«Адал еңбекпен тапқан табыс қана берекелі болады»

Oinet.kz 03-04-2024 88

img_20240315_160742_966.jpg

 

«Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек. Елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп. Біз олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет. Ұлы Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі – бос» деген сөзі әлі де өзекті болып тұр. Мен зиялы қауым өкілдерінің бір-біріне әрдайым тілектес болғанын қалаймын. Өзара жанашыр болу, түптеп келгенде, елге жанашыр болу деген сөз. Тағы да қайталап айтқым келеді: ұсақ-түйек әңгімені қою қажет. Қазақты бөліп-жаруға болмайды. Біз жалпыұлттық деңгейде ойлауға ұмтылуымыз керек. Мысалы, әрбір қазақ ата-бабасын құрметтейді, рухына тағзым етеді. Сондықтан шежіре біздің мәдени кодымыздың ажырамас бөлігіне айналған. Бірақ біз тек қана осы түсінікпен шектеліп қалмауымыз қажет. Ең бастысы, бұл мәселені ешқашан саясатпен араластыруға болмайды»,--деді жуырда Атырауда өткен Құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, Президент Құрылтайда: -- Біз жастардың құмар ойынға салынып, арзан табысқа ұмтылуына жол бермеуіміз керек. Адал еңбекпен тапқан табыс қана берекелі болады,--деді.

Мемлекет басшысының Құрылтайда көтерген бастамаларына шымкенттіктер де үн қатуда.

--Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев ІІІ-ші Ұлттық құрылтайда ұлтымыздың тәлім-тәрбиесіне үлкен мән беру керек екенін нақтылай түсті. Ұлттық тәрбие – рухани жаңғырудың қайнар көзі. Келелі жиында еліміздің болашағы әрі қозғаушы күші болып саналатын жастарымызға ерекше мән бергенін айтуға болады. Бүгінгі жас ұрпақтың әлеуеті зор екеніне ешкімнің таласы жоқ деп айта аламын. Тәуелсіз елімізде, озық ойлы, еркін сөйлей алатын, нақты пікірін жеткізетін жастардың легі қалыптасты десем қателеспеймін.

Халқымыз «Тәрбие табалдырықтан басталады» деп бекер айтпаған. Сондықтан да, ұлттың сапасын арттыратын келешек ұрпақ – ол Біз, Сіз тәрбиелеп отырған ұл-қызымыз. Президент айтқандай: «Жастарымыздың әлеуеті мен қарым-қабілетіне қарасақ, «Қазақстанның қарышты қадамын» жасауға біздің толық мүмкіндігіміз бар екені байқалады». Сондай-ақ бұл сөздің түп негізі Мемлекет басшысының ұсынған «Адал азамат» ұғымы Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатқанын байқауға болады.

Ел Президенті жиында елдің болашағы үшін «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар екенін айтып өтті. Осы үш ұғымды жастарымыздың бойында қалыптастыра алсақ, нағыз мемлекетшіл, отаншыл, ұлтжанды азаматтарды тәрбиелеп шығарамыз деген сенімдемін. Абай атамыз армандаған, аңсаған мұрат-мақсаттарының ең биік қол жетпес асқар шыңы – «Толық адам» сонда ғана қалыптасатыны белгілі.

Түйген ойым, қай салада болмасын адалдықты ту ететін тұлғалар қызмет ететін болса, еліміз қарыштап дамып, әлемде ойып алар орны бар елге айналамыз деген сенімдемін,--дейді Шымкент қаласының мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Қайрат Имашев.

4.jpg


Шымкенттен Ақтөбеге көмек жөнелтіледі
«Мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу