Шерхан Мұртаза. «Шекшек шырылдайды»

Oinet.kz 13-09-2020 1383

Хадиша қалжалаған адамдай, қара суға түсіп, көп терледі. «Енді осы бір ыстық судан өлсем де қояйыншы» деп бір ойлады. Ақ шайнектің қақпағын ашып қарап еді, буы бұрқ етті де, түбінен қып-қызыл қою шай жайнап көрінді. «Шай шекеге тимейді ғой, сарқып іше салайын», — деді тағы да.

Шекшек шырылдайды

Сыны кетпеген қызыл шырайлы жүзінен тер шүмектейді. Көзіне құйылып кете береді. Хадиша дастарқандай ақ бет орамалмен көзінің терін сүртіп, дәлізден тысқа қарады. Арық бойындағы орылмаған шырмауық пен сора тот басқан қаңылтырдай қошқылданып кетіпті. Алма ағаштардың жапырағын тозаң тұтып қалған. Барып тұрып әрқайсысын дымқыл шүберекпен сүрткің келеді. Алмасының күн жақ беті қызара бастапты. Жүгерінің желегі түсіп, шашақ шығарыпты. Күнбағыстың бастары салбырап қалған екен. Тікесінен ұйықтап тұрған тұтқындар сияқты. Қызанақ помидорды тауықтар шоқып жатыр. Хадиша ішінен: «Ә, арам қатып, қырылғыр» деді. Помидор биыл ырғын. Жалғыз өзі қанша жейді. Әлгі Шалабай қайнысының балаларына:

— Жинап алыңдар,—деп еді.

— Өзіміздікі де бар ғой, — деп олар да қарамай қойды. — Ой-хой, тоқшылық-ай, — деді Хадиша. «Құдай кесірінен, пәле-жаласынан сақтасын, әйтеуір. Ақ түйенің қарыны жарылды ғой».

Хадиша даланы жаңа көргендей, аңырып ұзақ қарады. Көшеде жан жоқ. Мал қораның көлеңкесінде жатқан сары төбеттің тілі салақтап, екі бүйірі солқ-солқ етеді. Жайшылықта құрқылдап, тыным таппай зікір салатын құмыр құстар да қазір ағаш бұтағында көк теректің безіндей боп бедірейіп қатып қалған. Тек шекшек қанa алабота арасынан жағы тынбай шырылдайды. Шілде шықпаған кез. Дала ыстыққа мойынұсынып, мүлгіп тұр.

Бұл көріністен кейін Хадишаның маужырап ұйқысы келді. Шай ішіп отырған жеріне бешпентін жастанып жантая бергені сол еді, далада біреу дауыстағандай болды. Хадиша басын жерден болар-болмас көтеріп, сыртқа құлақ түрді.

— Фото! Фото! Сурет!

Әлгінде ғана мүлгіп тұрған көшеге үй-үйден адамдар жүгіріп шықты. Ауыл — ауданнан шалғай, мұнда сырттан біреу келсе, бәрі көргісі келеді. Әрі десе суретші келсе, кім шыдап тұрсын.

Хадиша:

— О, суретіңмен құрып кет! — деп бешпент-жастыққа қайтадан басы сылқ ете қалған. Бірақ осы кезбе суретші ана жолы келгенде, Ақшай ауылдасы жас күнінде түскен суретін үлкейттіріп алғаны есіне түсті.

«Соры құрғыр! — деді Хадиша жалғыздан-жалғыз жатып, әлдекімге ернін шығарып. —Осы күнгінің жастары құсатып суретін Құрақбас шалының суретімен қатар іліп қойыпты. Ұят-ай. Екеуінің де жиегіне орамал тұтып қойыпты. Сәніңмен қараң қалғыр!».

Хадиша жатып алып Ақшай кемпірді қанша мұқатса да, әлгі сұңқылдаған суретшіге өзі де бармақшы болып орнынан түрегелді. Хабарсыз кеткен Мақсұттың әскер киіммен түскен жалғыз бейнесін үлкейттіріп алсам деп бұрыннан оқталып жүретін. Алыстағы аудан орталығына апарып үлкейттіруге қолды-аяқты бала емес, жүгіріп барып келе қоятын. Тізесі түскір сырқырайтынды шығарды. Белі де шойырыла береді. Осының бәрі соғыс кезінде жалаң аяқ жар кешіп, қызыл аяқ қар кешіп, таудың мұздай суымен қызылша суғарғаннан дейді. Бәрі енді шығып жатыр.

«Іздегенге — сұраған. Іздегенімнің өзі келіп тұрғанда, бұл қай жатысым», — деді. Ескі әбдіренің түбінде ораулы жатқан қатырма қағазды жарыққа таман ұстап қарап еді, Мақсұт үйге кіріп келгендей, көз алдына маңдайы жарқырап, дөң қабақ, ер келбетті бозым жігіт тұра қалды.

Бұл соғыстың алдында ғана түсірілген бейне болатын. Мақсұт Халкинкөл шайқасына қатысып, атты әскер қызметін атқарып қайтқан. Елге келгенде оның ат құлағында ойнайтын өнерін көріп жұрттың таңдайы тақылдаған. 

Мақсұт шауып бара жатқан аттың бауырына сылқ түсіп кетіп, қайтадан үстіне мініп алады... Сөйтіп айтулы жігіт атанып жүріп, осы Хадишаға жолығып еді...

— Аһ, жалған дүние-ай! —деп күрсінді Хадиша суретті орамалмен сүртіп тұрып.

Мал қораның қасында тілі салақтап, ішін соққылап жатқан Майлыаяқ Хадишаны көріп, шынжырын сылдырлатып орнынан атып тұрды. Құйрығын бұлғаңдатып, жуынды тілеп біраз қылымсыды. Хадишаның қолындағы тамақ емес, қағаз екенін көрген соң, жалма-жан өз құйрығын өзі қуалап бір орнында шыр көбелек айналды. Мазасыз шыбын тісіне тимей, жынына тиіп, ақсиған аузы сақ-сақ етеді.

Фотограф Хадиша әкелген суретке қарап тұрды да:

— Сеники бала? —деп сұрады.

— Әй, денің сау ма, қараң қалғыр? Ол менің күйеуім! — деді Хадиша сақпандай сарт ете қалып.

— А, мен ойлаған сеники бала, — деді фотограф ыңғайсызданып.

— Сен, ойлама, ойыңмен қатып, жер жастанып жата қалғыр, ойлағышын мұның. Үлкейтіп бер! Жақсылап! Бір жерін бүлдіруші болма.

Хадиша бір көрген адамына мұндай тік келетін көкайыл емес еді. Мақсұттың жап-жас боп, өзінің кемпір көрінгені жанына қатты батты. Сірә, қазақ: «Қосағыңмен қоса ағар» деп бекер тілемесе керек. Қоса ағармаған Мақсұттың жастығы жанға күйік.

Фотограф ә дегенде әлгі сөзге ашуланайын деп еді, бірақ әйел байғұстың жанды жарасын тырнап алдым-ау, деген ой тежеді. Сонан соң Хадишаға күле қарап:

— Сеники бай екеу түскен сурет бар?—деп сұрады.

Хадишаға бұл сұрақта шаншудай қадалды.

— Ой жазған-ай, сен де қай-қайдағыны сұрайды екенсің. Жоқ ондай сурет. Екеуміз әне барып түсеміз, міне барып түсеміз деп жүргенде, әлгі соғыс басталып кеткен жоқ па. Ол кезде үйленгендер бұл күндегінің қыздары мен жігіттері құсап құшақтасып суретке түсіп, елге белет таратпаушы еді. Бүгінде жақсы ғой. Бастары әуелі суретте түйіседі.

Фотограф Хадишаны біртүрлі аяп кетті. Мақсұттың әскерде түскен суретін ұстап тұрып қалды:

— А сеники қыз күндегі сюрет бар? — деп сұрады.

Айнала бала көтерген келіндер, қызыққа келген кемпірлер фотографқа таңдана қарап қалған. «Хадишаның қыз күніндегі суреті неге керек?»

Хадиша Мақсұттың бейнесіне қолын созып тұрып:

— Е, менің қыз күнімдегі суретімді қайтесің. Жеке түскенім жоқ. Бір құрбы қызыммен түскен біреуі жатушы еді әбдіреде, білмеймін, жатқан шығар, жау алар деймісің, — деді. Неге екенін өзі де байқамай Мақсұттың суретіне оң қолын созды да тұрды.

— А сен подружка екеу түскен сюрет әкел, а?—деді фотограф.

— Оны қайтесің, байғұс-ау ?—деді Хадиша созған қолын тартпаған күйі.

— А сен әкел, а. Кейін көресин.

Мені қайтесің, жазған-ау. Онан да ананы жақсылап үлкейтіп бер, – деді Хадиша суретке қолын созып.

— Сен озиндики сюрет әкел, — фотограф қасарысып қалды.

— Орыспысың деген. Айтқанынан қайтпауын қарашы, — деп Хадиша үйіне барып, бір заманда жолдас қызымен бірге түскен суретті алып келді.

Фотограф екі қыз құшақтасып күліп түскен суретке бір, Мақсұттың жеке түскен суретіне бір қарады. Содан соң Хадишаға қарады. Басын шайқап қойды.

— Немене, ұқсамаймын ба? — деді Хадиша секем алып. — Сенбей тұрсың ба? Мынау менмін, мынау — Ұлбосын. Бірге өсіп ек. Бір партада отырушы ек, комсомолға да бір күнде өтіп ек. Бір ауылдың қыздары едік қой... Ол күйеуге менен бұрын кетті. Ұлбосын ұзатылардың алдында ғана түсіп едік. Екеуміз мәз болып күліп қаппыз. Не күтіп тұрғанын қайдан білейік... Ұлбосынның да шекесі қызып жүргені шамалы. Күйеуі соғысқа кетіп мерт болды деген хабар келді. Жалғыз ұл баласы бар еді, енді сол ер-азамат болып, Ұлбосын соның қолында отыр. О да тәуір. Орнында бар оңалар...

Фотограф алдындағы алқа-салқа, әжім-әжім кемпір мен мына суреттегі күлімдеген қыздан ұқсастық іздеп біраз отырды. Көзі ғана сол баяғыдай ұшқынды екен.

* * *

Араға апта салып, фотограф «Запорожец» машинасын томпаңдатып қайтып келді. Жұрттың заказдарын тап-тұйнақтай орындап, қол-қолына үлестіріп берді.

Бәрі мәз.

— Ойбай-ау, бұрынғыңнан да әдемі боп кетіпсің ғой, — десіп жатты бір-біріне.

Бұл фотографтың бір ерекшелігі баяғыда түскен суреттің бәрін де кім болса ол болсын, қазіргі модамен киіндіріп қояды. Баяғыда шекпен, бешпент киіп түссең, енді сол суретің үлкейгенде, әдемі костюм, ақ көйлек киіп, әсем галстук тағып жылмиып шыға келесің.

Желі бар қақсауық аяғын сылти басып Хадиша да жетті әлден соң. Фотограф қатырма қағазға жапсырылған табақтай үлкен суретті оның қолына үндемей ұстата салды. Хадиша әуелі танымай қалды. Тершіп тұрған бет-аузын, көзін орамалмен асықпай сүртіп болып, әлгі суретті алыс ұстаңқырап тұрып тағы қарады. Маңдайы жиырылып, қасы керілді. Көзін жұмып-жұмып алып, қайта қарады.

«Мұнысы несі екен? — дегендей қасында тұрғандар суретке қосыла үңілісті.

— Пәлі, Хадиша-ау, ана байың саған теріс қарап қалыпты ғой. Екеуің ұрысып отырып түскенсіңдер ме? — деді Ақшай.

Дәл осы сөзді суретшіге Хадиша өзі айтқалы оқталып тұр еді, мына Ақшайдың қағынуынан кейін күрт өзгеріп, фотографқа қарап:

— Қарашо, қарашо! — деді.

«Шатақ шығара ма?» деп қыпылдап тұрған суретшінің тынысы кеңіп сала берді. Ол Мақсұттың бұрынғы суретінен көшірме жасап, әскер киімінің орнына жаңа костюм, ақ көйлек, қара галстук кигізді. Бірақ фуражкаға тиген жоқ. Фуражканы алып тастау қиын болды, адамның түр-түсі бүлінетін тәрізді. Сөйтіп Мақсұт қырқыншы жылдың әскери фуражкасын, жетпісінші жылдың модалы костюмін киген қабағы қатулы, сұсты жігіт болып шыға келді.

Суретші содан соң Хадиша мен Ұлбосын құшақтасып түскен фотодан Ұлбосынды қиып тастап, оның орнына Мақсұтты қондырды да, үлкейтіп қайта түсірді. Бұрын Ұлбосынмен басы түйісіп, күлімсіреп тұрған Хадиша енді оқшау қалған, Мақсұтқа қабыспайды-ақ. Әлденеге ашулы күйеуінің өкпесін жазып, жадыратқысы келгендей кейіп бар Хадишада.

— Байғұс-ау, мұны қашан түсіп жүрсіңдер? — деді Ақшай анадайда алшысынан түскен асықтай болып.

— Беу, Ақшай-ай, — деді Хадиша сылдырап су аққан арықтың жағасындағы терекке сүйеніп отыра кетіп: Баяғыда жаңадан қосылғанда түспеп пе едік. Талай көріп едің ғой. Неғып білмей қалдың? Құрақбас екеуің құсап, Мақсұт екеуміз екі жерде ілулі тұрған жоқпыз. Құдайға шүкір, қашаннан біргеміз.

Хадишаның даусы жарқын-жарқын өктем шықты. Ақшайдың кәдімгідей жүні жығылып қалды. Түр-әлпеті алшы асықтың сақа тиіп құлағанындай.

– Міне, үлкейтіп алдым,—деді Хадиша суреттің бетін орамалмен сүртіп, мәпелеп.—Төрге іліп қоямын. Құдайға шүкір, біргеміз, әйтеуір. Әй, суретші, — деді кенет даусын өктем көтеріп. — Мынаның тағы біреуін жасап бер. Түлкібастағы қызыма жіберемін, қарашо да?

Ақшай үндей алмады. Бірақ теріс айнала беріп ернін шығарып қойды.

Жұрт үйді-үйіне тарай бастады.

Шекшек шырылдайды.

Шерхан Мұртаза. «Интернат наны»
Шерхан Мұртаза. «Жаңбырлы той»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу