Перғауындар қарғысы: Аңыз ба әлде рас па?

Oinet.kz 01-07-2019 5367

Египет Пирамидасымен байланысты жұмбақтар мен аңыздар, құпиялар өте көп. Солардың ішіндегі ең көп таралған мистикалық оқиғалардың бірі – Перғауындардың қарғысы. Ежелгі Перғауындардың мазасын алған зерттеушілер мен қазына іздеушілер өз өмірлерін қайғылы түрде аяқтаған.

20744313-e1510844167772.jpg

Бәрі осыдан 100 жыл бұрын басталған... 

Screenshot_1.jpg

1922 жылы қараша айында ағылшын археологы Говард Картер мен Джордж Карнарвон он сегізінші династияның билеушісі болған Перғауын Тутанхамонның мәйітін ашқан. Ал келесі жылдың көктемінде газет беттерінде лорд Карнарвонның кенеттен қаза тапқаны туралы ақпараттар таралған. Журналисттер археологтың қарғыстың құрбаны болғаны туралы жапа-тармағай жазады.

Басылымдарда ғалымдардың Перғауынның қабіріне кірер тұста «Кімде-кім Перғауынның тыныштығын бұзатын болса, оны өлім күтеді» деп жазылған сазды тақтайшаны тапқаны туралы ақпараттар пайда болған. Бірақ ол зерттеушілердің армандарына жету жолында кедергі бола қоймаған.

Карнарвонның әріптестері басылымдардағы ақпараттарға сенбей, Перғауындардың мұнда түк қатысы жоқ екенін, археологты өлімінен бір тәулік бұрын қандай да бір улы жәндіктің шағып алғанын, трагедияның бар себебі сол екенін мәлімдеген. Бірақ бұл жұмбақ өлімдер тізбегінің басы болған. Көп ұзамай экспедицияның тағы бір мүшесі – амеркандық Мэйс қаза табады. Соңғы күндерінде ол өзінің түсініксіз жағдайда жүргенін, физикалық және рухани қатты әлсіреп жүргенін айтқан. Тутанхамонның қабіріне кірер қабырғаны бұзуға белсене араласқан нақ сол Мейс болатын.

Қысқа мерзім ішінде қазба жұмыстарына қатысушылардың бірнешеуі өмірден озған. Тіпті қазба жұмыстарына тікелей қатыспаған адамдар да зардап шеккен. Мысалы, Британдық жеке кәсіпкер Вульф Перғауын мумиясын көремін деп, нәтижесінде Англияға қайтып бара жатқан жолда кеме бортында қаза табады.

1939 жылы наурыз айында Перғауын қабірінде болған археологтардың бірі Говард Картер де қаза табады. Экспедиция уақытынан 16 жыл өтіп кеткеніне қарамастан, газетшілер оның өлімін де «Перғауындардың берген жазасына» жатқызған. Сонымен, Перғауындардың қарғысы деген нәрсе бар ма?

Бұл сұрақпен келісушілер де, келіспеушілер де бар. Мысалы, әйгілі ағылшын жазушысы Артур Конан Дойл оның аңыз емес екендігіне сенімді болған. Ол абыздардың қайтыс болған билеушілері Тутанхамон қабірінің тыныштығын күзету үшін қара күштерді араға салғандығын мәлімдеген. Әлемге танымал тұлғаның осындай пікірі қоғамда үлкен резонанс тудырғаны анық.

Ал материалисттер жағдайды ғылыми тұрғыда түсіндіруге тырысып бақты. Мысалы, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары египеттік дәрігер Эз-эд-дин-Таха өзінің көпжылдық зерттеу мәліметтерін жариялаған. Пирамида зерттеушілерінің барлығының дерлік ағзасында өкпенің қабынуын тудыратын вирус табылған. Өзінің белсенділігін бірнеше мыңжылдықтар бойы сақтайтын дәл сондай вирус мумиялардан да табылған.

Ал «Перғауындар қарғысының» алғашқы құрбаны болған Джордж Карнарвон Египетке барудан бұрын да өкпе ауруымен ауыратын болған. Климаты мүлде бөлек мемлекетке барған соң ауруы асқынып кеткен болуы да ғажап емес.

Төбе шашыңды тік тұрғызатын тылсым шығарма
Бастырылу, «ұйқы салы» немесе «кәрі мыстан синдромы»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу