Ежелгі герман тайпаларының тілі мен тарихындағы түркілік іздер

Oinet.kz 19-10-2020 1165

Түркі тілі бүкіл планетада кеңінен таралды. Бұған көптеген елдер ғалымдарының зерттеулері жарқын дәлел. Осы істің көш басында түркілік зерттеушілер тұр. Олардың бұл мәселеге ыждағаттылықпен қарауы түсінікті және заңды құбылыс.

Тас мүсіндер.jpg

Түркі тілдері Батыс Еуропада берік позицияға ие болды. Сөзіміз жалаң болмас үшін бірқатар нақты мысалдарға назар аударайық. Мәселен, қазақша және чувашша кеңінен қолданылатын сөз «иә» болып айтылса, немісше – «ja» («иа» болып дыбысталады), ал ағылшынша «yes» сөзі («ес» болып айтылады). Осылардың арасында өзара нақты тілдік параллель жатқандығы анық. Түркілер еркектерді «ер» деп атаса, бұл сөздің баламасы ағылшын тілінде «сэр» деп, немісше «гер», французша «сир», испанша «кабальеро», орысша «герой» болып айтылады. Тағы бір айта кетерлігі, ғалымдар ағылшын тілінде төрт жүз сөзді (әңгіме түркілік сөз болып отыр) есепке алса, ал германдық екі мың сөзді айқындаған. Міне, осыншама сөз алыстағы Батыс Еуропаға қалай тарап кеткен? Біріншіден, мұндай ұқсастық баршаны таңдандырады. Себебі, Шыңғыс хан мен қаһарлы Темірлан Батыс Еуропаға әскери жорық жасамаған. Бүкіл әлемді жаулаушының немересі Бату Шығыс Еуропада тек аз ғана уақыт аялдаған.  Осыдан келіп, уақыттың тереңіне бойлау еріксіз мәжбүрлейді.

Ежелгі түркі-германдық өзара байланысты екі кезеңге бөлген жөн. Біріншісі – ол мұз дәуірінен қола дәуірге дейін көп құпияны өзіне бұғып жатса, екіншісі – халықтардың ұлы көші мен түркі тілдес ғұндардың Батысқа қарай жорық жасауымен байланысты дер едік.

Алғашында ежелгі түркілер еуропалықтар болып саналған. Ал, моңғолдармен қан араласуы кейінірек жасалынған. «Чуваш-германдық тілдердің сәйкестігі» атты интернет сайтындағы мақалада былай деп көрсетілген: «...түркі халықтарының арғы, яғни ежелгі отаны Еуропада болған...». Бұдан шығатын қорытынды, түркілер Еуропада ежелден-ақ өмір сүрген. Осы аталған мақалада мына мәселеге басты назар аударылады: «Есептеу көрсеткендей, неміс тілінде қолданылатын үштен бір сөзі белгісіз тілдермен өзара байланысты (Кузьменко Ю.К., 2011, 99-101). Олардың кейбір бөлігі үндіеуропалықтардан бұрынғы субстракт болуы мүмкін...». Осы жерде «үндіеуропалықтардан бұрынғы» сөзі өзіне еріксіз назар аудартады. Бұл сөз өте ерте замандарды көздейді. Әзірбайжандық ғалым Э.Инандж өзінің «Түркілік, германдық және славян тілдеріндегі гомоногендік архетиптер» атты мақаласында былай деп жазады: «Алайда, түркілік, германдық және славян тілдеріндегі лексикалық сөз құрамы шын мәнісінде лексикалық өзара үндесіп жатыр, олар жазба кезеңдеріне дейінгі бастауларын сол тұстан алады. Ол расында да гомоногендік архетиптер болып есептеледі». Осы оймен ресейлік ғалым С.В.Трусовтың пікірі де үндесіп жатыр. Ол былай деп көрсетеді: «Генетиктер ежелгі уақыттардан-ақ (10-15 мың жыл бұрын) үндіеуропалықтар екі туыстық топқа бөлінетінін анықтаған, соның ішінде R1a гаплотобы мен R1b гаплотобын тасушылар. Олардың алғашқысы скифтердің, сарматтардың, галдардың, үнділердің, ирандықтардың, гректер мен славяндардың генетикалық негізі болып табылды. Екіншісі: германдық тайпалар, массагеттер, британдықтар, иберлер және түркілердің арғы аталары. 

Алғаш болып өздерінің ежелгі отанынан R1b гаплотобын тасушылары  (Волга-Орал аймағында тұратындар) басқа аймаққа көше бастады. Олар бұдан кейін Қытайдың Солтүстігіне және Орта Азияға орнықты. Көш бұдан соң Копетдаг, Эльбрус және Загрос таулары арқылы Алдыңғы Азияға және Таяу Шығысқа орнықты» (Terra incognita – Русь::: Русьтегі белгілі Дуло әулетінің ғұндар (хондар) тарихы. РенТВ арнасына берілген сұхбат). Месопотамияда олар шумерлер деп аталды. 

Сонымен, мұзды дәуірден кейін германдық тайпалар мен ежелгі түріктер Волга-Орал аймақтарында өмір сүрді. Олардың бірге өмір сүргені – тарихи шындық. «Х.К.Уленбек пен Б.В.Горнунгтың келтіруінше, үндіеуропалық тіл - бұл орал-алтай үлгісіндегі және кавказ-семит үлгісіндегі тілдерді өзара қосудың нәтижесі» деп жазуы бекер емес («Палеоантропология, лингвистика және генетика бойынша түркілердің шығуы туралы» мақала). Германдықтар мен түркілердің бірқатар жалпы тілдік сипаты мыңжылдықтардың тереңіне кетеді. «Мынаны атап өткен жөн, бірқатар отбасылар мен топтардың тілдерінің өзара сәйкестігі ностратикалық қоғамдастық кезеңіне жатады» («Чуваш-германдық тілдердің ұқсастығы» атты мақала). Бұл жерде герман-түркілік тілдердің өзара байланысы олардың ежелден-ақ шығу тегін айқындаса керек. 

Бұдан соң, арғы түркілер Қазақстанға және Оңтүстік Сібірге қоныс аударды. Осында олардың тілі мен қоғамы жаңа дамудың кезеңіне қадам басты. Атап айтқанда, Оңтүстік Сібір, Моңғолия, Солтүстік Қытай – түркілердің ежелгі ата қонысы. Осы жерлерден олар енді түрлі өлкелерге көш түзеді. Белгілі ғалым А.Клёсов ежелгі түркілердің көші-қоны туралы былай деп жазады: «R1а және R1b гаплотобындағылар Азиядан басталған еуропалықтар болғанымен. 

Алтайдан басталған көш Шығыстан Батысқа қарай тіл көшін жеткізгенін жасырудың реті жоқ. Мәселен, Моңғолия және Тибет тараптарынан R1b гаплотобы жеткізушілер Таяу Шығысқа табан тіреді. Бәлкім, олар шумер тілдерін (жартылай немесе толық) осында әкелді» (А.Клёсовтың осы «Генетика, лингвистика және палеоантропология бойынша түркілердің шығуы жөніндегі» атты мақаладағы түсініктемесі). Аталған мақалада ғалым «ностратикалық кезеңдерде R1b гаплотобы шығыста да болды» деп нақтылай түседі. Ол, сондай-ақ, былай деп жазады: «Мысалы, шындығында R1b гаплотобын жеткізушілер (R1а секілді) Қытай жағынан өзінің ұзақ көші-қонын жасаса (дәлірегі Алтайдан, ол таудың бір бөлігі қазіргі Қытайда, бір бөлігі Қырғыздар мен Моңғолияда болса)  Кавказға дейін жеткен, бірақ әртүрлі жолдармен өткен». А.Клёсовтың бұл көзқарасына ғалым Н.З.Гаджиева өз тарапынан мынадай үн қосады. Ол былай деп жазады: «Антропологиялық мәліметтердің негізі, сондай-ақ, мәдени материалдық ескерткіштер туралы айтар болсақ, ежелгі түркі сөздері Оңтүстік Сібірде және Орталық Азияда, Алтайдың ұлан ғайыр аймағы арқылы Саяннан Байқалға дейін жетіп қалыптасты». (Н.З.Гаджиева. Түркілік тілдер. М., 1997, 17-34 беттер). Ал біздің пікіріміз мынадай: түркі тілі алғашқы бастауларын қалыптастыруды Волга-Орал аймақтарында, содан кейін өзінің өркендеп дамуын Оңтүстік Сібірде жалғастырды. 

Айтқандай, шумерлер ұлы топан су және семитік тайпалардың жорығынан кейін Алтайға қарай бет түзеді. Мұндай көш Еуразияның Шығысынан да, Батысынан да болып жатты.

Біздіңше, түркі тілімен қоғамы үш кезең бойынша құрылды. Бірінші кезең – ностратикалық қоғамдастықты құрып, одан түркі тілінің бөлінуі, сол кезеңде арғы түріктердің Волга-Орал аймағынан Алтайға дейін, содан соң Шумерге келуі оқиғасы орын алды. Бұл кезең жөнінде біз тек теориялық тұрғыда білеміз. ІІ кезең – бұл Оңтүстік Сібір, Моңғолия және Солтүстік Қытай аумақтарында ежелгі түркі тілін, яғни үйсін-ғұндардың тілін қалыптастыру. Осы тілде Атилланың ата-бабалары сөйлеген. Оның туыстары – ғұндар ежелгі түрік жазбасын жасап, ол «самра» деп аталды, бұл Орхон-Енисей руникалық жазбаларының әжесі іспеттес. Қазір үйсін-ғұн тілін чуваш халқы көздің қарашығындай сақтаған. ІІІ кезең – оғыз, қарлық, ұйғыр, қырғыз, қыпшақ т.б. түркі тілдерін қалыптастыру уақтысы.

Түркі тілдерінің екінші мәрте герман тағы басқа да Батыс Еуропаның тілдерімен іргелі араласуы халықтардың ұлы көші кезеңдерінде болды. Бірінші кезекте бұл оқиға ғұндардың Азиядан Еуропаға жорық жасауымен байланысты еді. Жауынгер көшпенділерді талантты билеушілер Баламер мен оның шөбересі Атилла басқарды. Еуропалық тарихи көздердің мәліметіне сәйкес, олар дулат (дуло) тайпасынан шыққан, ал олар ежелгі үйсіндерден бастау алады. Осы кезеңдерде сол аймақтарда түркі сөздері ене бастады. 

Рим империясы алғашында ғұндарды жалдамалы әскер ретінде пайдаланды. Ғұндардың әскери горнизондары Шығыс пен Батыс Еуропаның түкпір-түкпірінде, сондай-ақ, соның ішінде Британ аралдарында орналасты. Үйсін-ғұндардан тұратын атты әскерлер қоғамда аса сый-құрметке ие болды. Олар көптеген Еуропа халықтарының билеуші тобын қалыптастырды. 

Баламердің жауынгерлері құрамына солар талқандаған германдық гот тайпасы да кірді. Олар ол кезде Қырымда тұратын. Бірқатар ғалымдар сол кезде германдық тайпалар Еуропадағы ең күшті болып саналғанын айтады. Тек ғұндардың жорықтарының арқасында ғана славян тайпаларының толық жойылуы тоқтатылды. 

Аттила жауынгерлерінің құрамында да германдық тайпалар бар еді. Солардың қатарында гепидтер, скирлер, остготтар, ругтер, герулдар және франк, тюринг, бургунд, бастарындар, вандалдар, алемандардың бір бөлігі де бар болатын.  

Ежелгі скандинавиялық сагалардың (эпостардың) болуы ғұндардың Скандинавияға да аяқ басқандығын дәлелдейді. Мұнда да үйсін-ғұндар викингтердің билеуші құрамын қалыптастырды.

Аттиланың жақсы көретін корольдерінің бірі ол германдық гепид  тайпасынан шыққан Ардарих атты королі еді, ол соның кеңесіне құлақ асатын. Гепид ұлы ғұнға жан-тәнімен қызмет етті. Мәселен, Каталаун шайқасының басталуы алдында (451 жылы) жаудың бірінші соққысын гепидтер өздеріне қабылдады. Олар аз уақыттың ішінде Аэций бастаған римдік жауынгерлердің соққысын тоқтатты. Ұрыс даласында 15 мың гепидтер жан тапсырды. 

Аттиланың екінші құрмет тұтатын германдық остготтар тайпасының королі Валамир еді. Міне, Ардарих және Валамир туралы гот тарихшысы Иордан былай деп жазады: «Сансыз гепидтердің даңқты королі Ардарих өзінің Аттилаға шексіз берілгендігін дәлелдей отырып, оның барлық ойларымен келісетін, әрі ақыл қосатын. Аттила өз кезегінде оған деген құрмет көрсетті. Остроготтардың королі Валамирді де өзге патшаларға қарағанда құрметтейтін. Валамир табандылығы және құпияны сақтаумен ерекшеленді, өшпенділіктің түйінін тарқатудың шебері ретінде оқшау тұратын. Ардарих өзінің шын берілгендігімен және тамаша ақыл-ойымен белгілі еді». (Иордан. Гетика. Royallib.ru электрондық кітапханасы). Аттиланың өлімінен кейін (453 жылы) оның алысты болжай алмайтын қауқарсыз ұлы Эллак Ардарихпен ұрсып қалады. Осы оқиға оның қайғылы өлімімен аяқталады. Недао шайқасы кезінде Ардарих Эллактың әскерін тас талқан етеді. 

Ғұндардың және германдық тайпалардың тарихында ақ ғұн Едігенің  (Едико, Едикон) ұлы Атакерім (Одоакр) ерекше орынға ие. 476 жылы ол германдық тайпаларын басқарып, Римді басып алады. Атакерім (Одоакр) Батыстың король-патриций етіп жариялап, 17 жыл Италияны биледі. Оның анасы Мальгирда германдық тайпа скирлердің өкілі болатын, ал басқа қисын бойынша оны герулдердің өкілі деп санады. Атакерімнің ағасын Күнұлы (Гунульф-германша) деп атаса, ал зайыбын Сванигильда деп атайтын. Римді бас игізгеннің ұлдары германдық есімдерді, атап айтқанда Тела, Юлиан, Авриолин иеленді. 

Аттиланың өлімінен кейін үйсін-ғұндар ешқайда жоғалып кеткен жоқ. Олар Еуропада өмір сүруді жалғастырды. Олардың саны Паннонийде, Балқанда, Пруссияда, Австрияда, Польшада, Прибалтикада, Украинада, Қырымда, Азов жағалауында, Поволжьеде көптеп кездесті. Еуропалықтар «Құдайдың Қамшысы» ұрпақтарын өздерінің билеушілері және мырзалары ретінде мойындады. 

 Ғұндардың Шығыс және Батыс Еуропаға табан тигізуі көптеген түркі сөздерінің енуіне, тарихи мәліметтердің пайда болуына, топонимдердің өркен жаюына, елтаңбалардың, тамгологиялардың, нумизматикалардың, өзге де ғылым деректерінің орын алуына мүмкіндік берді. 

Ұлы Аттила империясынан кейін Еуропада тамаша үйсін-ғұн мемлекеттері бой түзеді. Солардың қатарында  Кубратханның ұлы Болгариясы, Шамбаттың дуло (дулат) мемлекеті, Хазар және Авар қағанаттары, Арпадтың Венгриясы, Лашиновичтердің Киев қағанаты (Рюриковичтер деп қате айтылған), Аспарухтың Дунайдағы Болгариясы, Волга Булгариясы бар. Осыларды Аттиланың ұрпақтары биледі. Үйсін-ғұн тілі көптеген жүзжылдар бойы Еуразиядағы халықаралық тіл болып қызмет етті. Үйсін-ғұндардың жазба үлгілерін өздерін Аттиланың ұрпақтары деп санайтын секейлер (секелілер), ХХ ғасырға дейін сақтап келді. Олар Румынияда, Венгрияда, Боснияда және Воеводинада өмір сүреді. 

Үйсін-ғұндар және ортағасырдағы Еділ Булгариясының тұрғындары чуваштардың ата-бабалары екені даусыз. Сондықтан да неміс-чуваш лексикалық сөздерінде кездесетін кейбір  сәйкестік германдық тайпалардың түркі тілдерінің бірқатарын игеруде екендігі сөзсіз. Мұны біз олардың әңгімесінен де аңғарамыз. Бұған алғаш болып белгілі ғалым Н.И.Ашмарин баса назар аударған. Чуваштардың үйсін-ғұндармен байланысын чуваштық халық шығармашылығындағы «Аттил және Кримкилте» эпосынан да айқын байқаймыз. Мұны академик М.Н.Юхма көпшіліктің назарына ұсынды. Мұндай рухани құндылықты тек чуваштар ғана емес, немістер мен скандинавтар да көздерінің қарашығындай сақтап қалған. Айта кетерлігі, герман тілінде кездесетін түркілік сөздер бұл тарихи шындықтың бір құбылысы дер едік. 

Әбдіқадыр Дәуітбеков.jpg

Әбдіқадыр ДӘУІТБЕКОВ, 

Чувашия ғылымдар академиясының академигі, 

Ресей және Чувашия Жазушылар одақтарының мүшесі

Ер адамдар туралы шындық
Қазақ күйеубалаға неліктен төс жегізген?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу