Әкімдердің рейтингісі тапсырыспен түзіле ме?

Oinet.kz 16-02-2012 1395

  49101_big.jpg

Оңтүстікте аудан, қала әкімдіктерінің рейтингісін жасау облыс әкімдігіндегі ықпалды топтардың тапсырысымен жасалады ма? Рейтинг кейбір топтарға ұнамай жүрген әкімдерді мұқатудың құралына айналған ба? Аудан, қала әкімдіктерінің 2012 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша түзілген рейтингісіне қарап отырып, осындай ойға қалдық. Таратыңқырап айтайық.

Жалпы, Президенттің пәрменімен жасалып жүрген рейтингті Президент әкімшілігі жанындағы арнайы комиссия сараптайды. Барлық мәліметтер Статистика агенттігінен алынады. Сонымен бірге облыс әкімдігі де өз алдына рейтинг түзіп, тоқсан сайын үздіктерді анықтап отыратыны белгілі. Алайда екі рейтингтің арасындағы айырмашылықтың жер мен көктей екенін біз өткен жылғы нөмірлерімізде жан-жақты жазғанбыз.  Ал бұл жолы қалай болды?

Елорданың жасаған рейтингісі әзірге қолымызға түсе қойған жоқ. Ал облыс әкімдігінің рейтингісінде бестік баға алған әкімдер кімдер? Екілік алып, көштің соңында салпақтағандар кімдер?  Соныменен...

Бұл жолы бас жүлде Шардара ауданына бұйырды. Көрсеткіштерге қарағанда, әкім Марғұлан Марайым өнеркәсіпті дамытуда ең жоғары балл алып, үздік шықты. Қайбір жолы әкімдікке бизнестен келсе де, аудандағы кәсіпкерлік жобаларды жүзеге асыра алмай жүрген Марғұлан Марайым облыс әкімдігінде, баспасөзде жиі сынға ілігетін. Тіпті былтыр берген есебінде облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың Шардара ауданының рейтингте 14 орынға құлдырағаны,  жауапкершілігінің төмендігі үшін оған реніш білдіргенін де естіп едік. Тіпті сол жолы М.Марайымды жылы орнынан кетіріп қойғандар да табылған. Шардара қадау-қадау жобалар жасалынғанымен, біткен тірліктің жоқытығын біздің газетіміз де жазған. Қай уақытта да барды бар, жоқты жоқ деп, әр нәрсені өз атымен атағанға не жетсін. Бұл жолы Шардараның бірінші орыннан көрінгеніне, Марғұлан Марайымның рейтингісі бас бармақпен бағалайтын әкімдердің санатына қосылғанына құтты болсыннан басқа айтарымыз жоқ.      

Жеңімпаздардың тұғырында екінші тұрған Қазығұрт ауданы. Әкім Тұманбек Әлиевтің іскерлігі бұған дейінгі рейтингтерде де талас тудырмаған болатын. Бұл жолы Қазығұрт халықты жұмыспен қамтуда, елді мекендерде спорт алаңдарын жөндеу, қалпына келтіру және көгалдандыру көрсеткіштері бойынша жоғары балл алыпты. Үшінші орын да, қашанда үздіктердің қатарынан түсіп көрмеген Әуелхан Тұрғымбеков басшылық ететін Төлеби ауданына бұйырды. Бұдан кейінгі орындарды Түлкібас ауданы, Түркістан қаласы, Мақтарал, Ордабасы, Бәйдібек аудандары, Арыс қаласы және  Отырар ауданы еншіледі. Аталған аудан-қалалардың кейбір көрсеткіштер бойынша жақсы нәтиже көрсеткенімен, олқы түскен жерлері де жоқ емес. Бұлардың ішінде 4-5 орындардан көрініп, тоқсан сайын биіктеп келе жатқан Түлкібас ауданы мен Түркістан қаласының жақсы жетістіктерін атап өткен жөн.

Бұған дейінгі рейтингтерде топ басында жүретін Созақ ауданы соңғы тоқсандарда төмен сырғып барады. Бұл жолы ол 11 орында. Аудан тізгінін қолға алғанына екі жыл толатын  Берік Мейірбеков әу баста жұмысына бар ынта-шынтасымен кіріскенін байқап едік. Алайда өзге аудандармен салыстырғанда бюджеті қомақты, ауыл шаруашылығын да, өнеркәсіпті де өркендетуге мүмкіндігі мол Созақта әзірге серпін болмай тұр. Былтыр Президент әкімшілігінің түзген рейтингісінде бірінші орыннан көрінген Сарыағаш ауданы, облыс әкімдігінің көрсеткішінде тағы да төменгі орыннан (12) табылды. Әкім болып былтыр тағайындалған Жаппар Әлсейітовтың атқарған тірлігін Астананың жоғары бағалап, жергілікті атқарушы биліктің көзге ілмеуінде не сыр бар?

Қай уақытта да топтың басында жүретін Сайрам ауданы бұл жолы 14 орынға күрт түсіп кетті. Қолдағы мәліметтерге қарағанда, Сайрам бюджет көрсеткіші жөнінен төмен балл алыпты. Қайнаған тірліктің ортасында жүретін, әкімдердің арасында тәжірибесі мол Уәлихан Қайназаров іскерлігін жоғалтып алды ма, жоқ әлде бұл жерде сіз бен біз білмейтін гәп бар ма? Ал соңғы үштіктегі 13 орын Кентау қаласына, 15 орын Шымкент қаласының еншісіне тиді. Нұржігіт Қалмұрзаев пен Арман Жетпісбаевтың командасы әдеттегідей, бәз-баяғы деңгейінен ауқытқыған жоқ.         

 

Сіз не дейсіз?

Марғұлан Марайым, Шардара ауданының әкімі:

«Жобалар жемісін беріп жатыр»

   -- Экономиканың даму көрсеткіштері жақсы болғандықтан рейтингте жоғары көтерілдік. Негізгі жетістігіміз - өндіріс пен ауыл шаруашылығының өрлеуі.  Инфрақұрылымды дамыту ісінде де табысымыз мол. Ауданды газдандыру  ісі де  басталды, үлкен автожол көпірі пайдалануға берілді. Бұл жобалар үш-төрт жылға есептелген еді, солар нәтижесі енді көрініп жатыр. Бюджеттің өзіндік кірісі алдыңғы жылдарда 8 пайыздан аспайтын. Ал кейінгі кезеңде бұл көрсеткіш 5,5 есе өсті. Кірістің деңгейін  240 милион теңгеден 1 миллиард 314 миллион теңгеге жеткіздік. Бұл аудандық бюджеттің шамамен 17 пайызын құрайды. Шикізат  бағасының өсуі ауыл шаруашылығына көп пайдасын тигіді.  Естеріңізде болса, осыдан екі-үш жыл бұрын мақта жерде қалып кетуші еді. Қазір оның бағасы өсіп жатыр, соның есебінен табыс та көбейді. Еттің де бағасы көтерілді. Рейтингтегі өрлеуімізге осындай макроэкономикалық факторлардың әсері жоқ емес.

 

Уәлихан Қайназаров, Сайрам ауданының әкімі:

«Бұл нағыз «заказ».

-- Турасын айтайын,  бұл рейтинг тапсырыспен әзірленген, нағыз «заказ». Тізімді түзу барысында субъективті көзқарасқа жол берілген. Айталық, бюджетке қатысты көрсеткіш бойынша бізді ең соңғы орынға қойыпты. Шын мәнінде бюджетті ең жоғары деңгейге көтерген бірден-бір аудан -- Сайрам. Ауыл шаруашылығы саласында да солай. Оңтүстікте ауыл шаруашылығы тауарларын негізгі өндірушілердің бірі де Сайрам ауданы. Соған қарамастан рейтингте бізге  ең соңғы орын бұйырыпты.  Өнеркәсіптің өсу қарқыны жоғары, шағын және орта бизнесін өркендей  түсуде, салық түсімі едәуір артты, өз есебімізден спорт кешендері мен мектеп салып жатырмыз. Ал түптің түбінде ең нашар аудан болып шықтық. Шынымды айтсам, осыны түсіне алмай отырмын. Бұл мәселені жылдық есеп беру жиынында көтергім келді, бізді соңғы орынға қойған позициялар бойынша дайындалдық. Бірақ есебімізді  тоқтатып қойды. Бәлкім, мені жақтырмайтындар бар шығар, жақтырмай-ақ қойсын. Бірақ бүкіл бір  аудан халқының, тұрғындарының еңбегін ескеріп, сыйлау  керек қой.

 P.S. Рейтингтің қалай әзірленетінін  әкімдердің өзі түсінбей жатса, қарапайым халыққа не жорық?  «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса да» дегендей, рейтинг түзушілер бұра тартты ма? Жалпы, күдік-күмән аралас рейтинг кімге опа береді? Рейтингте топ бастаған әкімдердің марапатталып, ал көштің соңында салпақтағандардың қызметін тапсырып, креслосымен қош айтысып жатқанын да көргеніміз жоқ.  Бұдан кейін әкімдердің рейтингісін түзіп, әлек болудың қаншалықты қажеті бар дегенді қайталамаса амаламыз қанша?  

 

"Рейтинг" газеті №7, 16 ақпан 2012 жыл


Жұлдыздардың әлеуметтік желідегі белсенділігі қандай?
Премьер-министр Түркістандағы құрылыс жұмыстарымен танысты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу