Арман Жетпісбай қай Қазақстанда өмір сүріп жүр?

Oinet.kz 14-04-2022 1758

Түркістанда облыс әкімдігі мен орталық атқарушы органдар арасындағы статистикалық сәйкессіздіктер жиілей түсті.  Дәлірегі жергілікті жердегі өтірікті Президентке тікелей бағынатын органдардың әшкерелеуі әдетке айналды. Қайбір жолы жергілікті шенеуніктер туризмге қатысты мәліметтерге келіспеушілік білдіріп еді. Енді міне, оған ауыз судың «жыры» қосылды. 

Screenshot_3.jpg

Облыста ауыз суға жауапты саланың жұмысына жетекшілік жасайтын облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай мәселенің басын ашып алып, нақты іске кірісудің орнына көзбояушылыққа барған сияқты. Мұны басқаша атау мүмкін бе? Бұл алдымен халықты алдау, халықтың өкілдері депутаттарды шатастыру, қала берді өзінен жоғары тұрған басшы, дәлірегі облыстың әкіміне жалған мәлімет беру емес пе?!

Олай болса облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай  қай Қазақстанда өмір сүріп жүр, ол әлі де сол баяғы көзбояушылықтан көз ашпаған «Ескі Қазақстанда» өмір сүріп жатқан сияқты. Тарқатыңқырап айтайық.  

Мәселенің мән-жайы түсінікті болу үшін біраз шегініс жасасақ. Бұған дейін «Рейтинг» газетінде біз Есеп комитетінің Түркістан облысында 2018-2020 жылдар аралығындағы атқарылған жұмыстарға жүргізілген тексеру қорытындысын жариялағанын, осы құжатта 2020 жылы облыста орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған халықтың санында сәйкессіздіктердің кездескенін жазған болатынбыз. Нақтырақ айтқанда, жергілікті атқамінерлер 2020 жылдың қорытындысы бойынша ауыз сумен қамтылған халықтың көрсетішін  тоқсан пайыздан астам деп жариялаған. Коммуналдық салаға жауапты басшылардың брифингтерде айтқан сөздерін былай қойғанда, «2020 жылы ауыз сумен қамтылғандардың көрсеткіші 92,1 пайызға жетті» деген мәлімет 2021 жылдың басында облыс басшысының халыққа берген есебінде айтылған. Алайда Есеп комитеті өзінің қорытындысында  шын мәнінде 2020 жылдың қорытындысы бойынша облыста орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған халықтың көрсеткіші 71,5 пайызды құрағанын келтірген.  71,5 мен 92,1-дің арасы қайда жатыр? Сонда кімге сенуге болады? 

Screenshot_2.jpg

Жуырда осы мәселе облыстық мәслихаттың тұрақта комиссия отырыстарында қаралды.  Жиында Есеп комитетінің қорытындысын алға тартқан депутаттарға облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай жауап берді. Оның айтуынша, Есеп комитеті келтірген 71,5 пайыз облыстағы елді мекендердің саны бойынша алынған цифр. Ал жалпы халықтың санына шаққанда бұл көрсеткіш 92,1 пайызды құраған. Ертеңіне облыстық мәслихаттың сессиясында Жетпісбай айтқан мәліметтер дүйім жұрттың алдында  тағы қайталанды. Нәтижесінде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев алдағы уақытта ауыз су бойынша жалпы халыққа және елді мекендерге шаққандағы көрсеткіштерді бөлек-бөлек жасауды тапсырыған. Айтпақшы, осы жиындарда  2021 жылдың қорытындысы бойынша, облыста ауыз сумен қамтамасыз ету қалада-99,4 пайызды, ауылда-93,3 пайызды құрайтыны айтылды. Жетпісбайдың бұл сөздері бәрібір де ауыз суға қатысты күдік-күмәнді сейілткен жоқ.  

 «Рейтинг» газеті осы мәселеге түсінік беруді сұрап Есеп комитетіне арнайы хат жолдаған болатын. Хат редакцияға осы аптада келіп түсті. Комитеттегі аппарат басшысы К.Плотников қол қойған хатта алдымен Түркістан облысында Аймақтарды дамыту бағдарламаларын іске асырудың 2019 және 2020 жылдардағы есептеріндегі ақпараттардың статистикалық мәліметтермен сәйкессіздіктердің бары келтірілген. 

-2020 жылғы Түркістан облысының орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілу үлесі 71,5 пайыз (1 461,8 мың адам) құрағандығы жөніндегі мәлімет Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес (stat.gov.kz, Қазақстан Республикасындағы сумен жабдықтау және су бұру жүйелері құрылғыларының жұмысы туралы бюллетень, 14 бөлім «Елді мекендер бойынша орталықтандырылған және орталықтандырылмаған сумен қамтылатын адамдар саны) жалпы халық санына шаққандағы көрсеткіш болып табылады,-делінген хатта. 

Хатта сондай-ақ, жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы бойынша сумен жабдықтау және су бұру, электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру салаларында бюджеттік бағдарламалар әкімшілері ретінде бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде сәулет, қала құрылысы және қала қызметі, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік салаларындағы заңнама нормаларының бұзылуына жол бергені үшін Түркістан облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Б.Полатбековке сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылғаны да жазылған. 

Сонда Арман Жетпісбай кімді алдап отыр?  Айта кетері, ол облыс әкімінің бірінші орынбасары лауазымына 2020 жылдың тамызында тағайындалған. Яғни,  2020 жылы ауыз сумен қамту көрсеткіші «облыста 92,1 пайызды құрайды» деген мәліметтер  дайындалғанда одан Арман Жетпісбайдың мүлде хабарсыз болуы мүмкін емес. Ұлттық статистика комиттеті әзірге 2021 жылғы ауыз суға қатысты деректерді жария еткен жоқ. Егер жарияласа, тағы да сәйкессіздіктердің шығатынына күмән жоқ. Өйткені атқамінерлердің бар-жоғы бір жылда облыстың ауыз суға қатысты көрсеткішін 71 пайыздан 99 пайызға көтеріп тастағаны тағы да күмән туғызады. 

Ал, тірлігі күмәнді Арман Жетпісбай  жоғарыдағы жалған мәліметтер үшін ешқандай жауапкершілікке тартылған жоқ.  Кінәнің бәрін Б.Полатбековтың мойнына іле салу әділдік пе? 

"Рейтинг" газеті, 14 сәуір, 2022 ж

Сатыбалды мен Әйтеновтың арасында не байланыс бар?
Шыңғыс Мұқан біз күткендей болмады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу