әскербекұлы Досаев 2019 жылғы 21 қарашадан атқарып отырған лауазымынан босатылды, - деп хабарлаған болатын сол кезде Ақорданың баспасөз қызметі. Ал облыс басшысы Асқар Мырзахметовтың өзіне ескерту берілді. 

Бірақ Мырзахметов Досаевты жұмыссыз қалдырған жоқ. Қызметінен қарашада босатылған ол желтоқсанда Жамбыл облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды. Жалпы, сол жылы «мектеп дәретханасындағы оқиғадан» кейін Жамбылда біраз басшы отставкіге кетті. Бірақ олардың ешқайсысы да қызметсіз қалмаған. Мәселен, орнынан өз еркімен кеткен облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмағанбетова артынша облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды. Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы шенеуніктің карьерасын Шу аудандық білім бөлімінің басшысы ретінде жалғастыра берген. 

Осылайша өткен-кеткен жайсыз оқиғаны ұмытып, тірліктерін тып-тыныш атқарып жүрген атқамінерлерге Тоқаевтың тапсырмасы төбеден жай түскендей әсер етті.  Дүйсенбіде Бердібек Сапарбаев Досаевты табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қызметіне тағайындады. Артынша ақпарат құралдарында 2019 жылы Тараздағы мектеп дәретханасындағы оқушы қыздың зорлануы оқиғасынан кейін Президенттің тапсырмасы бойынша орнынан кеткен шенеуніктің жаңа қызметке тағайындалғаны туралы мәліметтер жарияланды. Осы ақпараттар әсер етті ме, әйтеуір  ертесіне Тоқаев Сапарбаевқа сөгіс беріп, кадрлық қателікті түзетуге бір тәулік уақыт белгіледі. Шамасы, Тоқаев Досаевтың сол 2019 жылы-ақ жаңа қызметке тағайындалып кеткенінен бейхабар болған сияқты. Мейлі, Президент бейхабар шығар, ал Президент әкімшілігіндегі кадрлық салаға жауапты басшылар қайда қарап отырған? «Бәрін еститін, бәріне құлақ түретін» мемлекеттің атқамінерлері осы жолы қалайша тәпсілерінен жаңылып қалды? 

Осылайша Сапарбаев Досаевты өсіремін деп өшіріп алды. Досаевтың мемлекеттік қызметтегі карьерасына осыменен нүкте қойылуы әбден мүмкін.

"Рейтинг" газеті

Әкім әйеліне жер әперді… Келестегі келеңсіздік тоқтай ма?
Әкімдер газет сатып жатыр. Басылымдарды жекешелендіргеннен кім ұтады, кім ұтылады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу