Руслан Нұрбай, ақын: «Қазір бөлінгенді бәрі жейді»

09678b7c3d.jpg

Есей Жеңісұлы: Рәке, былтыр 40 жасқа толдыңыз. Осы уақытта мына сұраққа жауап таба алдыңыз ба: өлең сізге не үшін керек, сіз өлеңге қажетсіз бе?

Руслан Нұрбай: Қай кезден бастап өлең жаза бастағаным нақты есімде жоқ. Әйтеуір, он үш жасымда «Көктем» деген шағын тақпағым аудандық газетке шықты. Содан бастап жан серігіме айналған өлең маған өте қажет еді, қырыққа дейін еркелетті, еңіретті, есеңгіретті... содан әйтеуір ерте ержеттім, мен елді таныдым, ел мені алға талпындырды. «Қалам тартса, қазақтың бәрі де ақын...», өлеңге бәріміз де қажетпіз, әсіресе, Мұқаң айтқандай, қазақтай ақынжанды жұртқа тіпті керекпіз. Өлең керек, өлеңге біз керекпіз, тіл, рух, сана түзелмесе, жыр да жүрек талмасына ұшырайды. Қазір тақырып кең, тек жұртшылыққа жеткізе білгеніміз жөн. Ол – тапталған ізгіліктің іздеушісі, намыстың найзасы, ышқынған рухтың үні. Тереңнен тамыр тартқан ұлттық ұлағат қазақтың жырында жатыр.Мұны әдемілеп айта бергеннен әлеуметтің жартысынан көбі бізге күмәнмен қарайды. Міне сондықтан, соқтықпалы, соқпақсыз сол ескі сүрлеудің арам шөбін таптап өткен ізім қалса болғаны. Өлең – менің ішкі жандүниемдегі «амал дәптерім».

Есей Жеңісұлы: Мына заманда қаламгер кім? Оның заманауи портреті қандай?

Руслан Нұрбай: Жалпы өзіме «осы қаламгер боп қалыптастым ба екен?» деген күмәнді сауалды жиі қоямын. Менде негізі «журналист-тілші болсам» деген бағыт басым болды, алайда мен көрген сол кездегі аудандық-облыстық газеттердегі тілшілердің көбі ақындар болатын. Серік Ақсұңқарұлы, Кәрім Сауғабай, Базар Мамыр, кейінен аға буының соңынан Дәулет Ырысбайұлы, Қойлыбай Асан секілді серілер ілесті. Еліктеудің соңы еңбектенуге әкелді. Өліара кезеңдер еді ғой, бірақ сол ағаларымыз күйкі пенделікке күйіне қарайтын. Қазір де сол ұлттық идеологияны өрістету үшін қаламгерлер, яғни рухани реттеушілердің берері көп. Оларды бас пайда бағытынан аршып алуымыз қажет.

Есей Жеңісұлы: Астана мен Алматыдан жырақта жүрген ақынның өлеңі  жалғызсырамай ма? Жалпы, үлкен орта іздейсіз бе?

Руслан Нұрбай: Екі шаһардың бірін – рухани астана,  бірін ресми астана деп жүрміз ғой. Өлеңнің де тал бесігі – туған жер, содан Отан, Ұлт, оған деген ізгілік пен игілік қалыптасады. Қарағандыдағы қалам ұстаған жастардың шоғыры, олардың шығармашылығы еліміздегі басқа қалалардан кем емес. Әрине, бұл бедел жолындағы бәсекелестік емес, береке жолындағы жастар белсенділігі десе болады. Бәсекелестіктен – қызғаныш, белсенділіктен қызығушылық туады. Араласпасаң, алыстай бересің, ізденбесең, ізім-ғайым жоғаласың. Жалғызсырамаймын, жаңа өлеңнің бірін ғаламторға салсаң, санаулы минуттардан соң телефоныңнан сабыр кетеді. Айналайын ақынжанды оқырман аңдып отыр. Осы жауапкершілікті түсінген жөн.

Есей Жеңісұлы: Екі түрлі қоғамда өмір сүрдік, өмір сүріп келеміз. Қоғамның адамды өбектегені дұрыс па, адамның қоғамды билегені жөн бе?

Руслан Нұрбай: Қоғам өз қарекетін адам тіршілігімен өлшейді. Кеңестік кезеңдерде «үкімет өлтірмейді» деген үмітіміз бар-тын. Қазір күніңді өзің көр, алайда үнің тәуелсіз елдің таңына тәуелді. Қоғам – қазан, қайнайды, піседі, қаймақтары шығады. Қоғамның қажетті адамды өбектегенінен гөрі, қадірлегені дұрыс. Оны орта шығарады, Орда мойындайды. Адам қоғамға ықпалын жасайды, ынтымағын асырады, ырысын байытады. Тек таңдауымыз теріс кетпесе болды.

Есей Жеңісұлы: Қазақты мақтаймыз, қазақты барлық халықтан биік қоямыз. Дегенмен қалай ойлайсыз, ХХІ ғасырға қазақ лайық па? Бұл ғасырда біздің ұлт қалай жаңаруға тиіс?

Руслан Нұрбай: Бөлінгенді бөрі жейді... Қазір бөлінгенді бәрі жейді. Бөлінгеннің көкесі бізде ғой – үш жүз, қырық ру, жеті ата... Енді, міне, ХХI ғасырдың басы біз үшін жаман басталған жоқ. Тәуелсіздігіміз бар, жеріміз жетеді, жер ресурстары да баршылық, ұлттық дүниетанымды арқалауға рухани денсаулығымыз жетпей тұр. Көршілерімізбен қырғи-қабақ болмай, Алты Алаш ұранымен ағайын халықтармен байланысты арттырып, жалпы түркілік туыстықты көтеруіміз керек. Ұлттық мектеп, мекемелер осы тұрғыдан реттелсе. Түркі тектестердің туы біздің елде желбіреп, ұлттық игілігімізді ұлықтай білсек, бізді ешкім жей алмайды.

Есей Жеңісұлы: Өмір күткеніңіздей болды ма? Әке мен анадан алған өнегені балаларыңызға жалғастыра алдыңыз ба? Адам тәрбиелеу қалай екен? Оқырман тәрбиелеу ше?

Руслан Нұрбай: Өмір мен ойлағандай болған жоқ. Алысқа сапар шегетін жүк көлігінің жүргізушісі болсам деп ем... Әке-шешем қарапайым адамдар болды. Әкем механизатор, кейінен тау-кен өндірісінде істеді, анам үй шаруасында болды. Нағашы атам соғыстан жазған хаттарын өлеңдетіп жіберген екен. Солардан қалған сарқыншақ па екен, сабылып жүрміз. Әзірге екі ұлым бар, үлкені мүшелден жаңа асты, «дәрігер болам» дейді. Кішісі үшінші сыныпта оқиды, мен сияқты «анау болам, мынау болам» деп жүр, өмір өзі көрсетеді. Адам тәрбиелеу деген үлгі бола білу ғой, ішкі ниет түзу болмайынша, береке де, мереке де есігіңнен сығалай қоймайды. Адал боп тудың екен, адам боп жүр, абыройлы боп өлу керек.

Есей Жеңісұлы: Алдыңыздағылардың шаңын көрдіңіз бе, арттағылардың дүбірін естідіңіз бе?

Руслан Нұрбай: Біздің алдымыз қою қара шаң еді ғой... Таңдамай оқып, талғамай жұтып өстік қой. Қырықтан асқан соң сол жолдар анықтала бастады. Көкірегімізге ой салған, көкейімізге арман бітірген алдыңғы толқынға өкпем жоқ. Қандай жағдайда болса да, мүмкіндіктерді пайымды пайдалана білген қаламгерлер қауымына қарыздармыз. Артыма қарасам, «ерте туып қалдым ба?» деген ой мазалайды, ол қызығушылық еді, әрине. Қарағандыда 1985-86-87 жылдары туған тәрбиелі де тентек, еркін де еңбекқор жастар бар. Олардың байланыстарына қарасаң, осындай тегеурінді жас шайырлар мен шығармашылық ортаның оғландары барлық елімізде бар екен. Бұл дегеніміз – үлкен үміттің шырағы.

Есей Жеңісұлы: Не жазып жүрсіз?

Руслан Нұрбай: Біраз жыл болды, «Күресінге өскен гүл» атты бір дүние бастағам, өлеңдер жинағы емес, эпистолярлық-эссе, түсінік-танымымды хат түрінде баяндамақпын. Мамандығыма байланысты журналистік зерттеу десе де болады. Бір-екі айда еңсеріп тастасам, келер жылы оқырмандарым көзайым болар. Келешек жоспарларымен керемет, жаңа жобалары мен жолашары да жетеді. Ал біз артымызға қарайлап, алдымыздан абайлап келеміз...

Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы, 

Мұрағаттан, 2015 ж


ӘРІП ПЕН ҰҒЫМ

Көз алдымда зымырайды елік-күн,

Елік-күнге мен қалайша еріппін?!

ЖАН деген бір үш әріп кеп ғайыптан,

ӨМІР деген төрт әріпке еніппін.


Содан бері бұлдырайды сағым-күн,

Сағым күнде сабылумен жаным жүр.

АНА деген үш әріпке жаутаңдап,

БАЛА деген төрт әріпті жамылдым.


Сол атауды өтіп жатқан жеңді күн,

Жеңді күнім, менің атым енді кім?!

ӘКЕ деген үш әріптен таныдым,

ДАЛА деген төрт әріптің кендігін.


Жайсаң жанға шапағатын құйсын күн!

Құйсын күнім, махаббаттан күйсін мұң.

АРУ деген үш әріпті армандап,

СҰЛУ деген төрт әріпке сүйсіндім.


Ақ пен қара жолдарымның жолағы,

Жолағы да уақыттың қонағы.

ДОС деген сол үш-ақ әріп кей кезде,

ТУЫС деген төрт әріптен жоғары.


Тас төбемде жарқ еткенде жасын күн,

Жасын күнде жасағандай жасым мың.

ЖЫР деген сол үш әріпке ғашық боп,

АҚЫН деген төрт әріпке бас идім.


Тістенумен кейде көзге жас алып,

Жас алумен кете алмассың жасарып.

ЖЕР деген бір үш әріпте жүрміз-ау,

ӨЛЕҢ деген төрт әріптен өш алып.


Ғажап шақтың өтеріне ой салмай,

Ой сала алмай, тентектіктен тайсалмай.

АҒА деген үш әріпке жетіппіз,

АҚЫЛ деген төрт әріпті айта алмай…

Руслан Нұрбай

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Ақан Ақшораев, асаба: «Оңтүстік жұрты тойдан шаршады»
  • Серік Таласов, режиссер: «Кино – жеке бизнеске айналып кетті»
  • Әйгерім Жұмағұлова, «Отырар» медиахолдингінің директоры: «Журналистің көзінде от болу керек»
  • Айдар Құспанов, виоленчельші: «Виоленчель - адамдармен «сөйлеседі»
  • Дінмұхамед Ыдырысов: «Биліктегілерді бизнесіме араластырмаймын»
  • Ақпарат

    • Oinet.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16379-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер

  • Яндекс.Метрика