Мырзагелді Кемел. Еңбек

Oinet.kz 13-09-2020 1139

Жан иелерінің өзге жаратылыстан айырмашылығы - өз қорегін өзі табуға тырысатындығы. Адам да алдымен дайынды жеген, кейін дайынды көбейтуге әрекет жасаған, қолдан өсірген, сақтаған, етін, жүнін, терісін пайдалануды үйренген.

image.png

Қашан да болса жұмысқа қабілеті бар адамдардың 20 пайызы қандай жағдайда да жұмыс істейтіндер, 15 пайызы ешуақытта жұмыс істемейтіндер, ендігі 65 пайызы стимул болғанда ғана жұмыс істейтіндер.

Бізде мен үшін өкімет не істеп жатыр?- деп ойлау көп, мен өзім үшін не істеп жатырмын деп ойлау аз.

Адам жұмыстан өлмейді, жалғыздықтан, құсадан, керексіздіктен өледі, құсқа қанат қандай керек болса, жұмыс адамға сондай керек.

Арманың биік болсын. Өзеннің арғы бетіне тура осы тұсқа өтуі керек адам жоғарырақ алады. Сонда ғана ағыспен керекті тұсыңа барасың.

"Істеп жүрген жұмысыңнан бақыт табам десең, оның үш шарты орындалсын: бірінші, атқаруға тиіс жұмысыңа шамаң келетін болсын, екінші, ол жұмысты шектен тыс ауырламайтын бол, үшінші, істеген жұмысыңның қорытындысы болсын",- деген Рескин.

Бүгін істеу керек нәрсені бүгін істе, ал көңілің қалаған нәрсені ертең не бүрсікүні істесең де болады. Лажы болса көңілің қалаған нәрсе қажет нәрсе болсын.

Өзбектерде: "бекер жүргенше, бекер істе",- деген мақал бар (бекер сөзін өзбекшеден қазақшаға аударғандағы мағынасы - тегін). Сол рас, тым болмаса жұмыс үйренесің, уақытың босқа кетпейді, қабілетің мен жұмыскерлік қалпыңды айнытпайсың, тәжірибең артады.

Жігіт адамға бас кесір - еріншектік, ортаншы кесір - ұйқышылдық, кенже кесір - кедейлік кесірлік,- дейді Төле би.

"Өзің жете алатын нәрсені құдайдан сұрап қайтесің",- депті Эпикур.

Басқа жәрдем жоқ кезде суға батып кетпеудің амалы - қолмен есе беру, есе беру.

Былай қарасаң, біреулердің жолы болғыш та, біреулер қанша тырбанса да ештеңе шығара алмағандай болып көрінеді. Мүмкін кейбіреуге сәттілік жиірек жолығатын шығар, бірақ мен жолы болғыштарға сенемін, қанша қадалып жұмыс істесем, сонша жолым болады.

Абылай хан Төле бидің малын бағып жүріп: "мен қазаққа хан боламын" деп ашық мәлімдеп, талаптанған. Сол талаптың нәтижесінде қазақтың ең ұлы, ең ардақты ханы болды.

"Сен кім болсаң да мейлің, тіпті, көр қазушы болсаң да, өз ісіңнің ең шебер маманы болуың керек",- деп өсиеттепті Джозеф Кеннеди, Америкадағы президенттер әулетінің басшысы, Джон, Роберт Кеннедилердің әкесі.

Әрбір оқиға біз оған дайын болған кезде бізге тап болады.

"Жизнь не против тебя, она всегда на твоей стороне",- деген Далай лама.

Бойдағы өзің білмейтін қасиетің кездейсоқ ашылуы мүмкін.

Кез келген уақытша бақытсыздықтың өзі адамдағы жасырын мүмкіндіктерді оятатынын жиі кездестірдім.

"Сені суық суға тастап жіберсе, өзіңнен-өзің мықты жүзгіш боп кетесің",- дейді Сократ.

Өмір сағат сияқты - бұрап тұрмасаң тоқтап қалады, қатты бұрап жіберсең серіппесі үзіледі.

Қазіргі жасөспірімдерге қызығамын. Оларда компьютерлік жаңа технология арқылы "саусағының ұшында" тұрған білімді игеру мүмкіндігі бар. Жаңа технологиялар әр адамға өз мүмкіндігін ашуға және өз өмірінің қожасы болуға қажетті құрал. Тек ұмтылыс керек.

Бүгінде өмірде өзіңді лайықты сезінуге ең керектілердің бірі - тіл білу. Тіл мен іскерлікте шекара болмайды. Еңбегің жемісті болу үшін, өзге мемлекеттермен байланысып, өзге тілділермен сөйлесуге мәжбүр боласың. Біреу арқылы сөйлескенің ауызба-ауыз сөйлесіп, өз құлағыңмен есітіп, бірден түсінгендей болмайды. Тілін білмейтін елге барсаң - қой сияқтысың. "Қанша елдің тілін білсең, сонша рет адамсың" деген.

Бақытты болу дегеніміз - рахат сезімде жүру. Адамның өмірінің басым көпшілігі жұмыспен өтеді, сондықтан алдымен істеген жұмысыңнан рахат ал.

Біреуге жәрдем беру рахатын сезін. Өзіңді өзің қадағала, қандай жағдайда көңіл күйің көтеріңкі болады, біліп ал, егер ол оңды іс болса, жиі жаса. "Бұлақ көрсең көзін аш деген ұлағатты нақылды орындауға дайынмын, жолымда бұлақ кездескен жоқ" деп ақталуға бола ма? Сәл жәрдеммен мүмкіндігі ашылып, қабілеті дами кететін талант, тапшылықтан алға жылжымай тұрған, келешегі мол табыс беруі мүмкін іс -көзін ашуға арзитын бұлақ емес пе?!

Белсенділігіңді төмендетіп алма.

Біздің жақта жаз ұзақ, әрі ыстық. Сол ыстықта аттың жұмыр тезегін домалатып, әлдебір жаққа алып кетіп жататын нән қара қоңыздарды көретінмін. Өздері өте үлкен, көлемі алдындағы домалай-домалай жұп-жұмыр болған тезегімен шамалас. Қоңыз жайымен, өз табысын дөңгелете кетіп бара жатады. Өзге дүниемен шаруасы жоқ. Ешкімге зияны да жоқ ау сірә. Кейбіреулердің өмір сүру тәртібін сол қоңызға теңеймін. Жұмысқа барады, келеді. Берген айлықты үйіне әкеледі. Басқа ештеңемен шаруасы жоқ. Жұмыссыз отырмын деп те, жұмыс көбейіп кетті деп те шағынбайды. Бәрібір.

Бұл - әдеттенуден. Бір қалыпты өмір, өзгермейтін тіршілік, біркелкі тамақтану адамды әдеттендіреді. Ештеңені өзгерткің келмей қалады. Сондықтан әдеттенуден сақтан. Үй ішімен қарым-қатынаста да әдеттенуге бой алдырма.

Жалтақ болма. "Бір мақсатты көздеп үлкен жолға шыққанда саған үрген кез келген итке тұра қап тас ата берсең, онда ешуақытта көздеген мақсатыңа жете алмайсың",- депті Федор Достоевский.

Сағаттың механизмі қанша қарапайым болса, сонша аз бұзылады. Бақыт та сол сияқты.

Бақыт та, бейбақтық та алдын ала маңдайға жазулы, ал адам өзінің пейілінен екеуінің біріне тап болады,- дейді Лао-цзы.

"Бақыт күле қарап тұрған адаммен салғыласу - жағасынан асып, төгіліп тұрған өзеннің жиегінде жайбарақат тұрумен бірдей,"- дейді ХІІ ғасырда өмір сүрген ассириялық ақылман Ахикар.

Асқар Сүлейменов "бақ" деген сөз бен "сор" деген сөздің екеуінің де үш әріптен тұратынынан сәйкестік көреді.

"Бақытта дос болмайды. Бақытты адам таудың ең басындағы адам. Жол тек төменге - бақытсыздыққа қарай",- депті Төле би соңғы сөзінде.

Мырзагелді Кемел. Уақыт
Мырзагелді Кемел. Басқару
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу