Өлгесін денесін өртеуді өсиеттеген қарияның құпиясы

Oinet.kz 22-10-2022 2470

Оның есімі Жұма болатын. Былайғы жұртқа сиымды, елгезек адам еді. Қай жерде өлім, қай жерде той болса сонан табылатын. Ауылдың әр тойында қазан басында жүретін, әр табаққа түсетін сыбағалы жіліктің сынын бұзбай тарата алатын санаулы қарттың бірі еді. Кісіні кебіндеп көмумен, арулап аттандыру да онсыз өтпейтін. Жол-жоралғыға өзгеше жүйрік болды.

Screenshot_7.jpg

Ол өзін найманмын деп атады. Көктоғай беті қалың керей болғандықтан мұндағы наймандар азшылық есебінде еді. Сондықтан да найманмын деген кісінің шежіресін ауыл қарттары арыдан таратып айтып бере алмайтын. 

Жұманың тегі туралы сөз бола қалса:

- Оспан атылған жылдың жазында көшіп келді ғой,- десетін.

Жұманың бойжеткен екі қызы, отаулаған үш ұлы бар-ды. Кемпірі қайтыс болған. Мал дүниесі бір басынан артылып жатса да тыным таппайтын. Ойдан орып, қыр-дан қырып, дүние жиятын. Айлы түндерде егістік атызында күйбіңдеп жүретін осы төңіректегі жалғыз адам. Қатар құрдастары айтатын:

- Ақыретіңе бұйыратыны екі метір кездеме ғана Жұма! Немере құшып отыра-тын жасыңда, атыз-арықтың басындағы аз қылтанды көріңе төсейсіңбе жазаған-ау!

Жұма табақтай бетіндегі кірпіксіз сығыр көздерін ашып-жұмып ұзақ күлетін де:

- Атаң қазақ “түстік ғұмырың қалса, кештік мал жина” демейтін бе еді?!-дейтін.

- Оны бір айтса, сенің атаң айтқан шығар. Менің атам олай демейтін еді.

Жүкең тағы күлетін. Күліп жүріп, шаруасын жайғай беретін. 

Бірде атам шыңауға берген шалғысын алып келуге Жұманың үйіне жұмсады. Мен барғанда жұма ауласында шиден шарбақ тоқып отыр екен · Көре сала әдетінше ыржиып күлді: 

- Әй осы сенің руың қай ел а?

- Білесіз ғой

- Жоқ, білмейді екем! айта қойшы ал, өз аузыңнан бір естиік?!

- Найман 

- Оның ішінде?

- Төртуіл 

- Найманның ортақ таңбасы қандай?

- Білмеймін!

- Тағы өздері найманмын деп қояды. Жүр бермен!

Орнынан жеңіл қарғып тұрған Жұма ауласының бұрышындағы темір -терсек салынған ескі оюлы сандықтан Y пішініндегі темірді алып шығып, мұрныма тақады.

- Міне көріп ал, Бақан! Осы сенің ру таңбаң!

Осы кезде қора жақтан бір тауық жанұшыра жүгіріп келді де тура алдымызға келіп тарыс етіп жарылды. Мен бақырып Жұманың етегіне тығылдым. Қарсы алдымыздағы аттам жерге тауық қаны шашырап, қауырсынға көмілді. 

- Иттің ғана немерелері-ай! Кеше ғана бір сиырдың сарпайын дал-дұл қылып еді. Бүгін міне тауық! Әй жетпей желкелерің қиылғыр жүгірмектер әкел бері са-лютты! Өздеріңнің құйрықтарыңа қыстырып қойып тамызайын кәне!

Жұма далпылдап қора жаққа жүгірді. Екі тентек немере тауық қорадан қарғып шығып тұра қашты. 

Мен енді жан кіре бастаған аяқтарымды зорға икемге көндіріп, үйге қарай аяңдадым. 

Содан бірнеше жылдар өткесін, шілденің маужыр таңдарының бірінде жаздық тошала үйіміздің төрінде шай ішіп отырғанбыз. Сырттан кіріп келген Бақыт көршіміз:

- Естідіңіздер ме Жұма ақсақал қайтыс болыпты.

- О, қу дүние,- деді атам. -Жұманың да басынан көшкен екенсің ғой! Бетін сипап дүға жасамаққа ыңғайлана бергені сол еді.. Бақыт шыр ете қалды:

- Дүға жасауға асықпаңыз ақсақал….

- О, несі тағы?!

- Жүкең өсиет хат қалдырыпты. 

- Хатын ұрпағы оқыр! Біз дұғасын оқимызда енді.

- Әңгіме сол дұғада болып тұр ата.

- Айтарыңды жұмбақтамай айт!

- Жұма хатында “мен қазақ та, мұсылман да емеспін, ұлтым қытай! Мені өз нәсілімнің ғұрпымен қытайша жерлеңдер, болмаса өртеңдер” депті.

- Құдай ұрсын! Атам тұра беріп, жалп етіп отыра кетті.

Бір күн босағысында еру болған Жұма шаңырағында үлкен шу болды. Ұлмен қыз екіге жарылды.

Ұлдары айтты: 

- Ертең ел-жұртқа не бетімізбен қараймыз! кім болып өмір сүрді, сол болып өлсін, сол болып жерленсін! 

Бойжеткен екі қызы айтты:

- Әкеміз мұндай мәжбүрлікке не үшін барғанын сен де менде, мұндағы қалың елде білмейді. Дәуде болса кім болып туды, сол болып өліп, құдай алдында беті жарық барсын! Өтінішін орындайық!

Ауылдастары айтты:

- Не де болса өтірік сүрген өмірі ұзақ жыл ішіне шемен болып байланған екен ғой байғұс! Ұрпағы өздерің шешіңдер!

Ақыры бір қытайы жоқ Тараты маңындағы қалың қазақ зиратының маңында бақсының моласындай жалғыз оңаша бейіт бой көтерді. Ұзақ жылдар дәм-тұзы жарасып, шәй деспеген өз ауылдастарының қарасы қалың қорымына қосыла алмай жүдеп тұрды.

Кейіндеп қарасы көбейді.

Ғалымбек Елубай 

"Қытай болып өлген қария"

Соғыста өз бауырын өлтірген ардагер
Фотода жасырылған бананды таба аласыз ба? 90 пайыз адам таба алмайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу