Ұлықпан мен Әзірейіл (қисса)

Oinet.kz 14-01-2020 933

image.png

Бірде Ұлықпан хакім жолда бір аттылы кісіге кез болды. Екеуі бірге әңгімелесіп, бір ауылдың шетіне ілінді. Күн кешкіріп қалған кез екен. Ауыл іргесінде бір топ бала ойнап жүрді. Бір кезде олардың ішіндегі ересектеу біреуі жастауын байқамай ұрып, өлтіріп қояды. Өлген баланың шешесі қарғанып:

– Ойбай, көк түйнек! Жалғызымның түбіне жеттің-ау! – деп еңіреп, әлгі баланы желкесінен келсаппен түйіп қалады. Соққы қарақұсқа тиіп, бала сол мезетте жан тапсырады. Оны көріп екінші баланың әкесі жетіп келеді. Ақылын ашу-ыза билеп кемпірді сойылмен соғып мерт қылады. Осылайша бие сауым уақыттың ішінде төрт-бес адам қаза тапты. Мына оқиғадан Ұлықпанның жаны түршікті. Бұрылып серігіне қараса, ол селт етпестен көз алмай қарап тұр екен. – Ау, ағатай! Жазықсыз жандар шыбындай қырылды ғой. Бұл не сұмдық?! Барып ажыратпаймыз ба? – деп атын тебіне бергенде, әлгі кісі қолынан ұстап:

– Үндемей, тыныш тұр! Мұның бәрін жасап жатқан мен, – деді. Ұлықпан оның Әзірейіл періште екенін сол кезде бір-ақ білді. Былай шыға бере:

– Уа, Әзірейіл, әп-сәтте бірнеше адамды бақиға аттандырдық. Менің қанша жыл ғұмырым қалды  айта аласың ба? – деп сұрады. – Үйленіп, некеңді қидырған күннің ертеңіне өмірің үзіледі. Ажалды шымылдықта күтіп алуға қамдана бер, – деп атын қамшылап, кетіп қалды. Ұлықпан әлі үйленбеген бозбала жігіт екен. Сол күннен бастап Ұлықпанның ішкені ірің, жегені желім болды. Уайымнан жағы суалып, жүзі қуарып жүдеп кетті. Ауыл-ауылды аралап:

– Үйленген күннің ертеңіне өлетін адамға кім тұрмысқа шығады? – деп сұрайды екен. Мұны естіген қызы бар адамдар:

– Мына неменің есі дұрыс емес шығар. Үйленбей жатып көктей солатын жігітке кім қызын береді? – деп сөгеді екен. Бір күні ажалға да айла табатын ақылды бір қыз Ұлықпанға тұрмысқа шығуға келісім береді. Екеуі отау құрып, шаңырақ көтереді. Неке түні келіншегі:

– Ертең періште жаныңды алуға келгенде сен оған «Екеуміз сапарлас болып едік. «Жолаушының жол ақысы» деген бар. Сол ақымды қайтар» де. Сонда ол «Тілегіңді айт» дер. Сен «Құдайдан мың жыл ғұмыр алып бер» деп қолқа сал, – деді.

Таң атпай Әзірейіл де келіп жетті:

– Ұлықпан, дәм-тұзың таусылды. Кеудеңдегі жан-аманатты тапсыр, – деді. Ұлықпан:

– Әй, Әзірейіл, екеуміз сапарлас болып едік. Менің жолаушылық ақымды бер, – деді. Әзірейіл:

– Уақытың тым аз. Тез айт, – деді.

– Маған Ұлық Алладан мың жыл ғұмыр сұрап алып бер. Әйтпесе, жол ақымды ақиретте сұрап, жағаңа жабысамын, – деді. Әзірейіл мына сөзді естігенде сілейіп тұрып қалды. Сосын Алладан:

– Иә, Алла. Ұлықпан менен жолаушылық ақымды бер дейді. Ақысына мың жыл ғұмыр тілейді. Не істейін? – деді.

– Пендемнің өлетін күнін айтпауың керек еді. Ол қайғырып, уайымға салынды. Оның жол ақысын талап етіп, қолқа салуы орынды. Әділдік заңы бойынша оның ақысын толтырып беруге міндеттіміз. Мен жомарт Құдаймын. Сұраған мың жыл ғұмырын бердім, – деді Алла тағала.

Ақылды әйелінің арқасында Ұлықпан мың жасаған екен. «Қапияда қатын ақыл табады» деген сөз осыдан қалған екен.

«Отбасы хрестоматиясы»

Ақпақұлақ, тасқұлақ, құймақұлақ (қисса)
«Әйелдің сән салтанаты» (қисса)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу