Бердібек Соқпақбаевтың жары. Естелігінен

Oinet.kz 08-01-2020 1122

Жазушы Бердібек Соқпақбаевтың жары Бәшен Баймұратқызының естелігінен:

image.png

Бердібек екеумізге Алматыда тірлік кешу қиынға айналды. Пәтер жоқ. Отын-су удай қымбат. Алатын жалақымыз мардымсыз. Сөйтіп, кешегі ауылдағы өмірімізбен жылап көрісетіндей жағдайға жеткен соң 1951 жылы Нарынқолға оралуға тура келді. Бұл жолы біз аудан орталығындағы орта мектепке орналасып, Бердібекке жақын болып келетін Шәріп Жусанбаев пен Рама­зан Жауынбаев ақсақалдардың отбасын паналадық. Жарықтық ауыл адамдары кең ғой. Рамазан ата ауласындағы ескі тамын жөндеп беріп осында тұрыңдар десе, Шәріп қария өздері не ішіп, не жесе, бізге де соны ортақтастырып отырды. Осын­дай көмек, жәрдемнен кейін мектептен алған айлығымыз да бойымызға жұғып, ел қатарына қосыла бастадық.

Осылай жүріп жатқанымызда бір күні Бердібек үйге асығып келді де сенбінің кешіне қонақ шақырғанын, ол кісінің осында түнеп, жексенбіде де біздің үйде болатынын айтты. Сөйтті де: "Бұл ағай мектебімізге жаңадан келген мұғалім. Бірге отырып тоқсандық сабақ жоспарын жасаймыз", деді. Басқа ештеңе деген жоқ.

Мейман белгіленген күні үйі­мізге келді. Қалалықтарша киінген, жылы жүзді, сыпайы кісі екен. Өз басым көрген бетте-ақ бұл бейтаныс қонақты мұнда, түкпірдегі мынадай бұйығы елді мекенде жұмыс істейтін адамға қимадым. Өңінен үлкен ортаны көрген, жоғары мәдениетке ие, парасатты жан екені бірден көрініп тұрды. Амандасып, шай ішуге отырғанда, одан жатар-жатқанша созылған әңгімелерде Бердібек қонақтың атын атамай "Аға!" деп құр­меттеді де отырды. Ертесінде екеуі күні бойы жазудан бас көтермей, сабақ жоспарын жасады. Содан екі ай өткен соң мектептегі мұғалімдер ол кісіні Алматыға қайтадан шақырып алып кетіпті деп жатты.

— Сен білесің бе? — деді жоғарыдағы әңгіменің ізі суыған бір кеште Бердібек маған тұнжырай қарап отырып, — әнеу күнгі келген қонақ... Ол кісі — қазақтың атақ­ты тарихшысы Ермұқан Бекма­ханов. Арызқойлар ардақты ағаны қоғамға жат элемент деп күстаналапты. Еш жерден жұмыс бергізбей, әуре-сарсаңға салыпты. Содан бас сауғалап шалғай өңір, қиыр шет бізге келіп еді. Бірақ шекаралы ауданда тұруға рұқсат жоқ деп қайта­дан кері алып кетті. Ендігі жағдайы не болады? Түсініксіз.

Осыдан соң Нарынқолға біз де көп тұрақтамадық.

Әсет Ақмолданың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Мұқағали Мақатаев. Күнделігінен
Сүйменқұл Шоқморов туралы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу