Төрт қақпалы Сайрам

Oinet.kz 06-09-2020 920

Сайрам.jpg

Ертеде Сайрам шаһарында жасы сексеннен асқа Мансұр деген патша болыпты. Бірде Бұқара патшасы Самани екеуінің арасында соғыс өрті тұтанды. Самани жеңіп, Мансұр зынданға түсті. Жеті жыл жалғыз жатты. Бір күні Маржан деген жалғыз қарындасы ағасын іздеп келді. Саманиге жолығып, ағасын бір көруге рұқсат сұрады. Патша келісті. Бірақ ізіне әңгімесін аңдитын тыңшы салды. Маржан ағасымен көріскен соң, Мансұр бүй деді: «Көшеде жұрт топталып жүре ме, әлде жеке-жеке жүре ме? Медреседе шәкірт көп пе? Тауда қар қалың ба? Қыратта шие самсап тұр ма?»

Тыңшы дереу жеткізді. Самани түк түсінбеді. Басы қатқан соң Мансұрды алдырып:

-Сен зынданда жатсың. Жұртың маған қарайды. Тағдырың менің бір ғана ишарама байлаулы. Қаласам қазір-ақ дарға тартам. Ақиреттің сұрағына дайындалмай, көшедегі халық пен таудағы шиені сұрағаның қай сасқаның?- деді.  Мансұр:

-Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер деген. Мансұр бір күндік, жұрт мәңгілік. Халық- Құдайдың бір аты. Шаһардың хәкімі әділ болса, халқы бәділ болмайды. Жұрты жәбір көрмейді, жәбір көрмегендер адамнан кәпір көрмейді. Егер патша әділ болмаса ел екіге жарылады. Тоғышарлар той тойлап, биін билейді. Залымы момынды қамырдай илейді. Боқ жеген ауыздар жаласып, ылыққан иттей күйлейді. Бұған ызалы халық жасырын жиын қылады. Тұрмысты қиын қылады. Бүлік шығаруға оқталып жүреді, көшеде топталып жүреді. Ал жеке-жеке жүрсе ел іші қауіпсіз деген сөз. Әр момын өз шаруасымен жүреді. «Ел жұртым осындай апаттан аман ба?»  деп хәкімінің хәлін сұрадым,- деді. Самани сасып қалды. Бұқарада топталып жүретін жұрттың қарасы көбейіп қалып еді. «Ел билікке наразы» деген пыш-пыш сөз әр тұстан келіп жеткен. Оған мән бермей жүрген-ді. Сонда да сыр бермей:

-Ал шәкірттерді неге сұрадың?- деді.

-Жаңбырменен жер көгереді, дұғаменен ел көгереді. Медреседегі мүридтер зікір, намаздан соң елдің амандығына дұға тілейді. Дұғадан дәметкен жұрт жұмадан қалмайды. Жын-ойнаққа бармайды. Арамды аузына алмайды. Елге іріткі салмайды. Кері кеткен ел баласын ұрлыққа баулиды, ілгері кеткен жұрт баласын ілімге баулиды. Сондықтан жұртымның берекесін ілімнің шырағынан іздедім,- деді. Самани патша тағы ойланып қалды. Себебі жасырын барымтаға шабатын баукеспе ұрыларды баулып жатқан еді. Іші алай-дүлей болса да беті міз бақпады.

-Жөн-жөн. Сөзіңнің жаны бар. Ал таудағы қарда не жұмысың бар? Ол құдіретпен айналысып тұрған Тәңірдің сүндеті емес пе?

-Суы молдың нуы мол. Сайрам халқын таудағы қар асырайды. Диқаншылар еңбекте ерінбейді, тұрмыста тіленбейді.

-Қардың жайын ұқтық. Шиеден не тұттық?

-Шие оң болса, дәнді-дақыл мол болады. Біздің ел тары, бидай, жүгері, арпа өсіреді. Құстар көктемде кеп қояды, піскенде шоқып жеп қояды. Тауда шие көп болса, құстар сонымен тоқ болады. Ашаршылық жоқ болады. Халқымның қырманын шиенің аз-көбімен бағамдадым,-деді. Мансұрдың соңғы сөзі Самани патшаның көңіліндегі қараңғы пердені жыртып жібергендей болды. Бейне бір көңіліне сәуле түсіп, кеудесі кеңіп сала берді. Оның қасында өзін балиғатқа толмаған шикі өкпедей сезінді. Жер шұқып отырып қалды. Бір кезде жалын ата күрсініп:-Отыз жыл тақта отырдым, бұлбұлды бақта отырдым. Жұртымды зар илеттім, залымдарға ел билеттім. Сен сияқты даналарды зынданға тастадым. Ақымақ ақындарға өзімді мақтаттырдым. Сен алғыс арқаласаң, мен қарғыс арқалаппын. Әр істі иесіне тапсыр деген.  Мен білсем мына таққа лайықты патша сенсің,- деді де басындағы алтын телпекті Мансұрдың басына кигізді.

-Қадіріме жеткеніңе мың алғыс! Мен түгіл Ибраһим Әдхам да тақты тепкен.  Тағыңа отырмаймын. Тақтың буы болады, будың уы болады. Айналасын қоршаған алаяқ қуы болады. Жас келсе іске, қарт келсе асқа деген. Жасым тоқсанға келді. Тоқсан жас келсе доғарар көңілдің құсын өрлеген. Ілеуде біреу болмаса жүз жасты ешкім көрмеген. Қанша ғұмырым қалғанын бір Құдай өзі біледі. Енді талқаным таусылып табытқа түскенше диқаншылықпен күн көрем. Ендігі қаруым - кетпен. Еңбегім жерден, несібем көктен. Мен түгіл мүбәрәк пайғамбардың өзі адал кәсіппен мал тапқан.  Нұрлы иманмен жан баққан. Үмбеті болса тұра ел үстінен күн көргенім жарамас. Халқыма өнегелі өрнек қалдырам. Мені еліме қайтар, егістік жер бер,- деп тәжін қайтып берді. Самани патша өтінішін артығымен орындады. Жаңғақты-Жарғалық деген жерден егістік алқабын берді.

Мансұр белін бекем буды да қара жердің төсін емді. Екпеген жемісі қалмады. Ұшқан құс та, ойнаған бала да, сапар шеккен дәруіш те, жесір әйел де, кедей-кепшік те оның бақшасынан сая тауып, қалауынша жеміс жейтін. Мансұр ақы сұрамайтын. Еңбек етпесе тұра алмайтын. Қамбасында қыстық азық толып тұратын. Бір жылдары елдің егіні күйіп кетті.  Жұрт тамақтан тарықты. Ішер асқа зарықты. Мансұр қамбадағы астығын елмен бөлісті. Сайрамның төрт қақпасына тайқазан орнатып, ботқа пісірді. Тандыр жауып, нан таратты. Қала қақпасының кіреберісі құжынаған халық болатын. Оның бұл ісі кейінгі ұрпаққа үлгі болып, дәстүрге айналды. Алыстан сапарлаған жолаушылар қақпа алдында ыстық тандыр нанмен жүрек жалғап,  шаһардағы шаруасын оңымен шешіп кете беретін. Шаһар осымен ерекшеленді. Кейін келе ел ішінде «төрт қақпалы Сайрам» деген сөз қалыпты. Ал Мансұрды «Қамыршы ата» деп атап кетеді.

P.s. О, Жаратқан иеміз, ел тізгінін ұстаған лауазымды кісілердің жүрегіне иман, обал-сауап пен парызды терең түсінетін сана-сезім бергейсің.

Матуриди ақидасы – қазақ халқының хақ сенімі
Күз туралы өлең. Сап-сары бауырсақтар — жапырақтар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу