Шымкент қаласының өзінде үш ауысыммен оқитын 13 мектеп бар

Oinet.kz 07-08-2009 839

Screenshot_1.jpg

Премьер-министр Кәрім Мәсімов төрағалық еткен Астанадағы алқалы жиында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі  Асқар Мырзахметов өзі тізгінін ұстаған өлкенің алдағы үш жылға арналған  әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын және бүгінде бірінші кезекте атқарылуы тиіс тірліктерді жан-жақты баяндап, күн тәртібіне қойылған өзекті мәселелер Үкімет мүшелері тарапынан қолдау тапқанына байланысты «Рейтинг» газетінде көлемді мақала жазғанбыз. Астана мен оңтүстіктің арасын сабақтастырып, көтерілген мәселелерді көпшілікке кеңінен насихаттау мақсатында бұған дейін ауылшаруашылық саласына тоқталсақ бұл жолы білім саласынын сараптаудың кезегі келді. 


Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев: 

Үш ауысымдағы мектептердің 60 пайызы осы өңірде

Қазіргі таңда облыста балабақшамен қамтамасыз ету жағдайы 13,8 пайыз ғана. Ал республикадағы көрсеткіш – 35 пайыз шамасында. Бұл төтенше жағдай. Аймақ демографиялық өсім жағынан алда тұр. Сондықтан да мектеп салу мәселесін алдағы 10-15 жылға орайластырып жоспарлау керек сияқты. Сондай-ақ, еліміз бойынша қам кірпіштен салынған мектептердің 90 пайызы Оңтүстік Қазақстанның үлесінде. Оның зардабын кешегі тасқын су кезінде көзіміз көрді. Үш ауысымда оқитын мектептердің 60 пайызы осы өңірде. Әрине, бұл мәселелерді шешу үшін қаржы керек. Алайда, бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуына бақылау жасалынуы тиіс. 


Асқар Мырзахметов, облыс әкімі:

Жыл сайын кем дегенде 40 мектептің қосымша құрылысын бастау керек

Соңғы бес жылдың көлеміндегі балалардың туу өсімін ескерсек, оқушы орнының тапшылығы 58 мың бірлікті құрайды екен. Проблеманы шешу үшін жыл сайын кем дегенде 40 мектептің қосымша құрылысын бастау керек. Бұл үшін 2010 жылға 20,6 миллиард теңге қажет. 

Мектепке дейінгі мекемелерде 180 мың орын тапшы. Яғни, республикалық бюджеттің есебінен жылына 20 балабақшаның құрылысын салу қажет. Ол үшін 2010 жылға 7,4 миллиард теңге керек.  


Балхия Көмекбаева, Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының бастығы: 

Балабақшамен қамту 12 пайыз ғана

Облыста 25 мыңнан астам баланы қамтитын мемлекеттік және жекеменшік  191 мектепке дейінгі мекемелер жұмыс істейді. Типтік емес ғимараттарды бейімдеу, жекеменшік мекемелерді ашу және бұрынғы ғимараттарды қайта қалпына келтіру есебінен биыл 10 балабақша іске қосылды. Оның ішінде жергілікті бюджеттен бұрынғы ғимараттарды қайта қалпына келтіру есебінен мектепке дейінгі бес  мекеме  ашылды. Атап айтсақ, Түлкібас ауданындағы Жаскешу, Шақпақбаба және  Састөбе ауылдарында, Сарыағаш ауданындағы Құркелес, Жемісті елді мекендерінде жаңа балабақшалар іске қосылды. Қалған бесеуінің  ашылуына  жеке кәсіпкерлер атсалысты. 

Бұдан бөлек Бәйдібек ауданы Шаян ауылындағы жұмыс жасап тұрған «Жас қанат» балабақшасы республикалық бюджеттен жаңадан салынған  «Шапағат» балабақшасына көшіріліп, осының арқасында бала саны 50-ге артты. 

Үстіміздегі жылдың соңына дейін республикалық бюджеттен Шымкент қаласы «Нұрсәт» мөлтекауданында 280 орындық және Отырар ауданы Шәуілдір ауылында 280 орындық балабақшалар іске қосылады деп күтілуде. Ал ескі ғимараттарды қайта қалпына келтіру жолымен Отырар ауданы Маяқұм ауылы, Бәйдібек ауданы Боралдай ауылы, Мақтаарал ауданы Жылы су, Қазыбек би ауылдары және Созақ ауданының Қарағұр, Жуантөбе ауылдарында  барлығы алты балабақша пайдалануға берілуі тиіс. Жеке кәсіпкер тарапынан Шымкент қаласында 50 орындық бір балабақша жуық арада бүлдіршіндерді қуанышқа бөлейді деп күтілуде. 

Оңтүстіктегі халық өсімі жылдан жылға көбеюіне байланысты балаларды балабақшамен қамту ісі төмен деңгейде қалып отыр.  Облыста мектепке дейінгі ұйымдарға балаларды қамту көрсеткіші 13,8 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда бар-жоғы 0,3 пайызға ғана артқан. Бір жыл ішінде  7 жасқа дейінгі балалар саны 36 мыңға көбейген. Балабақша жасындағы бала саны 210 мыңның шамасында, оның ішінде балабақшамен қамтылғаны 25 мың ғана, яғни 12 пайыз. Осы мәліметтерді саралайтын болсақ, облыстағы бүлдіршіндерді  толық қамту үшін 279 балабақша қажет.

Соңғы төрт жылда  бұрындары  жекешеленіп, сатылып кеткен балабақшалардың 45-і қайта қалпына келтіріліп, мемлекет меншігіне қайтарылды. Мектепке дейінгі білім ұйымдарының дамуы мен бүлдіршіндерді  балабақшамен толық қамту үшін жаңа құрылыстар салу,  ескі ғимараттарды қайта қалпына келтіру, толық немесе жарты күн болатын шағын орталықтар, үй, мектеп жанындағы шағын тәрбие орталықтарын, жеке меншік балабақшаларын ашуға қолдау көрсетіп, республикалық бюджеттен қаржы бөлінгенде ғана шешімін таппақ. 

Шымкент қаласының өзінде үш ауысыммен оқитын 13 мектеп бар

Бүгінгі таңда үш ауысымда оқитын мектептер санын азайту мақсатында «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша облыста 7 мектеп, ал республикалық бюджеттен 1, облыстық бюджеттен 1 мектеп, 3 қосымша құрылыс жүргізілуде. Облыстағы 1013 білім ұясының  үштен бір бөлігі қам кірпіштен  салынған.  214 мектепке  жаңа ғимарат салу қажет. Бұл мәселені толыққанды шешу үшін ел Үкіметіне облыс әкімі А.Мырзахметовтың атынан ұсыныс хат берілді. Алдағы уақытта өз шешімін табар деп ойлаймыз. 

Шымкент қаласындағы 83 мектептің 13-і үш ауысымда оқыса, 18 мектепте спортзал жоқ. Он мектепке спортзал салу алдағы жылдарға жоспарланса, қалған сегіз мекемеге  спортзал салатын жер телімі жоқ. Осы мәселе күрделі күйінде қалып отыр. 

Қазіргі таңда жыл сайынғы бала өсіміне байланысты апаттық және ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан мектептерді талапқа сай білім ошағына айналдыру үшін 299 мектеп құрылысын салуды қажет етеді. 

Шадияр Молдабек,

«Заң», «Қазақстан-Заман» газеттерінің меншікті тілшісі

Жеңілмейтін жауынгерлер деген кім?
Шымкентте Алдар көсеге ескерткіш қоймақ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу