Зиянкес жәндіктер мен кеміргіштерге қарсы дезинсекция

Oinet.kz 23-04-2023 3450

Дезинсекциялау мен кенеге қарсы энзоотикалық залалсыздандыру жұмыстары қала аумағындағы 37 өзен-канал, 11 саябақ және 38 гүлзарға жүргізіледі. Қаланың ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Абунасыр Жанбатыров оны ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте мәлімдеді.

сайт 88 фото.jpg

–Кеміргіштерге қарсы өзен жағалауы мен суару каналында 160,7 мың, қала орталығындағы барлық қоқыс контейнер айналасындағы 16,7 мың шаршы метр аумақ залалсыздандырылады. Ал, масаларға қарсы өзен-канал жағалауындағы 135,2 мың, саябақтарда 248,6 мың, гүлзарлар мен аллеяларда 855 мың шаршы метр дезинсекцияланады. Бұл жұмыстарды жүзеге асыратын мекемелер мемлекеттік сатып алу порталы арқылы ашық конкурс тәсілімен анықталып отыр,-деді басқарма басшысы. 

Сонымен қатар, ірі қара мен ұсақ малдарды бүрку жұмыстары жүргізіледі. Басқарма тарапынан 95,2 мың ірі қара, 88 мыңнан аса ұсақ малды тоғыту жұмысы жоспарланған. Бұл жұмысқа қаланың «Ветеринариялық қызмет» шаруашылық жүргізу мекемесінен бүркегіш құрылғысы бар 6 автокөлік, 18 қызметкерден тұратын 6 бригада жұмылдырылған.

–Қажетті 2 434 литр сұйықтық пен 34 979 кг ұнтақ препараттар үшін 31,8 млн-нан астам қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы жеткізілді. Препараттар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетімен қолдануға рұқсат етілген,-деді А.Жанбатыров. 

Брифинг барысында қала төңірегіндегі ауыл шаруашылығы жерлеріне едәуір зиян келтіретін саяқ шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмысы жүргізілетіні де айтылды. Өткен жылы «Болжау» орталығы 1 250 гектар жерге химиялық өңдеуді ұсынған болса, биыл 1 150 гектар алқап шегірткеге қарсы дәріленеді екен. 

Брифинг соңында ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Абунасыр Жанбатыров тақырыпқа байланысты қойылған сауалдарға жауап берді.


Кенеге қарсы энзоотиялық залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі
Шаруаларға мемлекеттік қолдау шаралары жалғасып келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу