Өз-өзіне қол жұмсаған қазақ ақын-жазушылары туралы не білеміз?..

Oinet.kz 28-01-2024 3004

«Өз-өзіңді өлтіру туралы ой – ұлы жұбаныш. Сол ойдың көмегімен қараңғы түннің көбін аман атыруға болады» дейді Ницше. Ал Ван Гог, Джек Лондон, Владимир Маяковский, Вирджиния Вулф, Марина Цветаева, Стефан Цвейг, Рюноскэ Акутагава, Ричард Бротиган, Аллександр Фадеев, Дэвид Уоллес, Джон Тул, Хантер Томпсон, Энн Секстон, Сенека Младший, Сильвия Плат, Юкио Мисима, Сергей Есенин, Эрнест Хемингуей, Ника Турбина, Франц Кафка, т.б. сынды ұшы-қиыры жоқ ұзын сонар тізімдегі Ницше айтқан «қараңғы түннен» аман шыға алмай қалған адамдардың көкірегінде нендей қара құлып, нендей қараңғы құпия ашылмай қалып кетті?!. 

Screenshot_7.jpg

Жарайды бұл авторлардың өзіне қол жұмсау себебі, психологиялық жай күйі туралы деректер жоғарыда айтқанымдай кез келген виртуалды желіден көз-майыңды тауысып іздетпей-ақ табыла кетеді. Тіпті кейбірінің өлім жағдайы аса күмәнді болғаны соншалық, бір дерек, бір дерекпен қабыспай қалып жатуы да ғажап емес. 

Ал «қазақ әдебиеті» өкілдерінің өз-өзіне қол жұмсауына не себеп? Бұл туралы деректердің ашық айтыла бермеуіне не себеп? Бәлкім «өз-өзіне қол жұмсау – үлкен күнә» дейтін діни сенімге сүйенетін шығармыз. Бәлкім «өлімді айтсаң көбейеді», «өлім шақырма» дейтін дәстүрлі нанымнан шығар. Не «аспа – жұқпалы ауру» дейтін мистикалық үрейге бой алдырып алдық па екен... Ал, осы өлімдердің көлеңкесінде күрмеуі шешілмеген небір күмәнді ажалдардың жасырынып жатуы мүмкін екенін ойланып көрдіңіз бе? Себебі, бізде өзіне қол жұмсағандардың қазасын жасырып, «әлдебіреулердің» қатысымен келген ажалдарды «өз-өзіне қол жұмсапты» деп дабыра етіп жариялайтын түсініксіз бір система бар секілді көрінеді. Ендеше қазақ әдебиетіндегі «өзіне қол жұмсап» қайтқан ақын-жазушылар туралы деректерге көз жүгіртіп көрейік: 

Screenshot_8.jpg

Бернияз Күлеев – ақын. 1899 жылы Торғай облысы, Ақтөбе уезі, Бөрте болысында туған. Мағжан Жұмабаевтың жақын досы. Өмір сүрген жылдарынан-ақ ауыр кезеңде туғанын, күн кешкенін білуге болады. Алайда, ақынның өз-өзіне қол жұмсауына елдің ахуалы емес, сезіми салдар әсер еткен екен-мыс.

Бернияз 20-шы жылдары татар зиялыларының ұйымдастыруымен өтетін «Шығыс клубы» деп аталатын поэзия, өнер, театр, музыка жайында пікір алмасуларға қатысып тұрады. Сол кештердің бірінде Қазан университетінің медицина факультетінің студенті Зейнеп Ахмеровамен танысып, көңіл жарастырады. Дегенмен, екі жастың шаңырақ көтеріп, отау құруына Зейнептің ата-анасы үзілді-кесілді қарсылық танытады. Сезімдерінің алдында әлсіздік танытып, шарасыздықтың шырмауынан шыға алмаған қос ғашық туыстарына «біздің өлімімізге ешкімді де кінәлі деп санамауларыңызды сұраймыз» деп хат жазып, өздерін атып өлтіреді.

Солай Бернияз Күлеев аза бойы қаза болып жатқан халқын да, үміт күткен әдеби ортасын да азаға булықтырып, 1923 жылы, небәрі 24 жасында о дүниесіне аттанып кете барады.

Егер бұл Бернияздың өмірден өту себебінің жалғыз дерегі болса, әп-әдемі лиро-эпостық дүниеге айналдырып алуға болатын-ақ оқиға. Қырғыздар айналдырып та алған деседі. Алайда Мағжан Жұмабаевтың «Тілші» газетінде жариялаған азалы мақаласында: «Бернияздың өз өмірін өз қолынан бітіруіне қандай себеп болғаны бізге беймәлім. Алайда, жастықтан, әсіресе тәртіпті дұрыс тәрбие алмаудан туған бір себеп болуында шүбә жоқ, олай болса, жас жанның мұндай жолға түсуіне өзінен бетер әлеумет айыпты. Түзу жолға сала білмеген, дұрыс тәрбие бере білмеген әлеумет, аласұрған жас жанның қолына мылтық беруші сол, осыны ұғу керек. Үмітті жасымыз неге ерте кетті деп емес, неге ерте кетірді деп ренжу керек, Күнә сенде емес көптікі. Жаның тыныш болғай еді, жас ұлан!», - деп кінәні жұқалап болса да әлеуметке артқаны көңілге күдік ұялатады. 

Ал Сәбит Мұқановтың «ХХ ғасыр әдебиеті» деген кітабындағы: «Бернияз пролетариаттың темір тегеурініне шыдай алмады. Пролетариат үстемдігі барда табына тіршілік жоғын оның тапшылдық жүрегі сезді. Ол сондықтан өлді», - дейтін дерек көңілге кірген күдікті тіптен қоюландыра түседі.

Screenshot_9.jpg

Ал балалар әдебиетінің классик жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың қазасы әлі күнге дейін күрмеуі шешілмеген күмәнді жайт екені жалпыға мәлім. Қадыр Мырза-әлі «Жазмыш» кітабында жазушының өлімі туралы: «Кейін Бердібек Соқпақбаев қазасына куә болған бір әріптесімнен төрт-бес адам болып барып, Кеңсайдағы саяжайынан төбеде асулы тұрған марқұмды өз қолдарымен түсіріп алғанын естідім. Қазақ баспасөзі оның қалай өлгені туралы шындықты бүгіп қалды. Біздің өзіміз түк білмедік. Қалың қазақ оқырманы әлі күнге шейін оның қалай қаза болғанынан бейхабар», – деп жазды.

Бірақ неге? Жазушының 67 жасында өзін асып қоюына нендей себеп болды? Тағы бір жұмбақ. Қадыр Мырза-әлі бұл туралы: «Қалай дәлелдесе де, мен оның асылып өлгеніне сенбеймін. Алдымен өлтіріп, содан кейін асып кетуі мүмкін. Бұл жағынан оның қазасы Сергей Есениннің қазасына қатты ұқсайды»,- деп болжам жасайды. Оған себеп те жетіп артылады.

Өмірінің соңғы кезеңдерінде жазушының артына үш әріп түскені туралы деректерді де көзіміз шалып қалды. Әлдебір тікбақай мінезі үкіметке жақпай қалып, қатаң бақылауға алынғаны ғой... Жазушының бірге қызмет атқарған замандасы Мұзафар Әлімбаев бір естелігінде 1958 жылдың күзінде жұмыс кеңсесіне бейтаныс жігіттің жылы шырай танытқансып, Бердікбектің идеялық позициясы, саяси ұстанымдары туралы сыр тарта сұрақтар қойғандығын, Әлімбаев Соқпақбаевқа қарсы ешқандай куәлік бермегесін, әлгі бейтаныс жігіт «онда сіз мені көрген жоқсыз» деп шығып кеткендігін жазады. Қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі онкүндігі кезінде қазақ балалар әдебиеті проблемалары талқыланған кездесуде де Бердібек төбе көрсетпеген. Оны іздеуші, сұраушыларға «ауырып қалды ғой деймін» деген салғырт жауап қана қайтарылған. Осыдан кейін Бердібек өз еркімен жұмыстан да шығып кетеді. Бұл туралы М.Әлімбаев: «Осы күні ойласам, Б.Соқпақбаевтың журналдағы жұмысынан кетуіне сыртқы бір күштің ызғары тиген секілді»,- деп жазады. Демек классик жазушының да ажалы қою күдік пен күмәнге толы қара құлып. Бөлек жұмбақ.

Screenshot_6.jpg

Жазушы, ғалым Ақселеу Сейдімбектің қазасы туралы да ара-тұра алып-қашпа әңгімелер айтылып қалып жатады. Бұл туралы Оразымбет Әлімбеков «Ақселеу харакири жасады ма?» дейтін мақаласында: «Жақында туған жерім Шымкентке пойызбен бара жатып ойда жоқта Темірхан Медетбек, Аманхан Әлім, Маралтай Райымбекұлы, Қазыбек Иса, Әмірхан Балқыбек және тағы басқа қазақтың бетке ұстар ақындарымен сапарлас болдым. Олар Шардара қаласының мерейтойымен бірге өтетін Ә.Балқыбектің жыр кешіне қатысуға бара жатыр екен. Бәріміз кешкі ас үстінде отырып, осының алдында ғана қайтыс болған Ақселеу Сейдімбекті еске алып әңгіме жасадық. «Жас қазақ үні» газетінің бас редакторы Қазыбек Иса бәріміздің төбемізден жай түсіретіндей сенсация айты. Оның айтуынша, Ақселеу Сейдімбек өз-өзіне қол жұмсап өліпті. Қазақтың ел болмайтынына түңіліп, осы халге жеткізген ел басшыларына ауыр сөз айтқан хат жазып, мұнан соң өзін қайда жерлейтінін, қабірінің басында кім сөйлеп, кімнің баспасөзде қоштасу жазатынын тәптіштеген аманат қалдырыпты. Бұдан кейін ішін пышақпен орып жіберіпті. Қансырап жатқан оның үстінен түскен туысқандары дәрігер шақыртыпты. Дәрігерлер пышақ ізін көре сала полицияға хабарлаған. Бәрінің анық-қанығын анықтаған олар басшыларының нұсқауы бойынша бұл істің дымын шығармай жауып тастапты»,- деп жазады. Алайда, мақала соңында Ақселеу Сейдімбектің жан досы Қойшығара Салғариннің бұл әңгіменің бәрін жоққа шығарғанын да қосыпты. 

Screenshot_5.jpg

Ақын, публицист, ғалым Әмірхан Балқыбектің де өз-өзіне қол салғанын барынша жасырып-жабуға тырысты. Алайда Амангелді Кеңшілікұлы өзінің «Көңіл күнделігінде»: «Сенің жаның арманға толы еді ғой, Әмірхан. Өмірге түңіле қараған кезіңді өз басым көрген жоқпын. Неге осындай шешім қабылдадың аяқ астынан, қайран қасқа бала? Кімге нені дәлелдемек болдың? Сен кеткенмен де ақындарын азапқа салып қойған мына жалған дүниенің жүрегі жыли қоймайды, біздерді аяп...»,- деп жазады. Сондай дүниеге бір келетін хас таланттардың өз өмірінің үкімін өздері кесуіне не себеп болды екен? Бұл жерде де әлеуметтің әлдебір әсері бар секілденіп тұрғаны. Себебі, Әлия Бөпежанова азалы жазбасында: «Қазақ қашанғы жақсысынан осылай айырылып қала береді?... Жүрегіне түскен салмақтан дүние кешкен Әмірханның қазасы – біздің билікке, тіпті бәрімізге сигнал болуы керек. Биліктің мұнайы мен көмірін, қазба байлықтарын түгендей бермей, адамын, руханияттағы еңбегін ешбір баррельмен өлшеуге келмейтін тұлғаларын түгендейтін; олардың өз бойындағы талантын ел игілігіне жұмсауына жағдай тудыратын уақыты келді. Адами капиталын бағалайтын уақыты келді!»,- дейді.

Screenshot_4.jpg

Бірнеше жыл бұрын 39 жасында дүниеден көшкен жазушы Аягүл Мантайдың да қазасы елді дүр сілкіндірді. Әлеуметтік желілердегі белсенділігі арқылы шығармашылығын қалың елге танытып, оқырманының сүйіктісіне айналып үлгерген Аягүлден аяқасты айырылып қалған ел, мұның себебін сан-саққа жүгіртумен болды. Дегенмен бірнәрсе анық. Оның қазасына жеке бас трагедиясынан көрі әлеуметтік желі арқылы жасалған кибербуллинг себеп болды (әлеуметтік желідегі кибербуллинг жайлы алдағы нөмірлерде тағы да тоқталатын боламыз). 

Қазақ жұртшылығын, әдебиетін қара жамылдырып кеткен осындай ұлы тұлғалардың қазасы әлі күнге дейін күрделі зерттеулерді талап ететін өзекті жайт. Ғасырында бір туатын сүйікті қаламгерлерінің қазасының ақиқатын білуге қазақ қоғамы құқылы деп білеміз...

Сезім МЕРГЕНБАЙ

Хас сұлу қыз не үшін тұрмысқа шықпағанын түсіндірді...
Қазақ қызына қырғыз жігіті сезімін білдіргенде қазақ қызының айтқан жауабы...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу