Нұркен Бегулиев: «Кәсіпкерлер индустриалды аймақтар бар-жоғын да білмейді»

Oinet.kz 14-12-2017 715

Screenshot_26.jpg

Естеріңізде болса, облыс әкімі Жансейіт Түймебаев биыл Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңірде ашылған кейбір индустриялды нысандар неліктен тоқтап қалғандығы туралы сұраққа:  

– Индустриялды аймақтар бойынша елімізде айрықша назар аударылып отырғанын білесіздер. Өңірде аталған аймақтарды құру кезінде шынымен де біршама кемшіліктерге жол берілді, оның ішінде электр энергиясымен қамтамасыз етуге қатысты болды. Бүгінде бұл кемшіліктерді жойып жатырмыз. Осы орайда  бұл тақырыпқа қызығушылық танытқан барлық журналистерді өңірге шақырамын. Сіздер өз кезектеріңізде жобалар бойынша егжей-тегжейлі таныса алар едіңіздер, - деп жауап берген болатын. Сонымен қатар, ол Бадамда Карлскрона, Казкиоти бойынша кемшіліктер орын алғанын, қазіргі таңда бұл нысандар жұмыс істеп тұрғанын айтқан еді. Шыны керек, бұл жайт облыс атына кір келтірді. Түрлі себептерге байланысты тоқтап тұрған индустрилды аймақтар үшін жауап беруге мәжбүр болған Жансейіт Қансейітұлы Астанадағы баспасөз мәслихатынан соң, Шымкенттегі индстриалды аймақты аралап, жауапты мамандарға қатаң тапсырмалар берген болатын.  

    Бүгінде өңіріміздегі индустриалды аймақтарда тыныс-тіршілік қалай? Сол кезден бері қандай өзгеріс орын алды? Өткен аптада «Оңтүстік» индустриалды аймақтарды басқарушы компания басшысы Нұркен Бегулиев өңірлік коммуникациялар қызметіне аймақтағы журналистерді жинап,  осы сұрақтарға жауап берді.  

–Биыл 8 компания іске қосылды. Енді 600 жаңа жұмыс орны ашылады. Қазір құжаттары дайындалуда, - деп сөзін бастаған компания басшысы түстікте неше индустриалды аймақ барына тоқтала кетті.

Бізде жалпы 11 индустриалды аймақ бар. Оның 9-ы аудандарда орналасқан. Бірақ, жұмыс атқарып жатқандар көп емес. Біздің  жаңадан басталған стратегиямызға сәйкес, индустриалды аймақтарда екінші этаптағы  модернизация жұмыстары жүргізіліп, бәріне ыңғайлы жағдай жасалып жатыр. Сонымен қатар, әр ауданға шығып, кәсіпкерлерді жинап, оларға таныстыру жұмыстары жүргізілуде. Себебі, кәсіпкерлердің көпшілігі  индустриалды аймақтар бар-жоғын да  біле бермейді, - деді ол. 

Оның сөзіне сүйенсек көптеген кәсіпкерлер индустриалды аймақтарда өз жұмыстарын жүргізуге жүректері дауалай бермейтін көрінеді. Сондықтан да, өңірдегі кей индустриалды аймақтар өз деңгейінде жұмыс істей алмай тұрған секілді. Әйтсе де, индустриалды аймақтарда ешқандай да қорқынышты нәрсе жоқ екенін айтып, компания өкілдері олармен бірлесе жұмыс істеуге ұмтылуда. Әрине, индустриалды аймақтарды жергілікті кәсіпкерлер өз есебінен жүргізіп кете алмайды. Әкімдік тарапынан көрсетілген қолдау да жетпейді. Ең маңыздысы – инвестиция. Компания басшысының айтуынша, олар облыс әкімінің бастамасымен шет елдерден инвестиция тарту жұмыстарымен қызу айналысуда. Әрбір инвесторға индустриалды аймақ жөнінде мәліметтерді 4 тілде (қазақ, орыс, ағылшын, түрік) ұсынып жатқандарын айтты. 

Ал, енді қай қала, қай аудандарда индустриалды аймаққа қатысты жұмыс қызу жүргізілуде? Компания басшысы Шымкент, одан кейін Қазығұрт, Түркістан әкімдіктері инвестиция тартуда нәтижелі жұмыстар атқарып жатқанын айтты. Және Кентау мен Мақтарал да көшке ілесіп келе жатқанын хабарлады.

– Қазіргі таңда Отырарда индустрияды аймақ іске қосылғалы жатыр. Сонда 12 индустриялды аймақ болмақ. 9 индустриалды аймақ эксплуатацияны енгізу жөніндегі акт алды. Ал, Сарыағаш, Сайрам, Төлеби, Арыста мұндай аймақтар әлі күнге дейін ашылмауы бюджетке байланысты, - дейді  Нұркен Бегулиев. 

Шымкенттегі «Оңтүстік» индустриалды аймағы елімізде өзін-өзі ақтаған ең алғашқы аймақ саналады екен. Және Түркияның индустриалды-өнеркәсіптік аймақтарындағы тәжірибесіне сүйене отырып облысты шағын бизнесті дамыту үшін Brownfield жобасы құрылыпты. Бұл жоба бойынша индустриалдық паркі дайын үй-жайларды өндіріс үшін жеңілдетілген жалдау ақысымен ұсынады. Қазіргі таңда «Оңтүстікте» аталған парк құрылысы басталды. Жоба құны – 150 млн. теңгені құрайды. 

Әрине, баспасөз мәслхитында көптеген цифрлар айтылды. Яғни, индустриалды аймақтар күннен-күнге өркендеп, алдағы уақытта талай шыңды бағындырмақ ниетте. Әрине, лайым солай болсын. Десе де, Астанада облыс әкімін ұятқа қалдырған «Казкиоти» трактор құрастыратын кәсіпорны кезінде индустриалды аймақта дүбірлеп ашылған еді. Сонда шенеуіктер «жылына түген трактор шығаратын болады» деп алаулатып, жалаулатқан.  Казкиоти шындығында трактор құрастырды ма, ол жағына тереңірек үңілмей-ақ қоялық. Бұл жалғыз Казкиотиға байланысты емес. Біздің тілек – өңірдегі индустриалды аймақтар көзбояушылықтарға жол бермесе... Расында бірнеше мың адамға арнап жаңа жұмыс орнын ашып, сыртқа өнім шығарса, облыс үшін одан артық қандай қуаныш бар?!.  

Жұмыссыз жүрген жастар көп пе, әлде аз ба?
Арал теңізін құтқару қолдан келетін дүниеге ұқсамайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу