Талжан Раимбердиев: «Елбасының «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» деген қағидасын қызметтің қызығы

Oinet.kz 23-03-2019 882

Screenshot_30.jpg

«Мемлекеттік тіл» қозғалысының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының төрағасы:

 --Тәуелсіздік туы тігілгелі 20 жылдан асты. Содан бері қазақ тілінің жағдайы қаншалықты жақсарды?

-Тәуелсіздік ту тіккен соң  қазақ тілінің көсегесін көгертуге бағытталған көптеген әрекеттер жасалды.  Елбасымыздың өзі  қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін түрлі бағдарламалар, қаулылар қабылдады. Өкінішке қарай әлі де биліктегі лауазымды адамдардың көбісі орыс тілінде сайрап,  ана тілдерін жетік білмейді,  қазақ тілінде сөйлеу қабілеттері төмен адамдар. Олардың бала-шағалары да қазақ тілін білмейді. Себебі үйінде әке-шешесі орысша сөйлейді. Бала-бақшаға қазақ тілінде тілі шығып барған бала дүбара қазақ балаларының ортасына түсіп олар да ертең орысша сөйлей бастайды. Бұған қалай тосқауыл қою керек? Тәуелсіздіктің 20 жылдығын тойласақ та мемлекеттік тілге қырын қарайтындарға қандай шара қолдану қажет? Менің ойымша министр, депутат, әкім болсын, өзге ұлт өкілдерін айтпай-ақ қоялық, қазақ  бола тұра қазақ тілін білмесе,  қызметімен қош айтысуы  тиіс. Елбасының «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» деген  қағидасын қызметтің қызығын көрем деген басшы бұлжытпай орындауы қажет. Олардың орыс тілі, ағылшын тілін қосымша сөйлеуіне  ешкім қарсы емес. Алайда, биліктегі  қазақтарға ана тілдерін білмеу  кешірілмейді. Елбасымыздың «20 жылда  аюды да қазақша сөйлететін уақыт келді» деп шырылдап айтып  жатқанымен тапсырманы орындаушылар оны жүзеге асырып жатқан жоқ. Осыған дейінгі тіл мәселесіне қатысты бағдарламалардың көңілдегідей орындалмау себебі зерттеудің, сараптаманың жоқтығынан. Қағаз түрінде қазақ тілді осынша мектеп, осынша бала-бақша бар деп Елбасыға бұрмаланған ақпарат жеткізеді. Ал, сол балабақшаларға барып «қазақ тілі қалай оқытылып жатыр, пәлен жылдан бері неше бала тіл үйренді, қалғандары неге үйренбеді?»  деген секілді талдаулар жасалмайды. 

--Сонда биліктің биігінде тапсырманың дұрыс орындалуын қадағалайтын қазақ тіліне жаны ашитын адамдар жоқ па?

 -Жо-жоқ, биліктің биігінде қазақ тілінің мерейін өсіруді қалайтын  бірқатар азаматтар бар. Айталық, Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл Мұхаммед, Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағанбетов, тағысын тағылар  тіл жанашырлары. Ең үлкен тіл жанашыры Елбасының өзі. «Сын түзелмей мін түзелмейді» демекші Елбасыға шындықты шырылдап айтатын ақиық ақын, көрнекті қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов сияқты зиялы қауым өкілдерінің  аздығы, өзара бірлік таныта алмауы  өте өкінішті-ақ. Көмектің зоры шындықты айту. 

- Рас, өзге ұлт өкілдері соңғы уақытта қазақ тілін үйренуге  ыңғай танытуға көшті. Балаларын қазақ бала-бақшасына, мектептерге беріп, екі ауыз болса да қазақша білсін деп ниет білдіруде. Бетке ұстар тұлғалары да Парламентте қазақ тіліне құрмет көрсетіп,  тұщымды пікірлер білдіріп жүр. Өзге ұлттарға жасалынып жатқан жан-жақты жағдайға байланысты қазақ тілінің мәртебесін көтеруге атсалысулары  заңды құбылыс.  Енді мұның бәрі сарабдал саясаткер Президентімізді, қиын қыстау заманда құшағын ашқан қазақ халқын сыйлағандықтан деп ойлаймын. 

- Тілді дамыту бағдарламасында көзделгендей 2020 жылға дейін қазақша сөйлейтіндерді 95 пайызға жеткізе аламыз ба?

- Бағдарлама бойынша 2020 жылға дейін  қазақша сөйлейтіндердің саны  95 пайызға жетеді дегенге күмәнданам.  Себебі ол бағдарламаның ғылыми тұжырымдамасы жоқ. Ұлттың тағдырын шешетін бағдарлама болған соң  оның әр тармағының орындалуын жіті бақылау қажет еді. Олай болмай тұр. Мәселен, бір мектептептегі, балабақшадағы  әр баланың қазақ тілін қалай меңгеріп жатқандығына  зерттеу жүргізу қажет. Қазақ тілін қалай үйретіп жатыр, мұғалімі қандай, психологтар қалай жұмыс жасап жатыр? Міне, осыған назар аударса деймін. Өйткені келешекте билік тізгінін қолға алатын сол жас ұрпақ емес пе? Мен сізге мынаны айтайын: бес,  жеті жасқа дейін қазақша сөйлеп, қазақы тәрбие  алмаған бала кейін қалыптасуы өте қиын. Ана тілі бастапқы кезде қанына сіңбей қалса  отыз, қырық  жаста қазақ тілін үйреніп аламын деген  бос әурешілік. 

- Үш тұғырлы тіл саясатына байланысты не айтасыз?

- Үш тұғырлы тіл саясатын өз басым қолдаймын. Жаһандану заманында бұл керек үрдіс. Тәуелсіздікпен қатар Қ.А.Ясауи атындағы  Халықаралық қазақ-түрік университеті де 20 жылдығын тойлады. Өзім осы оқу орнында ғылыми және халықаралық қатынастар жөніндегі вице-президенті, техника ғылымдарының докторы, профессор, Б.Саттарханов атындағы «Намыс» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасымын. Универитетте барлық іс-қағаздар 100 пайыз қазақ тілінде рәсімделеді. Ал үш тұғырлы тіл саясатына байланысты студенттерге тегін тіл оқыту орталықтары ашылған. Мұндай жағдай Қазақстанның бірде бір өзге жоғарғы оқу орында жоқ. Үш тұғырлы тіл--XXI ғасырдың жастарына нағыз лайықты саясат. Қазақ тілі әрдайым бірінші орында тұруы керек. 

- Ашық пікір білдіргеніңізге алғыс айтамыз.

Мұрағаттан: 15.11.2012

Сүндет Рахымбердиев: «Қан орталығы әлемдік стандарттарға сай жұмыс істеп келеді»
Түрмедегі медицина
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу