Шымкенттік қорғасыншылар облыс әкімімен соттаспақшы

Oinet.kz 18-03-2019 957

Screenshot_8.jpg

Шымкенттегі «Южполиметалл» өнеркәсіп корпорациясы» акционерлік қоғамының басшылығы таяуда Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің үстінен облыстық сотқа ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау жөнінде талап арыз түсіргені мәлім. Ал көп ұзамай облыстық соттың «Южполиметалға» талап арызын қолданыстағы заң бойынша өзі территориясында тұрған аудандық сотқа бере алатынын білдіріп қайтарғаны туралы да белгілі болған.

Ал «Южполиметалдың» облыс әкімдігін сотқа беруіне не себеп болған еді? Біз осыны білу мақсатында аталған кәсіпорынға телефон шалдық.

«Жалпы, қорғасын өндірісін қала сыртына шығару жөнінде біраздан бері айтылып келе жатқанын білесіздер, -- дейді» «Южполиметалл»  ӨК» АҚ-ның қаржылық директоры Нұрқожа Жақыпов. – Дегенмен әлі нақты шешім жасалған емес. Осы мәселе бойынша құрылған үкіметтік жұмысшы комиссиясының 2013-жылдың соңы, 2014-жылдың басына қарай өндірісті тоқтату жөнінде жоба жасап жатқаны ғана белгілі. Өткен жазда кәсіпорнымызға Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Альберт Рау келген. Сонда ол жұмысшылармен, басшылармен, зауыт проблемалары бойынша істермен айналысып жатқан үкіметтік жұмысшы комиссиясы мүшелерімен де кездесіп, пікірлескен болатын. Ол кісі қорғасын зауытын қала сыртына көшіру жайына байланысты: «Бұл мәселе әбден ойластырылып, сараланып, сосын барып шешімін табады», - деген еді.

Ал облыс әкімдігінен, оның аппаратынан ешкім зауыт басшылығымен, жұмысшылармен бұл мәселе бойынша әңгіме өткізген емес. Бірге отырып әңгімелескенде олардың көп нәрсеге көзі жетер еді. Әрі-беріден соң «Южполиметалл»  жеке меншіктегі кәсіпорын гой, оның иесімен де тиісті бас қосу болмаған, бұл заңға да қайшы. Есесіне зауыт көшіріледі деген әңгіме көпшілік арасында кеңінен таралуда. Оған облыс әкімінің бұл өндіріс орны Шымкенттің экологиясын, тұрғындар денсаулығына аса зор зиян келтіруде, сол себепті ол қала сыртына көшірілуі тиіс деген сөзі себеп болып отыр. Ал онда айтылғандардың көбі ескі мәліметтер, зауыттың бүгінгі күнгі жұмыс нәтижелерімен мүлде жанаспайды. Алайда облыс әкімінің аузынан шыққан сөздер көптеген бұқаралық ақпарат кұралдарында жарияланып кетті. Бұл ақпардың зауыт жұмысына, оның жұмысшылары мен әріптес «А-Мега трайдинг» компаниясының көңіл күйіне де теріс әсері тиюде. Зауытұа шикізат жеткізушілер де әрі-сәрі күйде, олар өз жұмысын тоқтатамыз деп отыр. Осы әріптес екі компания бойынша 1000-нан аса жұмысшының қазір 100-і ғана жұмыс істеп, қалғаны жұмыссыз жүр. Жұрттың көңілі күпті, жұмыс шынымен тоқтап қала ма деп уайымдауда. Оның үстіне жыл соңы да тақап қалды. Бірге атқарған іс бойынша түскен пайданы тең бөлісу мәселесі тағы тұр. Дұрыс жүрмеген жұмыстың бұған да салқыны тиері сөзсіз. Ал жоғарыдан әзірге зауыттың дәл бүгінгі-ертеңгі мәселесі бойынша ұйғарылған нақты шешім жайлы ашық ақпар түсіп жатқан жоқ. Осылай бола тұра әкімдік тарапынан әлгіндей сөздер айтылып, жұртшылық арасына таралып кетті. Біздің кәсіпорынның  облыс әкімдігі үстінен облыстық сотқа шағымдануына осынадй жайлар себепкер болған. Жалпы, кәсіпорын әкімдіктің мұның алдында жарияланған мәліметтердің шындыққа қайшы келетінін айтып, мәселенің мән-жайын нақты түрде көрсеткенін қалайды».

Ал, «Южполиметаллдың» облыстық сот талап арызын кері қайтарғаннан кейінгі әрекеті қандай болды? Осы сұрақты біз аталған кәсіпорынның заңгері Бауыржан Жақыповқа қойдық.  

«Одан кейін талап арызды Шымкенттің әл-Фараби ауланлық сотына түсірдік,  - деді бізге ол кісі. – Аудандық соттың бұл мәселе бойынша 18-қараша күні жасаған ақтауын (определение) алдық. Онда талапкер жақтан кәсіпорын президенті Тұрсымбек Асамбаевтың аты-жөні толық жазылып, тұрғылықты жерінен анықтама тіркелмегені, бұл кемшілікті 28-қарашаға дейін жоюымыз керектігі жөнінде айтылыпты. Біз аталған мәселені көп ұзамай-ақ шешеміз, яғни сот қажет етіп отырған құжаттарды оған  осы апта соңына дейін өткіземіз». 

Оңтүстіктегі үлкен кәсіпорындардың бірі – «Южполиметалл» АҚ мен облыс әкімдігінің арасында туындаған түсініспеушілік  әзірге осы жерге келіп бөгеліп тұр. Ары қарай не болады, «Южполиметалл» алған бетінен қайта ма, жоқ па – оны алдағы уақытта білетін болармыз. 

Д.Нұрпейіс 

«Замана» №47, 28.11.2011 ж.

Қазақстанға «Тележеңгетайлық» қызмет қажет пе?
Төле би қашан бақилық болған?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу