«AMANAT»-тың ендігі тағдыры не болмақ?

Oinet.kz 20-04-2022 2749

Президент  Қасым-Жомарт Тоқаев наурызда Қазақстан халқына кезекті Жолдауында  суперпрезиденттік республикадан қуатты парламентті - президенттік республикаға трансформациялау ұсынысын айтқан болатын. Бұл қоғамдық сенімді нығайтуға және мемлекеттік құрылымдардың қоғам игілігіне сай тиімді жұмыс жасауына мүмкіндік береді. Осы мақсатты жүзеге асырудың алғашқы қадамы ретінде Мемлекет басшысы президент лауазымындағы тұлғаның саяси партияға мүше болу немесе басшылық ету міндеткерлігін тоқтату керектігін тапсырды. Бұл жағдай аймақтық деңгейдегі әкімдерге тиісті. Әкімдерге де саяси партиялардың жергілікті бөлімдеріндегі жетекші болу міндетіне тыйым салынады. Президенттің пікірінше, бұл саяси әрекет еліміздегі саяси партиялардың өзара бәсекелестігін арттырады. Ал конструктивті бәсекелестік саяси құрылымның дамуы мен жаңаруына алып келеді. Керісінше, биліктік құзырет пен міндеткерліктің бір тұлға қолына шоғырлануы қоғамдағы сыбайлас жемқорлық пен непотизмнің жайылуына алып келеді. 

Screenshot_2.jpg

Ендігі кезекте әкім және әкім орынбасарларының партиядағы төрағалық лауазымнан шеттетілуі партиялардың беделін түсіріп, белсенділігіне кері әсер етпей ме?  Енді жұрт «Аманатқа» қиянат жасап,  жаппай партиядан шығып кетуі мүмкін бе? Осы сұраққа жауап іздеп біраз азаматтарға хабарласқан едік.

Screenshot_5.jpg

Нұрлан ХАМЗАҰЛЫ, Төле би аудандық мәслихатының хатшысы: 

«Аманатқа» адал азаматтар аз емес

- Өзге облыс, аудандарды білмедім, нақты Төле би ауданында соңғы 6 жылдың ішінде «Нұр Отан» партиясы филиалының төрағасы лауазымын аудан әкімдері басқарған емес. Сондықтан мен үшін  сол кездегі партияның жұмысы қазіргі «Аманатта» да жалғасып жатқан секілді. Енді бұрын төраға болуға кез-келген адам құқылы еді. Қазір әкім мен оның орынбасарларына партия филиалына төраға болуына тыйым салынды. Негізі төраға әкім немесе орынбасарлары болғанымен қоғамдық жұмыстарды атқаратын өзге азаматтар. Аудан әкімі жалпылама басшылық жасап, тек сессия, жиындарды жүргізіп отырғаны болмаса  қалған шаруаның барлығы басқа қызметкерлердің мойнына жүктелген. Сондықтан  бұл өзгерістен партиялардың беделіне ешқандай нұқсан келмейді деп есептеймін.  

Партиядан шығушылар да көп болады деп ойламаймын. Жалпы бұған дейін партияға бірі кіріп, бірі шығып жатыр ғой. Бұл саяси процесс. Ал партияны шынымен қалап келген адам одан жәйдан-жәй шығып кете салмайды. Мен «Ауыл» немесе басқа да партияларға берілген бірнеше азаматарды білемін. Оларға сол партиядан «шық» десең де шықпайды. Сол секілді «Аманатқа» да адал азаматтар бар. Алты жыл ішінде мен осы партияға өздері сұранып, қалап келген  көптеген адамдарды көрдім. Олардың қатарында билікке қатысы жоқ қарапайым шаруалар, кәсіпкерлер көп. Сондықтан партияның нағыз белсенділері, жанашырлары  ешқайда кетпейді деп ойлаймын. Ал уақытында түрлі себептермен партияға күштеп келген адамдар олардың әйтеуір бір шығатыны анық.  Президенттің бұл бастамасы өзге партиялардың демократиялық күресте шыңдалып шығуына, халықтың сенімінен шығуға мүмкіндік бермек.  

Бізге уәждерін айтып келетін тұрғындар өте көп. Бәріне қолдан келер көмекті аямауға тырысамыз. Бірақ арасында «аспандағы айды немесе құстың сүтін тауып беріңдер» дейтіндер кездеседі. Қалағаны болмай қалса биліктің партиясы деп жамандап шыға келеді. Өткен істі жамандауға болмас. Өткен күннің де оңды істері көп. Айтайын дегенім партия туралы  ойы бұрыс сол бірлі-жарым адамның   да пікірі оңды болуы үшін партия мен биліктің арақашықтығы болған дұрыс. 

Screenshot_7.jpg

Ермұрат БАПИ, саясаткер-журналист, қоғам қайраткері:

Бұл бастама әзірге сөз жүзінде қалып тұр 

- Егер белгілі бір партияның беделі мен белсенділігі жергілікті әкімге қарап қалса, ондай партияның қоғамға қандай қажеті бар?! Әкім - аяғы аспаннан салақтап түскен құдірет емес! Сондықтан бұл тұрғыда мен президент Тоқаевтың бастамасын толық қолдаймын. Бірақ бұл бастама әзірге сөз жүзінде қалып тұр, бұған орай қандай да бір директивалық құжат немесе бұл талап тиісті заңдарға енгізілген жоқ. Партияның белсенділігі оның қоғамдық-саяси жұмысы мен саяси ұстанымы арқылы танылады. Және партия көтерген саяси талапты табанды түрде жүргізу нәтижесінен көрінеді. "

«Аманат" партиясының  құрамында "ел-жұрт" жоқ. Оның құрамында шенеуніктер мен бюджеттік мекемелердің зорлықпен мүшеге тартылған жұмыскер-қызметшілері ғана бар. Олар партиядан шығып кетсе, "Аманат" құлап қалмайды. Себебі бұзауы өлген сиырдың желіні иісін деп, бұзаудың терісінен тұлып жасап қоятын сияқты, билік "Аманаттың" да тұлыбын соңғы мүмкіндікке дейін сүйреп әлек болады. Сондықтан, бұл партиядан "ел-жұрт жаппай шығып кетеді" деп, қапалану қажет емес.

Screenshot_3.jpg

Бақдәулет ШӘРІМ, Арыс қалалық мәслихат депутаты:

Партияның беделі жасаған жұмысына байланысты

- Облыс әкімдері және орынбасарлары, Сайлау комиссия төрағаларының партияда болмауы ол әрине өте жақсы. Бұл партиялардың тең жағдай жасалуына  және бәсекелес болуға  бірдей мүмкіндік беріледі.   Егерде әкімдер бір партияны басқарған жағдайда әрине сол партияға жұмыс істейтін болады. Сол себепті Президенттің бұл бастамасы орынды деп санаймын.  Ал бұл реформаның партияның беделіне қалай әсер ететіні енді сол партияның бағдарламасына, оның  іске асыру барысында халықпен, заңмен, атқарушы билікпен қалай жұмыс жасайтынына байланысты. Егер айтылған бағдарламары орындалмайтын болса ол партия күндердің күнінде саяси додан кететін болады.  Керісінше бағдарламасының халыққа шарапаты тиіп жатса ол партияны ел-жұрттың өзі-ақ  қолдайтыны анық. 

Screenshot_6.jpg

Жанұзақ ӘКІМ, экономист, Халықаралық Адам институтының президенті:

«Жаңа Қазақстанға» жаңа партиялар керек

- Елдегі қоғамдық  ұйымдар, қауымдастықтар мен партияларды біріктірген «Қазақстан Альянсы» қозғалысы барлық қазақстандықтар атынан Президент Қ. Тоқаевқа осы жылдың қаңтар айының басында  Ашық хат жолдаған болатын. Ашық хатта Қазақстан Альянсы мүшелері  2022 жылдың қаңтарына дейінгі тіркелген партиялардың ешқайсысы алдағы сайлауларға қатыспауы керек деген бастама көтердік.  Неге? Себебі қазіргі біздегі партиялардың барлығы халыққа емес авторитарлық режимге қызмет етеді. Қазір барлық облыс, қалаларда әкімдер партияның басшысы болып отыр.  Бұл абсолютті  монополия. Ондай жерде әділетті жұмыс  жүрмейді. Бәсекелестік, күрес болмайды, шындық айтылмайды. Сондықтан оларға Жаңа Қазақстанда орын болмауы керек.   Бұрынғы партиялар атын немесе тағы басқасын өзгертіп қайта тіркелгенімен сол баяғы кемшіліктер қайталана береді. Сыбайлас жемқорлық,  трайбайлизм т.б...  Сол секілді «Нұр Отанның» аты өзгергенімен заты өзгерген жоқ.  Партияға Президент өзінен бастап атқарушы органдар да қатыспауы керек.  Өйткені Президент ол партияның емес ол – халықтың, елдің Президенті. Ол партиядан жоғары тұру керек.  Сондай-ақ мемлекет басшысынң әкім және оның орынбасарларына партия филиалдарына төраға болып сайлануына тыйым салғаны  дұрыс. Бірақ шала. Себебі ешқандай партия  бюджеттен қаржыландырмауы керек. Ал «Аманат» әлі бюджеттен қаржыландырып отыр. Бұны да біз Ашық хатта көрсеттік. 

«Аманаттан» бастап елдегі басқа да партиялар түгелдей кетуі керек. 30 жылда олар экономикалық реформалар жасай алмады, елге қызмет етпеді. Бұлардың барлығы жетілмеген, шикі, ешқандай күреске жарамайтын партиялар. Сол себепті «Жаңа Қазақстанға» жаңа партиялар керек. 

Screenshot_4.jpg

Еділбай ОСПАН, филолог:

Биіліктің партиясы елдің мәселесін шешпейді

- Мен осы күнге дейін ешқандай партияға мүше болған адам емеспін. Сондықтан партиялардың «ішкі асханасына» үңіліп көрмеппін. Дегенмен осы елдің азаматы, тұрғыны ретінде партиялардың халыққа қызмет еткенін көрмедім. Қайбір жылы Алматы қаласынан пәтер сатып алдым. Шыны керек сапасы өте нашар болып шықты.  Сөйтсек бұл тұрғын үйдің құрылысына, сапасына «Нұр Отан» партиясы жауапты екен. Шағымымызды партия өкілдеріне бір емес бірнеше мәрте  жеткіздік. Алайда олар әрдайым құрғақ уәдемен құтылып кететін.  Биліктің партиясы болғасын мәселеміз шешілмеген шығар деп ойлаймын.  Бұл жерде «Қарға қарғаның көзін шұқымайдының» сиқы  болып тұр ғой. 

Енді әкім және орынбасарларының партияда лауазымды иелене алмауы дұрыс бастама деп есептеймін. Оның тиімділігін уақыт көрсете жатар. Жалпы қандай партия болмасын ең бірінші халықтың сеніміне ие болуы керек.

Шыңғыс Мұқан біз күткендей болмады
Шөкеевті аяқтан шалу кімге керек?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу