Мырзагелді Кемел. Уақыт

Oinet.kz 13-09-2020 1317

Лұқпан хакім қартайып, өлерінде: "Есіктегі басым төрге жеткендей болған жоқпын",- деген екен. Өмірдің байқаусыз зырғып өте шығатынына мысал бұл. Бір күнің өткенде жай ғана бір күнім өтті деме, өмірімнің бір бөлігі өтті де. Солып, төгіле бастаған гүл жапырақтарына қарап, кейін сен де солай болатыныңды ойла.

image.png

Жаңа күнге жеңетініңе сенімді күреске, жаңа өмірге кіргендей жарқын көңілмен кір. "Ағарып атқан әрбір таң қиындықтан шығу жолын көрсетеді",- депті Омар Хайям наурыз хадистерінде.

Дұрыс пайдалана білгендерге өмір қысқа емес. Дұрыс пайдалана білмегендерге уақыт жетпей қалған сияқты болады. Тығырыққа тірелдім деп түңілгендер - өзіне берілген уақытты өздері қысқартып жүргендер. Өмірден өш алғысы келгендер өзіне өзі қол жұмсайды, өзіне өзі наразы адамдар өмірден өш алғысы келгендей етіп жұмыс істейді.

Адамзат тарихындағы ең алғашқы философиялық трактаттардың бірі - египет папирусына жазылған "Өмірден түңілген адамның өзінің рухымен әңгімесі" деп аталатын шығарма. Бұнда адам өзінің рухымен сөйлесіп, оған: бұл өмір нашар, сондықтан мен өзіме-өзім қол жұмсап, тезірек жоғарғы өмірмен қауышсам,- дейді. Оған рухы: төменде қалай болса, жоғарыда да солай,- деп жауап қатады. Демек, жоғарғы жақта жақсы болуы үшін, төменгі жақ дамыған болуы керек. Жоғарыда, аспанда, ең төменнен өсіп жетілмеген ештеңе жоқ.

Бұл өте ерте заманғы ақыл. Оның белгілі болғанына үш мыңдай жыл болды. Бүгін бұл әңгімені еске түсіру арқылы біз әрқашан өзіміздің даму мүмкіндігімізден асып түсуге ұмтылған асығыстығымыздың негізсіздігін еске түсіруіміз керек.

Бір күнің өткеніне өкінетін жағдайға жеткенде ғана өмірдің қадірін сезіне бастадым де. Жетістік деген үлгеру деген сөз.

"Өмір ойын сияқты, біреу күресу үшін келеді, біреу саудаласу үшін, ал ең бақыттылары қарап тұру үшін",- депті Пифагор.

Бізде уақытты босқа өлтіру деген қылмыс бар, ол қылмыстың ең көп тараған түрі."Уақыт - өмірді жасайтын материал. Ол шіркін ақсүйектікті мойындамайды. Ханға да, қараға да берілетін мерзім - тәулігіне 24 сағат. Адамның босқа кеткен әрбір сәті отқа жаққан ақшамен тең, кісінің кісілігі уақытты сезінуден басталады",- депті бизнесті насихаттаушы англиялық Кэссон.

Замана - соққан жел. Мағыналы өмір сүргің келсе оған желкен бол. Желкен болу, ұдайы желдің өтінде тұру - айтуға ғана оңай. Оған мықтылық керек. Жай мата желкен бола алмайды.

Өмір сүру тақтайдай тегіс жолдың басынан соңына шығу емес, оның бұрылыс-бұлталаңы, өткел бермес асулары, қиын қыстау кезеңдері өміріңнің қуанышты сәттерімен араласып, сапырылысын жататын нәрсе.

Адамның тууы мен өлуін ең қысқа сөзбен бейнеле десе, мен айтар едім: сүт, сия, қан. Сүт - келу, яғни, тумақ; сия - білу, тану, яғни, өмір сүрмек; қан - біту, яғни, өлмек. Немесе, таңның атуы, күні бойғы өмір, күннің батуы.

Барлық жаман нәрселерді екі түрлі жолмен емдеуге болады: біріншісі - уақыт, екіншісі - үндемеу. Өткенге қарап басыңды и, ертеңге қарап білегіңді сыбан,- деген.

Өмір мейрам емес, сондықтан өмірде ылғи көңілді бола беру мүмкін емес. Біз таңданумен, үміттенумен, сүюмен өмір сүреміз. Өмір заңы - алда атқаратын іс көп, көретін қызық көп.

Өмір сұрқай дейміз біз. Өмірді сұрқай ететін өзіміз. "Өткеніңнен қызулы от алуың да, өртеніп біткен күл алуың да мүмкін",- деген Жорес.

Уақыт өтіп бара жатыр дейміз біз. Талмудта: "Уақыт өтіп бара жатқан жоқ, уақыт тоқтап тұр, біз өтіп бара жатырмыз",- дейді. Нақ осы ойды Лев Толстой былай айтыпты: "Дүниеде жүрмін деп ойлама, дүниеден өтіп барамын деп ойла".

Әпсана: Ескендір Зұлқарнайын (Александр Македонскийді шығыста солай атаған, Құранда да ол "қос мүйізді Зұлқарнайын" деген атпен белгілі) бір елді жаулап алып, сол елдегі ең атақты адамды алып келіңдер, осы жерге әмірші етемін дейді. Ол елдің ең атақты адамы бұрынғы падишаның ұлы, бірақ бұл дүниенің қызығынан безіп, зиратты мекендейтін жігіт екен. Ол Ескендірге келгісі келмейді, қарсылығына қарамай, зорлап алып келеді.

- Уа, падишам. Мен сізге екі сүйек берейін, бірі патшанікі, бірі қайыршынікі, соның қайсысы кімдікі екенін ажырата аласыз ба?- дейді. Ескендір қарап көріп, басын шайқайды.

- Түбінде патша мен қайыршының арасында айырмашылық болмайтын болса, онда қайыршыдан падишаға айналудың маған қажеті бар ма?- дейді жігіт.

- Сені жұрт өз бақытын қайтарған жарымес қайыршы деп еді сен данышпан екенсің, билікті қолыңа ал, сенің қойған шартыңның бәріне көнейін,- дейді Ескендір.

Сонда жігіт:

- Уа, падиша! Сіздің қолыңыздан бәрі келетіні рас болса, онда маған өлмейтін өмір, қартаймайтын жастық, сарқылмайтын байлық, қайғыға айналмайтын қуаныш бер. Осы төрт шартымды орындасаң, елге әмірші болайын дейді. Ескендір өзінің айтқандарының бәрі бола бермейтінін, жер жүзін жаулап алу ниетінің мағынасыз екенін осы жолы түсінген екен деседі.

Өмір қарызға берілген нәрсе сияқты, қандай қарызды болсын қайтаруды ұдайы есте сақтау керек.

Өзіне өзі жаны ашымайтын адамға көмектесудің пайдасы жоқ. "Сатылап көтерілгісі келмейтін адамды онымен сүйретіп шығара алмайсың",- деген Эндрю Карнеги. Саған баспалдақ ұсынса, онымен көтеріп шығармады деме. Баспалдақпен көтерілуге жүрегі дауаламайтындардың одан түсуі тіпті де қиын болады.

Айнаға өкпелеме. Ұрпағың - айнадағы өзің. Ұрпағыңа бүгін еккеніңді бірнеше жылдардан кейін аласың: мінез, тағдыр, келешек.

Балаларыңа жәрдем бере тұрып, оларды өздеріне өздері жәрдем беруін талап ет, әйтпесе оларда кедергіні бұзу қабілеті табандылық, мінезділік болмай қалады. Байқайсың ба, құс балапандарына аузымен тамақ береді, бірақ өз бетімен ұшуды үйрету үшін көтеріп ұшып, биікке шыққанда тастап жібереді.

Өмірде жеңіс пен жеңіліс кезек келеді. Жеңсең, әрине, жақсы. Жеңген жақтың жарасы тезірек жазылады.

"Жеңген иттің құйрығының қайқысы-ай,

Артын ашып, абыройын жаппаған",- деген Иран-Ғайыптың өлеңдерінде.

Жеңдім деп тасыма. Дүние кезек екені есіңнен шықпасын. Жеңгендердің жеңілгендерге қызыға қарайтын кезі болады, алдыңнан кездескен кедергілерге қуанатын кезің де болады.

Александр Македонский мен Диоген екеуі Аристотельдің шәкірттері болған. Македонский жеңімпаз патша болды, Диоген тәркі дүние болып, бөшкені баспана етті. Кезекті жорыққа аттанып бара жатқанда Македонский Диогеннің бөшкесінің жанына тоқтап, "не тілегің бар айт, орындап кетейін",- депті. "Күннің көзін қалқаламай былай тұршы",- депті Диоген. "Егер мен Александр болмасам, Диоген болар едім",- деген екен сонда Македонский серіктестеріне. Даңқтың, атақтың, жаулап алған жерді сақтап қалудың міндеті мен жауапкершілік салмағы патшаның өзіне оңай соқпайтынын осыдан білуге болады. Жеңістің бақытымен бірге соры да бар.

Омар Хайямның "Наурызнамасында" мынадай мысал бар: Ескендір Зұлқарнайын жер жүзін адақтап шыққанға дейін жер-жаhанды жаулап алуды көксейтін бірнеше түстер көрген екен. Солардың бірінде жәми жаhан оның саусағына жүзік болып тағылғанға ұқсайды. Бірақ бұл жүзіктің тасы болмапты. Бұл түсі жайлы Аристотельден сұрағанда, ол: сен жаhанды жаулап аласың, бірақ одан саған келер-кетер пайда болмайды, себебі, түсіңде көрген жүзігің мемлекет, тасы оның сұлтандары мен халқы, мемлекетті басып алғандарға халық түгел мойынсұна салмайды,- депті.

Сол Александр өлер алдында өзі түсетін табытының екі жанын тесіп, қолын шығарып жерлеуді өтініпті. Бұныңыз қалай дегендерге: менің жер дүниені түгел жаулап алуға тырысуымда ешқандай мағына жоқтығын, о дүниеге өзіммен бірге ештеңе алып бара жатпағанымды кейінгілер көріп, ғибрат алсын,- деген екен.

Өмір бақи біз екі қатерлі күштің қарамағында боламыз: біреуі өлім, екіншісі - адамдардың пікірі.

Сені ешкім іздемей қоятын жағдайдан сақтан. Үйіңде телефоның мен есігіңнің шылдыры естілмей, сағаттың шылдыры ғана естілсе, сол жаман.

Жасың ұлғайған сайын айналайын деген сөзді көп айт, сонда сүйкімді боласың. Бірақ "айналайының" шын болсын, шын болмаса бәрібір сезіп қояды, алдай саламын деп ойлама. Қартая білу де өнер. Қазына боп қартаю бар, қазымыр боп қартаю бар.

Өзіңнің қажетті екеніңді сезін, бірақ қажетті екенмін деп өзің ғана ойлап жүрме. Тіптен қажетсіз адамдар болмайды, белгіленген мерзімге дейін ғана қажетті адамдар болады.

Бұлақтың суын ішіп болып жөніне кетіп бара жатқандарды көріп ойладым: адамды да осылай пайдаланып болып, жөнімізге кетіп жатады екенбіз-ау деп.

Бенджамин Франклин күнделікті ұсақ тіршіліктің мынадай 13 принципін ұстанады 

екен: ұстамдылық, үндеместік, тәртіп, тәуекел, қабілеттілік, ашықтық, әділдік, тиімділік, шаманы білу, таза тәбеттілік, тыныштық, ниет тазалығы, қарапайымдылық.

"Өз ойларыңды қанатым деп есепте, тілегіңді ұрпағым де",- дейді қытай нақылы.

Бір нәрсеге қиналғанда немесе қайғы басқанда, бір жерде басқа біреу сенен де бетер қиналып немесе қайғыланып жүргенін ойла. Сөйт те тәубеге кел. "Аяқ киім жоқтығынан жалаңаяқ жаркештілігіме зығырданым қайнап жүргенде, аяғы жоқ адамды көріп, тәңіріме тәубе еттім",- дейді қытай нақылы.

Сүлеймен патшаның сақинасының сыртында "Бәрі өткінші",- деген сөз бар екен. Қиналғанда, қайғы басқанда соны көріп өзін-өзі жұбатады екен. Бір күні жазуды оқып, жұбанудың орнына ызасы келіп, сақинасын алып, лақтырып жібергенде, сақинаның ішкі жағында тағы бір жазу барын байқайды. Сақинаны алып, оқып қараса: "Бұл да өтеді",- деген сөз екен. Ащы мысқылмен Сүлеймен патша сақинаны қайта киіпті және бұдан былай қолынан тастамаған екен деседі.

Мырзагелді Кемел. Достық пен махаббат.
Мырзагелді Кемел. Еңбек
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу