Меруерт Сүлейменова, журналист: «Төрттік баға үшін журналды жырттым»

Oinet.kz 06-06-2019 1040

6cc10595c49c6a27ae1392d7bd36d950.png

...Бақыт деген сенің бала күндерің,

Бақытсыз- ақ бақытты боп жүргенің.

Бақытын да, басқасын да білмеуің,

Бақытсыз-ақ ойнағаның, күлгенің...

      Ақын осылайша жырлағандай, балалық шағым әже, ата-ана, туыс- бауырларымның ортасында еш алаңсыз өтті. Қазақтың көрнекті ақыны Кенен ата Әзірбаев туып өскен киелі топырақта мен де туып, сол топырақта өстім.

Менің өмірде ұғынғаным адам баласының ең бақытты, ең керемет  шағы- осы  баға жетпес балалық шағы екен.

           Адамның бала кезеңінде үлкен рөл атқаратын жылдар ол мектеп қабырғасында өткен уақыттары. Мен оқуда озат,  мектептің қоғамдық өмірінде белсенді оқушы болдым. Ес білгелі  кез келген іс-шараның  басында болғанды жақсы көретінмін, тіпті бірінші, екінші сыныпта оқып жүрген кездің өзінде -ақ сабақты, үй жұмысын, тақпақты ең алғашқы болып айтқанды ұнататынмын. Ең қызығы ұстазымыз менен екінші, үшінші кезекте сабақ сұраса, білгенімді, білмеймін деп айтпай қоятын сәл қырсықтау мінезім тағы бар еді. Әрине, уақыт өте келе бұл мінездің дұрыс емес екенін ұғынып, өзгеруге тырыстым. Мектеп дегенде ең алдымен  еске түсетіні, мен үшін ең ұмытылмас  тарихи сәт, 1983 жылы  мектеп табалдырығын аттаған жылы, алғашқы қоңырауда сөз сөйлегенім есімнен еш кеткен емес. Тіпті сөйлеген сөзімнің өзі санамда мәңгілікке сақталып қалғандай. Сол күннен бастап көшбасшы оқушы болдым. Тоғызыншы, әлде оныншы сыныпта оқып жүрген кезде география пәнінен төрттік деген баға алып, мұндай қиянатқа төзбеген мен сынып журналындағы төрттікті өшіремін деп, журналдың бетін тесіп тастағаным есімде. «Мұғалім бұны кім жасады?» деп бір-бірлеп орнымыздан тұрғызып сұрады. Мен екенімді білсе де, бірде бір оқушы білмеймін деп жауып берген сәт есімде. Сол үшін сыныбымызбен жиналысқа түсіп, бір, екі күн сабаққа кірмей, мектеп ауласында отырғанбыз. Ең жақсы көретін пәнім қазақ әдебиеті еді. Бұл  пәннен жаттауларды айтқанды жаным сүйетін. Еш мүдірместен, кітап беттеріне қарамастан, өлең, поэмаларды мәнерлеп жатқа айтатын сәттерім де жанымда өшпеспей сақталып қалған екен. Қазір ойлап қарасам қызық әрі күлкілі екен. Әр заманның балалары әр түрлі болады ғой. Біздің замандастарымыздың сол кездегі ұраны «біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін» еді. 

           Расын айтсам,  менің бала санамда ең қымбат нәрсе деген ұғым үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, достыққа адалдық секілді адами қасиеттер болды.  Ертеңгілік мектепке бара жатып, жолымда кездескен жанның барлығымен амандасуды парыз деп санайтынмын. Сол бала кезден қалыптасқан әдет әлі бар.  Мен ойын баласы болған емеспін, алайда, көшеде, аулада қыздар секіртпемен секіріп, соқыр теке, асық тас деген ойындарды ойнап жататын. Көрші қызбен аз уақыт ойын  ойнап, қалған уақытта үй шаруасын жасап, болмаса, үйдің түпкі бөлмесінде жатып алып, кітап оқығанды ұнаттым. Бала күнгі арманым- тележүргізуші болу еді. Ал адами арманға  қатысты айтар болсам,  кез келген бойжеткен қыз бала секілді, бақытты, бақуатты отбасым болса, сүйікті жар, иманды ұл- қызым болса, ақылды келін, бір әулет, бір елдің арқа сүйер беделді адамы болсам деп армандадым. Жалпы арман деген ұғым еш ескірмейтін, қартаймайтын, жоғалмайтын мәңгі жас ұғым. Әлі күнге арманшылмын және де армандар орындалады дегенге  шексіз сенемін!

        Балалық шаққа қайта оралуға мүмкіндік жоқ екенін білемін. Алайда, ғайыптан сол шаққа оралар болсақ, мен  ештеңені өзгертпес едім. Барша әулетке беделді, күллі ауылға ардақты, ақылды  Жәмен Сағатбекқызы әжемнің оң тізесін баса отырып тыңдаған өнегелі әңгімелері мен тарихтан сыр шертетін толғауларды тыңдаған сәттерімді еш асылға  айырбастамас едім.  Аяғың шығып, апыл тапыл қадам жасаған кезден бастап, әжеңнің етегіне оралып жүретін есті қыз едің деп ауылдағы жеңгелерім көрген сайын айтып отырады. Менің сәби кезімде әжеммен құрдас сол кездегі сүйегі асыл (Үлкен апа, Сары апа, Бүбі апа және т.б) апаларды сағынамын, олардың әңгімелерін, әзілдерін, әндерін, ақ кимешектерін еске алсам, сол бір балалық шақтан қазіргі есейген шаққа оралмас едім.

           «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген қағиданы қатаң ұстанып  өсірген асыл әжеме, ардақты ата-анама алғысымды білдіремін. Ендігі өзім Ана атанған шақта, Алладан  қызымның иманды, саналы, тәрбиелі адам болып өсуін тілеймін. Бірінші кезекте тәрбие, сосын білім.  Ұрпағымыздың білімімен қатар тәрбиесіне үлкен мән беруіміз қажет. Тәрбиесіз берілген білімнің негізі жоқ. Егерде біз тәрбиені ақсатып алар болсақ, келешекте ұлттығымызды жоямыз. Тәрбие тал бесіктен басталады, ұлттық тәрбиеге үлкен мән беруіміз қажет. Тамыры сонау балалық шақтан бастау алатын әже әңгімесін, өсиетін тыңдап өскен  біздің де келер ұрпаққа айтар өнегелі әңгімеміз таусылмасын. 

Дайындаған Айнұр Оңғарбай, 

Мұрағаттан, 2015 ж 

Нұртас Исабаев, ақын: «Адам болып несіне ғұмыр кешем, өмірімде бір ерлік жасамасам?»
Нұран Айымбетов, дизайнер: «Бұрын суретші едім, қазір ғарышкердің ағасымын»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу