Түркістанның түрленуіне тер төккен азамат

Oinet.kz 08-04-2021 2071

Өткен аптада өткен Түркі Кеңесі мемлекеттері басшыларының саммитінде Түркістан ресми түрде түркі әлемінің руханиа астанасы деп жарияланды. Түркістанда облыс орталығы болған үш жылға жуық уақыт ішінде адам танымастай өзгерді.

Жалпы Тәуелсіздік алғалы қайта түлеген Түркістанға еңбегі сіңген азаматтар аз емес. Солардың бірі Әліпбек Өсербаев болатын. Аптал азаматтан айрылғанымызға бір жылға жуықтап қалды.

Қызметтік жолында талай биіктерді бағындыра білген Әліпбек Шәріпбекұлы – Түркістанды үш дүркін басқарған әкім, оның ішінде Елбасының Жарлығымен облыс орталығы мәртебесін алған қасиетті қаланың тұңғыш басшысы атанды. Бұдан бөлек басқарма басшысы, облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметтеріне дейін көтерілді. Ең бастысы – елдің сенімін ақтап, көпшіліктің ризашылығы мен шынайы құрметіне бөленген абыройлы азамат ретінде есімі тарихта қалды.

Screenshot_1.jpg

Балнұр Өсербаева, қызы:

Әкем – басты ақылшымыз еді

- Жан әкем Әліпбек Шәріпбекұлы - ата-анасының  қамқоршысы, қолқанаты әрі кеңесшісі бола білген ұл. Ол - тек отбасының ғана емес, бүкіл Өсербаевтар әулиетінің нағыз тірегі, ақылшысы, қамқоршысы еді.  Мейірімді әке, бауырмал аға, қамқор ұл, адал жар да бола білді.

Оның мінез - құлқы, өзгелермен қарым - қатынасы, білімі барлық бауыр-туыстарының көз алдындағы айнымас үлгі болып табылады. Өсербаевтар әулиетінде дүниеге келген бауыр, іні-қарындас ол кісіден өнеге алып, өзіне қарап бой түзеп өсіп келеді. Оның тұғырының биіктігі соншалық, отбасында өскен әрбір ұл мен қыз ол кісінің жанында тік тұрып, ақылы мен сынына ешбір қарсылық білдірген емес.  

Әліпбек Шәріпбекұлы 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты әке, 8 немере көріп кеткен ата. Барлық балаларының өсіп, жетіліп, өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуына, қоғамдағы өз орнын дұрыс табуына әкеміздің атқарған еңбегі ерекше.  

Әкем жұмысқа қатты берілген жан еді.  Ол шын мәнінде халықтың перзенті  болды. Таңның атысынан кештің батысына дейін жұмыста. Ұйқыдан ерте тұратын. Таңғы 5-те оянып, спортпен шұғылданатын. Ұзақ қашықтыққа жүгіретін. Жүзуді ерекше ұнатушы еді, күнделікті 3-4 шақырымдай  жүзетін.  Біз енді ұйқымыздан тұрып жатқанымызда әкеміз шымыр әрі тың күйде жұмысқа шығып кететін.

Үйде сирек көруші едік. Көп уақытын жұмысында өткізді. Әдетте түнгі сағат 11-лерге таман оралатын. Бірақ, шаршап келгені жүзінен байқалып тұрса да, «шаршадым» деп шағым айтпаушы еді. Тек «үһһ» деп диванға жайғаса кетіп, көк шайын ішіп, бір мезгіл теледидар көрген соң барып жататын. Әкем  өмірінің едәуір бөлігін осылай өткізді.

Жұмыста суық, қатал кісі болғанымен, үйге келгенде басқаша болатын.  Әкем немерелерін ерекше жақсы көретін. Әр немересі туылған сайын олардың атын атамай, өзі ерекше ат қойып алатын. Іс-сапармен қайда барса да, міндетті түрде құр қол оралмай, немерелеріне сәлем-сауқыт әкеліп жүретін.  Өте балажанды еді.  Әсіресе немерелерінің жанында жадырап, жайнап, күлімдей қарап отыратын. Жұмыста жүрген сәтінде «балалар мен барғанша ұйықтап қалмасыншы» деп жиі сұранатын. Үйге келген соң немерелерінің ортасында мауқын басады, ойнайды, бүлдіршіндерге ат болады.   

Screenshot_6.jpg

Қанша жұмыс басты болғанымен, кітап оқуға уақыт табуға тырысатын. Әкем әдебиетті өте жақсы көрді. Біздің үйдің бір бөлмесі әдеби кітаптарға толы. Бірде  «Сіз осы кітаптарды оқисыз ба өзі, мүлдем ашылмаған, жап-жаңа  кітап сияқты ғой» деп айтқанымызда көкем «мен бұл кітаптарды баяғыда-ақ бірнеше қайтара оқып тастағанмын. Кітаптарды сендер оқысын деп жинап жатырмын» деп жауап қатқан еді. Жуырда үйді жинастырып жүріп көкемнің қолжазбаларын тауып алдым. Блокнотына түрлі нақыл сөздерді, әсіресе Бауыржан Момышұлының сөздерін түртіп жүрген екен. Көбіне  адамгершілік жайлы, қандай басшы болу керек деген тақырып төңірегіндегі құнды ойлар. Көкем осыған да уақыт тапқан екен. Айта кетерлігі, барлық жағынан да мінсіз болуға ұмтылған әкемнің  тіпті жазуы да ерекше болатын. Құдды бір өрнектеп жазатындай. Осыдан-ақ өзіне деген талапшылдығын аңғаруға болатын шығар.

Бос уақытында әкем аңшылыққа шыққанды ұнататын. Оқта-текте жақын  дос-жарандарымен аң аулауға шығып кететін.  Сондай-ақ,  атқа мінгенді ерекше жақсы көрді.  Немерелеріне  де атқа мінуді үйретіп, тіпті  оларға арнайы ер-тоқым жасатты.

Screenshot_8.jpg

Әкем – басты ақылшымыз еді.  Мамандық таңдауда сол кісінің пікіріне жүгіндік. Інім екеуіміз экономист мамандығын таңдасақ, екі бауырым заңгер болды. Қазір ұлдары Ермек пен Ербол құқық қорғау органдарында абыройлы қызмет атқарып жүр. Ал інім Бекнұр Чехия аграрлық университетінің магистранті.  Бірде болашақ мамандық туралы әңгіме қозғалғанда  әкемнің «ақша табу оңай, адам болу қиын. Арба айдап та, көлік жүргізіп те ақша табуға болады, бірақ жақсы адам болып қалу – ең басты нәрсе» деп айтқан өсиеті есімде мәңгіге сақталды.

Ол кісінің денсаулығы өте мықты еді. Спортпен шұғылданып жүргендіктен бе, денсаулығының сыр бергенін аса байқамадық. Тек соңғы бір-екі  жылда қатты ауырғаны бар. Клиникаға жатып, емделіп шыққан соң біршама  дұрыстау болып қалған  еді. Дегенмен, бітпейтін сансыз шаруалармен шапқылап жүріп толық емделуге уақыты болмады.   Бізді  де уайымдатқысы келмей, денсаулығына қатысты мәселелерді айтпады. Асқар таудай әкеміздің биік тұлғасына қарап одан бір күнде  айырылатынымызды, күтпеген жерден өміріміздің астаң-кестеңі шығатынын қайдан білейік...

Screenshot_9.jpg

Әкеміз  соңғы күндерін карантин жағдайындағы Темірланда өткізді. Біз отбасымызбен Түркістанда болдық. Көмекшілерінің айтуына қарағанда, соңғы 3-4 күн бойы ауырған болуы керек. Бірақ қиналса да  бізді уайымдатқысы келмеді. Тек «кейінірек емделермін, жазылып кетермін» деп, уақытты созып алған екен. 

"Рейтинг" газеті, №14, 8 сәуір, 2021 ж

Ауылдағы халық неге байымайды?
Арыстанбабқа түне, Қожа Ахметте тіле!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу