Шымкентте Жүсіпбек Аймауытов колледжі ашылды

Oinet.kz 04-04-2024 70

7.jpg 

Оқу орны Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті жанынан құрылды. Колледждің ашылу рәсіміне Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысты. Жүсіпбек Аймауытұлының атын беру униерситет жанындағы ғылыми кеңес мәжілісінде кеңінен талқыланды. Шешім қолдау тауып, арнайы орта білім беретін оқу орны қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист есімімен аталды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Әзірге аталған колледжде 3 мамандықты оқытуға лицензия берілген, олар бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі, музыкалық білім беру, көркем еңбек.

Мұнда 58 оқытушы жастарға білім береді. Оның 1-уі ғылым докторы, 17-сі ғылым кандидаты, 3-уі PhD, 29-ы магистр, 3 –уі аға оқытушы. Материалдық-техникалық базасы заман талабына сай жасақталған ғимаратта 175 кабинет, 13 зертхана, 2 шеберхана жұмыс істейді.

Осы жерде айта кетейік, былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында білім саласындағы бірқатар мәселелерді атап өткен болатын:

--Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет. Бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы шарт. Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек.

Ұлттық экономиканың бірқатар саласында кадр тапшылығы қатты сезілуде. Әсіресе, техникалық және жұмысшы мамандар жетіспейді. Сондықтан осы салаларға қатысты білім берумен мықтап айналысқан жөн. Оқу орындары түлектерге жұмыс бере алатын мекемелермен ұзақ мерзімге арналған әріптестік орнатуы қажет. Экономиканың басымдықтарына, аймақтың және саланың ерекшеліктеріне байланысты тиімді қаржыландыру тәсілдері керек.

Еліміздегі демографиялық өсім білімге деген сұранысты арттырады. Мемлекеттің білім саласына қатысты жұмысында тұтастық, яғни жүйе жоқ. Тіпті, өзара байланыс жоқ деуге болады. Сондықтан бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырамын. Бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылуға тиіс. Осы жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады,--деді Мемлекет басшысы.

 


Шымкент: Тұрғын үй жоспары орындалды
Жәрмеңкеде мыңнан астам жұмыс орны ұсынылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу