Көп әйел алу көңілдестікті тоқтата ма?

Oinet.kz 11-11-2010 1335

Screenshot_1.jpg

Шаңырақ көтеріп, артынан ұрпақ қалдыру адамзат баласы үшін ең үлкен мақсат. Көбею, ұрпақ жалғастыру, тіпті, жер бетіндегі барлық тірі ағзаға тән қасиет. Алла тағала бүкіл тіршілік иесін осылай етіп жаратқан. Үйлену – адамзаттың көбейіп, қиямет күніне дейін жалғасуына бірден-бір дұрыс жол. Өйткені, осы арқылы отбасы құрылып, бала-шаға пайда болып, отбасылар мен елдер арасы жақындасады. 

Арнайы жүргізілген зерттеулер бойынша Қазақстанда 1000 ер адамға 1079 әйелден келеді екен. Демек, 1 миллион еркекке 1 миллион 79000 әйелден келеді. Соңғы санақ бойынша Қазақстан халқы 16 миллион болса, әйелдер саны ер адамдардан шамамен 1 миллион 264000-ға артық деген сөз. Сонда осынша нәзік жандылар өмірлік жарынсыз ғұмыр кешуде. 

Табиғаттың тепе-теңдік заңдылығына сәйкес ер балалар мен қыз балалардың туылу көрсеткіштері шамалас екенін статистика да жоққа шығармайды. Бұл тепе-теңдік олардың 25 жасына дейін сақталады екен. Осы жастан бастап еркектердің саны төмендей бастайтыны байқалады. 

Ер адамдар санының кемуіне негіз болатын себептер жеткілікті. Соғыс уақытында бірінші кезекте шейіт болатындар, әрине, ер адамдар. Бүгінде сан мыңдаған көлік жүргізушілердің басым көпшілігі ер адамдар екенін дәлелдеудің қажеті жоқ.   Ал жол апатынан көз жұмып жатқандар саны, өкінішке қарай, күннен-күнге өсумен келеді. Түрмеге түскен еркектердің қатары сотталған әйелдерден 10 есеге артық екені де нақты дәлелденген. Күн тәртібінен түспей келе жатқан жұмыссыздық та ең алдымен ер адамдардың жағасынан алды. Өзіңіз ойлап қараңыз, жар таңдаған еркек оның жұмыссыз екеніне аса мән бермейді, өйткені әйел үйдің шегесі, перзент тәрбиешісі. Басқаша айтқанда отбасын тарықтырмау отағасының мойнындағы міндет. Ал бойжеткендер арасында жұмыссыз жігітке тұрмысқа шығуға құлықты қыздар көп дегенге сенетіндер қатары тым сирек. Ең ақыры ер адамдардан әйелдер ұзағырақ ғұмыр кешетінін ғылым да жоққа шығармайды. Мәселен, 75-79 жас аралығындағы ақсақалдардан осы жастағы әжелердің саны екі есеге жуық артық екен. Сайып келгенде осы тепе-теңдіктің бұзылуы қоғамның айықпас дертіне айналып үлгерген жезөкшелік пен зинақорлықтың өршуіне себеп болатыны сөзсіз. Ендеше бұдан қалай құтылуға болады? Мұның жауабын бірінші кезекте діннен іздеу орынды.  

Біз осы тақырыпты зерттеу барысында «Ерлі-зайыптылар арасындағы қатынастың негіздері» атты дін негіздерін баяндаған кітаптан көп жауаптарды кезіктіргендей болдық. Онда жезөкшелік пен зинақорлықтың емі бірінші кезекте еркектердің үйленуі болса, екінші кезекте олардың көп әйел алуы екені айтылыпты. Ендеше, сол кітапта айтылғандардың негізгілерін назарларыңызға ұсынайық.    

Исламда төртке дейін әйел алуға рұқсат. Ол парыз да емес, харам да емес. Аллаһ тағала айтқан: «...Сендерге некесі адал болған әйелдерге, екеу, үшеу, төртеуіне үйлене беріңдер. Енді егер олар арасында әділет ете алмаудан қорықсаңдар, онда бір әйелге (үйленіңдер) немесе қолдарыңдағы күң де болады. Міне, осы – жәбір мен зұлымдыққа өтіп кетпеулеріңе жақын болған іс». (Ниса, 3).

Демек ер адамның, егер араларын тең ұстап, асырау, киіндіру, тұратын орын сияқты тағы да басқа тіршілік үшін қажетті болған нәрселермен қамтамасыз етуге шамасы жетсе, төрт әйелге дейін алуына болады. Көп әйелділіктің көптеген пайдалы жақтары бар. Негізгілері төмендегілер:

1. Бір әйелмен қанағаттана алмай жатқан еркектердің зинаға түсіп қалмауларына көмек.

2. Қоғамдағы зина жасау, жезөкшелік індетіне қарсы күрес. Себебі егер еркек пен әйел бірін-бірі жақсы көріп, жүректері бірін-бірі қаласа, олардың алдарында екі нәрсенің тек бірі ғана болады. Олар не адал жолмен үйлену керек, не харам жолмен зина жасаулары керек. Әрине ешбір саналы адам екінші жолды артық көрмейді. Ал бұл екі істің бірі амалсыз іске асуы керек болған жағдайда, мына хадиске амал қылған күйде үйлену керек болады: «Екі сүйіскендер үшін некеден өзге дұрыс жол жоқ».

3. Жесірлер мен кәрі қыздарды азайту. Әсіресе, көптеген үйленген еркектер қайтыс болып кететін соғыстардан кейін. Бұл жесірлер мен кәрі қыздардың арқа сүйер ер азаматтары болмай өмірлерін өткізулері жөн бе?! Әрине, жоқ. Егер өздері қаласа, екінші, үшінші, төртінші әйел болғандары оларға жақсырақ.

Біз көп әйелділікке берілген рұқсатқа байланысты туындап жататын көптеген сын, қарсылықтарды білеміз. Әсіресе мұсылман еместер тарапынан. Сондай-ақ, әйелдер тарапынан туындап жататын қызғаныш салдарынан болатын қарсылықты алайық. Бұлардың бәріне біз былай деп жауап береміз:

Бірінші: Айтып өткеніміздей көп әйелділік парыз емес. Бұл – мубах, рұқсат. Яғни, адамның істеуге де, істемеуге де қақысы бар. Егер бір үйленген еркек екінші әйел алмақ болып, өзінің бұл ойын қыз-келіншектерге білдірсе, сонда егер оған бірде-бір әйел екінші әйел болып шығуға көнбесе, көп әйелділік болар ма еді?! Жауап белгілі, әрине, жоқ.

Олай болса, әйел заты өздері бірде-біреуі үйленген еркекке тұрмысқа шықпай қоюмен-ақ, көп әйелділіктен еркектерді мақұрым ете алады. Осымен бұл мәселе шешімін тапқан болар еді. Алайда көріп отырғанымыз бұндай емес. Қыз-келіншектер көп әйелділікке қарсы. Кейбірлері тіпті бұны өз хақтары мен құрметтерін кемсіту деп біледі. Солай болуына қарамай, олардың біреуіне жеткілікті байлығы, мәртебесі бар «күйеу жігіт» табыла қалса, оның ұсынысын қабылдайды. Бұл ісімен әйел тұрмысқа шығып жатқан күйеуінің бірінші әйелін, яғни, бәйбішесін ашуландырғанына, ал өзінің күндес болып жатқанына мән бермейді.

Екінші: Көп әйелділік рұқсат етілген қоғам – беделді, құрметті қоғам болып табылады. Өйткені, әйел, қалай болғанда да, әйел болып саналады. Ол бірінші болады ма, төртінші болады ма, бәрібір оның толық хақтары болады. Бұндай қоғам психологиялық тұрғыдан да, жыныстық тұрғыдан да жайлы болады. Бұндай қоғамда зина жасау, жезөкшелік, әдепсіздіктер сирек болады. Өйткені, адамдардың құмарлықтары харамды дәметпей, адалдың өзімен-ақ қануда. Тек мінез-құлығы бұзылғандар болмаса. Ондайларға, яғни зинақорларға арналған кесімді жаза болады.

Үшінші: әйелдің құмарлығы еркектіңкіне қарағанда кем болады. Етеккір, жүкті болу, босану кездерінде бірнеше күн өтсе де, еркекке деген құмарлықты сезбейді. Тіпті кейде олардан жиіркенеді де. Әйел адам еркекке деген құмарлықты етеккірі келер алдында және етеккірі кетіп, бір апта өткен соң, сезе бастайды. Яғни, шамамен әрбір он бес күнде. Ал еркектің құмарлығы, оған қайшы келетін немесе оны басатын нәрсенің жоқтығынан қашанда қози түсуі мүмкін.

Төртінші: Қыз-келіншектердің көп әйелділікке қарсы шығулары таңқаларлық нәрсе емес. Өйткені, қызғаныш сезімі оларды бұған итермелейді. Бірақ, әйелдердің бұл қарсы шығулары, шариғаттың көп әйелділікке рұқсат берген үкімін мойындамау, оны сынау, оны әйелге зұлымдық деп білу жағынан емес, тек қана қызғану салдарынан болуы тиіс.

Бірінші әйелдің күйеуінің өзінің үстінен әйел алуын қайтаруға хақы бар. Бірақ оның шариғат үкімін мойындамауға, оған қарсы шығуға хақы жоқ. Өйткені, күйеуінің екінші әйел алуы халал әрі рұқсат етілген. 

Ал енді осы тұста «әйелдер арасында әділдік, теңдік жасау» деген мақсаттың сақталуы тиіс деп жатады, ол қандай мақсат» деген сұрақ туындайтыны заңды. Талап етілген әділдік, бұл – ішкізіп-жегізуде, киіндіруде, тұрар үйде және түнеуде. Ер адамға осы істердің бірін әйелдерінің біріне ерекше етуі харам. Тек қана әйелдерінің ешқандай қысым және зорлаусыз ризалық беруімен дұрыс болады. Ал жүректің берілуі мәселесінде әйелдер арасында теңдік етілу талап етілмеген. Өйткені, адам баласы жүректің берілуіне, қалауына ие емес. (Жүрекке әмір жүрмейді). Яғни, жақсы көру мәселесінде қанша тырыссаңдар да, әйелдеріңнің арасында әділдік қыла алмайсыңдар. Өйткені, біреуінен гөрі басқасын жақсы көруде, жүректің көбірек берілуіне адам баласы қарсы тұрып, теңдік жасауға әлсіз. Сондықтан адам баласы бұған кінәланбайды. Бірақ басқадай қатынаста зұлымдық жасамау шарт.

Зарина, жалғыз басты ана:

- Құрбыларым секілді мен де уақтылы тұрмыс құрдым, бірақ, арамызда  сәби болмады, басқа да себептермен ажырасуға тура келді. Онан кейін де біраз жылдар өткенімен, екінші қайтара тұрмыс құрмадым. Уақытты кім тоқтата алған, ертеңгі күні, қартайған шағымда қарақан басым жалғыз қалмасын деген қауіппен тұрмысқа шықпасам да бір бала туып алайын деген ойға бекіндім. Қазір құлпырып өсіп келе жатқан қызым ертеңгі жанымда қалатын жалғыз жанашырым болады деп ойлаймын. 

Сіз не дейсіз?

Омар Салимбеков, Каттани атындағы орталық мешітінің наиб-имамы:

-Егер әйел баласы бір еркекпен бірге тұруға ниеті болмаса, яғни уақытша немесе жасырын тұрамын деген оймен некесін қидырмастан балалы болса, ол Ислам дінінде зинақорлыққа жатады. Демек, рұқсат жоқ. Өйткені, ол харам амалға жатады. Кәдімгі көшедегі қыздардың әрекетімен бірдей. Әрине, түрлі тағдырмен тұрмыс құра алмайтын немесе ажырасып кеткендер бар ғой, бірақ, қыз балалар үшін ләжі болса шариғатта айтылған жолдармен тұрмысқа шығу керек қой. 

Шадияр Мекенбайұлы

Сайрам - көне қала
Генерал Досымов отставкаға кете ме?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу