Премьердің беделі министрден де төмен түсіп кетті

Oinet.kz 03-08-2022 4755

Биыл 11 қаңтарда Қазақстанның 12-інші Премьер-министрі болып тағайындалған, Қаңтар қырғынынан кейінгі қысылтаяң әрі сындарлы кезеңде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Парламент, жалпы қалың бұқара үлкен үміт артқан Әлихан Смайылов өкінішке қарай, сенімді ақтамады. Әлихан Смайылов өткен жеті айға жуық уақыт ішінде «өз арбасын сүйрей алмағаны» былай тұрсын, саясат сахнасында өзіне лайықты орынды таба алған жоқ, өзінің басшылық келбетін қалыптастыра алмады. Абырой-бедел, танымалдылыққа келгенде біртоға Смайыловқа қарағанда кейбір министрлердің абырой-беделі жоғарырақ болып шықты. 

Screenshot_10.jpg

Енді аз уақыттан кейін Смайыловтың орнын алмастыратын кандидат іздестіріле басталатынына күмәніңіз болмасын. 

Осы аптада «Стратегия» саяси және әлеуметтік зерттеулер орталығы әдеттегіше, саяси элитаның  тоқсан сайынғы рейтингісін жария етті. Жалпы бұл жолғы рейтингтің жөні басқа. Сарапшылар «танымалдылық», «келешектегі карьералық өсім» сияқты жаттанды көрсеткіштерден ауытқып, бұл жолы шенеуніктің басшы ретінде тиімді жұмысына, ақпараттық ашықтығына және өзіне тиесілі саланы қаншалықты алып кете алғанына баға берген. 

Рейтинг жасаушылардың айтуынша, екінші тоқсанда Қазақстанның саяси өмірінде елеулі өзгерістер болды. Маусымда Ата Заңға енгізілген өзгерістер бойынша референдум өтті. Қазақстанның картасында үш өңір-Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары құрылды. Бірқатар министрліктер қайта құрылымдаудан өтті. Билік Президенттің «Жаңа Қазақстанын», «Екінші республикасын» іске асыруға көшті. Билік тармағында жаңа есімдер пайда болды. Бірақ олардың ешқайсысы да әзірге өздерінің мықтылығын дәлелдей алған жоқ. 

Сонымен, сарапшылардың қорытындысына сүйенсек, екінші тоқсанда саяси элитаның рейтингі көшін  Мемлекеттік хатшы әрі Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бастады. Қариннің осы тоқсанда жаңа құзырларға ие болғаны белгілі. Ұлытаудың жерінде Президенттің бастамасымен құрылған Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өтті. Дәл қазір Қариннің тасы өрге домалап тұр десек, артық айтқанымыз емес. Екінші орынды Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев иеленді. Үштікті Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов түйіндеді. Бұдан кейінгі орындарда Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова, Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, Сыртқы істер министрі Мұхтар  Тілеуберді, Президент Әкімшілігінің жетекшісі Мұрат Нұртілеу,  Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин тұр. Ал енді Үкімет жетекшісі Әлихан Смайылов үздік ондыққа да ене алмады,  оған 16-ыншы орын бұйырды. 

Сарапшылардың пікірінше, Әлихан Смайылов ақпараттық түрғыда ашық болғанымен, өзіне жүктелген міндеттерді тиісінше атқарып отырған жоқ. Олқылықтардың орнын оның орынбасарлары Роман Скляр мен Ералы Тоғжанов та жаба алмады (қос вице-премьер бұл рейтингте 26-27 орындардан көрінді). Яғни, Смайыловтың беделі оның қарамағында жұмыс істейтін министрлерден де төмен деген сөз. Бұл нені білдіреді?

Әлихан Смайыловтың Үкімет жетекшісінің креслосына биыл  қаңтарда  отырғанын жоғарыда айттық. Ол бұған дейін бірінші вице-премьер лауазымын атқарған. Үкіметті басқаратын жаңа Премьердің кандидатурасына келісім алу үшін Мәжіліске жүгінген Президент:

– Ол тәжірибелі маман, еңбекқор мемлекеттік қызметші. Статистика жөніндегі агенттіктің төрағасы, Президенттің көмекшісі, Қаржы министрі, Премьер-министрдің бірінші орынбасары болды. Қазақстан экономикасының болашағы туралы көзқарасы дұрыс. Нақты жоспары бар. Әлихан Асханұлы Үкіметтің жұмысын өте жақсы біледі. Өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарады деп сенемін, – деген еді. Алайда сенімнің сетіней бастағаны шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында белгілі болды. Мемлекет басшысы бірінші кезекте Үкіметтің қымбатшылықты ауыздықтай алмағанын баса айтты. 

– Инфляция да бір орында тұрған жоқ. Қазір бұл көрсеткіш 14,5 пайызға жетіп, 2015 жылғы деңгейден асып түсті. Қазір инфляцияның шарықтап кетуі ең күрделі мәселе болып отыр. Бағаның өсуіне азық-түлік инфляциясы әсер етті. Оның деңгейі 19,2 пайызға жетті. Жалпы, азық-түлік бірден 80 пайызға қымбаттады. Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралары тиімсіз болып шықты. Үкімет инфляцияны ескі әдіс-тәсілмен тоқтатқысы келеді. Оның өзінде бюджеттен қосымша қаражат бөліп, бағаны жасанды түрде ғана реттеп отыр. Яғни, қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күрес жүріп жатыр.  Ал, шын мәнінде, керісінше болуы керек. Үкімет бар жауапкершілікті өңірлерге артып қойды. Олар әкімшілік ресурсты пайдаланып, дүкендерді аралап жүр, басқа тәсілдер және жаңа идеялар жоқ. Мұндай жұмыс ешқашан тиімді болған емес. Бір сөзбен айтқанда, нарық заңдылығына сай келетін жаңа ұстаным жоқ,– деді Мемлекет басшысы алты айдың қорытындысы бойынша өткен Үкімет отырысында. 

Елдегі халықтың тұрмысы да мәз емес. Кей өңірлерде, соның ішінде Түркістан облысында, Шымкент қаласында жұрттың табысы орташа республикалық деңгейге жетпейді. 

– Биыл мамыр айында азаматтардың нақты табысының көрсеткіші минус 2,9 пайыз болды. Мұндай құлдырау көптен бері болған емес. Халықтың табысын арттыру бағдарламасы қабылданды. Бірақ, оның жұртқа тигізіп жатқан пайдасы шамалы. Ең алдымен, жергілікті жерлерде тиімді жұмыс жүргізілуі керек.  Әкімдер жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашуға тиіс. Менің білуімше, бұл бағытта нақты нәтиже жоқ. Тағы да ескертемін. Өңір басшыларының жұмысын бағалаған кезде осы көрсеткішке баса мән береміз. Жұмыс орындарын ашу жұрттың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді. Экономиканың тұрақты дамуы да осыған байланысты. Сондықтан Үкімет әкімдермен бірлесіп, бұл міндеттің қалай орындалып жатқанын талдауға тиіс,– деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің ана мен баланың денсаулығын сақтау, жол құрылысына қатысты жұмыстарына да сын айтты. 

– Жалпы, Үкіметтің жұмысына орташа деген баға беруге болады. Үкімет табандылық танытуға тырысуда. Бірақ, қазіргі кезеңде босаңсуға болмайды. Жұмыс қарқынын барынша күшейту қажет. Жаңа, тың әдіс-тәсілдерді қолдану керек. Үкімет жедел әрекет ететін оперативтік штаб қана емес, нақты реформаларды ұсынатын және жүргізетін басты мемлекеттік мекеме болуы керек. Экономистер, кәсіпкерлер көп. Шетінен білімді, дарынды. Бірақ, олардың нақты ұсыныстары аз, тіпті, жоқ деп айтуға болады. Күзге қарай, мүмкін, кадрлық шешімдер қабылдау керек болады. Ерекше дағдарыс жағдайында бұл өте қажет екені түсінікті,– деді Мемлекет басшысы. 

Яғни, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Әлихан  Смайыловтың жұмысына «3» деген баға берді деген сөз. Күзге қарай болатын  өзгерістер негізінен Үкіметте және облыс әкімдері арасында болатыны айтпаса да түсінікті. Смайылов үкіметі отставкіге кетуі де мүмкін. 

Әбдірахымовтың ықпалы... қателік пе, қылмыс па? Назарбаевтың келініне Шымкент соты шешім шығарды
«Қытаймен, Қырғызбен шекараны жапсақ жалаңбұт қалғандай екенбіз»: Оңғар Қабден
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу