Әкімді қалай әділ тағайындауға болады?

Oinet.kz 05-08-2010 872

Screenshot_1.jpg

Халық сенім артып сайлаған мәслихат депутаттарымен келіспей, кеңеспей атқарушы биліктегілер артық қадам жасай алмайтыны заң жүзінде қаралған. Елдің қамы үшін еңсесін тік ұстап пікірін еркін білдіруі тиіс мәслихат депутаттары мұндай мүмкіндікті мүлт жібермей тиімді пайдаланып жүр ме? Бұл енді өз алдына қозғалатын бөлек әңгіме. Бүгінгі әңгіменің арқауы мынау: соңғы жылдары мәслихаттың мәртебесін биіктету, беделін өсіру мақсатында аудан, қала және облыс әкімдерін қызметке тағайындағанда депутаттардың дауыс беруі арқылы олардың келісімін алуы керектігі қолданысқа енгеніне біраз болды. Олар бұған дейін кандидатурасы ұсынылған әкімге ашық түрде дауыс беріп келсе, енді оны жабық түрде өткізген дұрыс деген ұсыныс өткен жолғы сессияда талқыға түскенде күн тәртібіндегі тақырып әжептеуір қызу пікірталас туғызды. Алайда талқыланған мәселеге қатысты шешім қабылдап регламентке өзгеріс енгізу келесі сессияда қайта қаралатын болып депутаттар өзара бәтуа байласқан еді. Міне, келесі сессияның да кезегі жақындап қалды. «Рейтинг» газеті осыған байланысты депутаттар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен тілдесіп аса маңызды тақырып төңірегінде сауалнама жүргізген болатын. 

Қайрат Сапарбаев, облыстық мәслихаттың депутаты: 

-Жабық түрде  дауыс беру керек, себебі ол демократияның бір түрі. Аудандық және  облыстық мәслихат, Парламент депутаттарын, қала берді Президенттің өзін де жабық дауыс беру арқылы  сайлаймыз. Ал облыс әкімін тағайындау мәселесіне келгенде біраузыдан қол көтере беруді тоқтату керек. Бұрын мәслихаттың келісімін алу заңда қаралмаған еді. Осыдан үш жыл бұрын Конституцияға жаңа норма енгізілді.  Шындығын айтқанда, күні кешеге дейін бұл нормаға көп мән бермей келіппіз. Жуырда мәслихат жұмысының жаңа регламентін қайта қараған соң осы мәселені де шешкенді жөн көрдік. Қол көтеретін заманды қою керек. Жәшік орнатып, жабық түрде  дауыс беруге көшкен жөн. Депутаттардың арасында  әкімшілік қызметте жүрген азаматтар көп. Олар ашық түрде әкімге  қарсы дауыс берсе ертең біреуі де жұмыс істемейтіні анық. Ал жабық тәсілмен дауыс бергенде әуелі мансабының тағдырына алаңдамай,  шынайы көзқарасымен дауыс береді. 

Дегенмен, бұл мәселе әлі түпкілікті шешімін тапқан жоқ. Келесі сессияда талқылайтын болып келістік. Депутаттардың көбісі екі норманы да қалдырайық деп отыр. Бұған мен қарсымын. Ертең облыс әкімін таныстыру үшін Премьер-министр немесе Президент әкімшілігінің өкілдері келсе біреуі де пікірін ашық білдіре алмай қалады.  Сондықтан тек жабық түрде дауыс беруді жақтаймын. 

Лесбек Байжанов, «Ақиқат-1»қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:

-Егер депутат нағыз азаматтық позициясын білдіргісі келсе пікірін ашық айтқаны  дұрыс. Ал депутат қорқақ болса, дауыс берудің ашық не жабық түрде өтуінен түк те өзгермейді. Қорқақ адам  күйінде қалады. Сондықтан, мұндағы  мәселе тек депутаттардың азаматтық позициясына байланысты деп ойлаймын. Әкім бүкіл облыстың тағдырын шешетін адам. Сондықтан халық қалаулылары өзінің азаматтық ар-намысына жүгініп, шешім қабылдауы тиіс. Қазақ даласында деморктиялық үрдістер бұрынғы ғасырларда-ақ көрініс тапқан. «Датым бар»  деп ханның бетіне пікірін ашып айтатын ата-балалардың ұрпағымыз. Пікірін сырттай,  жабық түрде білдіруге көшсек  елдік қасиетімізден айырыламыз деп ойлаймын. 

Клара Әліпова, Оңтүстік Қазақстан Азаматтық альянсының төрайымы:

-Меніңше, облыс әкімінің кандидатурасын қарастырғанда депутаттардың жабық түрде дауыс бергені дұрыс. Себебі ашық түрде дауыс беру үшін әкімдік қызметтен үміткер  адамды  өте жақсы білу тиіс. Керісінше болған  жағдайда біраз азаматтар іштегі эмоциясын жасырып қалуы мүмкін. Ашық дауыс беру тәсілі  қолданылса өзгелерден ерекшеленбеу мақсатында немесе немесе жай ғана «компания үшін» дауыс бере салуы да ғажап емес. Жабық түрде дауыс беру тәсілін қолдану  ақылға қонады деп ойлаймын. Өз пікірін ашық түрде білдіруге халқымыз әлі дайын емес. 

Нұралы Әбішев, облыстық мәслихаттың депутаты:

-Бұрын  регламентте  дауыс беру мәселесінде «жабық»  деген сөз жоқ еді, бұл ұғым енді қосылды. Яғни, депутаттар жабық  немесе ашық түрде дауыс беру арқылы келісім берсе өз еркі. Ол үшін кворум өткізіледі. Егер облыс әкімі қызметіне ұсынылған адам осы орынға лайықты болмаса, мен жабық түрде дауыс беремін. Ал іскер адам келіп жатса жабық түрде дауыс беріп неміз бар? Дауыс беру тек жабық түрде өтсін дегенге онша қосылмаймын. 

Жаппарқұл Әбдәзімов, Мақтарал аудандық мәслихатының хатшысы:

-Аудан әкімі тағайындаларда аудандық мәслихат депутаттарының келісімін сұрайды. Әзірше жабық тәсілмен дауыс берудің  қажеттілігі туындап отырған жоқ.  Бұл мәселені облыстық мәслихат депутаттары көтеріп жатыр. «Біз де жабық түрде дауыс берейік» деп ұсыныс білдірген бірен-саран депутаттар аудандыөқ мәслихатта да болды. Бірақ мәслихаттың күн тәртібіне шыққан емес. Жабық түрде дауыс беру арқылы   демократиялық қағидаларға бір табан жақындаймыз деген игі ойдан туындаған бастама деп білемін. Менің  жеке пікірім бойынша, мұны қолданысқа енгізген жөн. Мұндай пікір ұстануға өз тәжірибемдегі жағдай әсер етті.  Былтыр мен мәслихаттың хатшысы болып сайландым. Сонда депутаттар  үш кандидаттың арасынан таңдап, дауысқа салуы керек болды. Халық қалаулылары  жабық түрде дауыс беру қажеттігіне тоқталды. Нәтижесінде 25 депутаттың 13-ші маған дауыс беріп, хатшылыққа мен өттім. Ашық дауыс бергенде жағдай басқаша сипат алуы да мүмкін еді. 

Жеңісбек Тұрғанов, облыстық мәслихаттың депутаты:

-Мен осы жобаны дайындаған комиссияның құрамында болдым. Дегенмен бұл  мәселеге біржақты қарауға болмайды деп есептеймін. Себебі әр жағдайдың өз ерекшеліктері бар. Кейде жабық түрде  дауыс беруге тура келетін жағдай туындауы мүмкін. Ал барлық кезде жабық тәсілмен дауыс беру артық деп есептеймін.  

Аманолла Раманқұл, облыстық мәслихаттың депутаты:

-Мен бастамашы топтың құрамында болған жоқпын. Бұл мәселе әлі толық шешімін тапқан жоқ, алдағы уақытта талқыланады. Бірақ, менің жеке пікірім – жабық түрде дауыс берген дұрыс. Мәслихатта пікірін ашық айта алатындар депутаттар болғанымен, барлығының батылы оған бара бермейді ғой. 

Screenshot_19.jpg

"Ойнеттің" мұрағатынан, 2010 ж

Сәкен Қаныбековке қызметте өсуге жеті-ақ ай жеткілікті екен
Оңтүстіктің полициясы отпен ойнап отыр ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу