Мұхтар Әуезов. Абай жолы (екінші кітап). Оқапта

Oinet.kz 20-10-2020 3929

Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, IV тарау - "Оқапта" - YouTube

…Үш ат жеккен кең күйме Ақшоқыдағы қыстаудың тұсынан – Қорықтан шығып, қалаға қарай тартып келеді. Ат ұстаған – козлодағы Баймағамбет. Үш торыны күз күнінің таңертеңгі қоңыр салқынында тықсырып айдап, сар желдіреді. Шалқасынан ашылған қызыл сафиян іші бар күймеде Абай мен үш баласы отыр. Бұл – Әбіш, Мағаш және Күлбадан.

  Кең ақ маңдайлы, жіңішке ұзынша қара қасты, жұқалаң қызғылт жүзді Әбіш Абаймен әңгімесін үзбей келеді. – Аға, біз қалада қайда тұрамыз? Үшеуіміз бір үйде тұрамыз ба? Қазақ үйінде тұрамыз ба, орыс үйінде тұрсақ, жақсы бола ма? Жоқ әлде мен мына екеуінен бөлек оқып, бөлек тұрам ба? – деп алдағы жұмбақ күндерін әкесінен тынымсыз сұрайды.

  …Абай Күлбадан мен Мағашты Михайловтың ақылымен «Уездная школаға» берді. Бірі – еркек, бірі әйел балалар оқитын школдарға бөлініп түскенмен, бұл екі баланы Андреев тауып берген орыс үйіне бір бөлек қойды. Әбіш туралы Михайловтың мәслихаты басқа болды. Оның мұсылманша жақсы оқуы бар. Ұғымтал, өз талабы зор, ынтасы ашылған бала. Және орысшада тілмаштан бірталай оқып, бірге сөйлесіп, қасынан қалыспай жүріп, тілге жақсы боп шықты. Алғашқы кластарға түсіруге жасы да ересегірек боп қалған. Оны Абай мен Михайлов ана екі баладан бөліп алды. Тіл тәжірибесіне, бар тәрбиесіне үлкен септігі тиетін оқымысты адамдар үйіне жалғыз қойды. Және школда оқытпай, өзін жалғыз, үйде оқытатын байыпты, ысылған, жақсы учительді жеке жалдап берісті.

  Әбіштің ажарына, мінез, тәрбиесіне ең алғаш танысқаннан Михайловтың ықыласы басқаша болды. Оны оқу мен пәтерге орналастырып болғаннан кейін, Михайлов Абайға тағы бір ақыл айтты.

  – Ибрагим Кунанбаевич! Мынау бала – Әбдірахман көп оқуға жарайтын бала сияқты. Аз ересек болғаннан күдіктенбеңіз. Мүмкін, тіпті өзінің ана тілінде оқып, ашылып, ысылып келгені жақсы да болар. Бірақ осы туралы менің бір ақылымды алыңыз. Биыл қыс бойы Әбдірахман төтенше жолмен, бір ғана оқытушыдан жақсы әзірленсін. Келесі жыл школға түскенде Семейде оқымасын. Түменде оқу орындары бұдан артығырақ. Және менің жақсы дос, таныстарым бар. Бұл бала жаз сахарасына қайтып тұрар. Бірақ қысқы оқуда таза орыс ортасында болып, шаһарлық орыс тәрбиесін толық алатын болсын. Дені сау болса, ар жағындағы болашағын Түменнен де ары, Питер деп үміт етейік! – деген.

  Абай өзінің жас балалары туралы қырдағы жақынының бәрінен де сонағұрлым тілеулес аға, дос боп отырған Михайловтың мәслихатына үлкен алғыс айтты. Сол арада іркілместен, оның ақылын құп алды.

  Бұл сөздер Михайловтың жұмыс істеп отыратын үлкен бөлмесінде болған еді.

  …Абай осы жолы қалада көп жатты. Оқуға балаларын орналастырған алғашқы жылында оларды қимай жүргені де болды. Күз бойы, қыстың қалың ортасына шейін Гоголь атындағы кітапханада күнұзын отырады. Ғылым зерттеуші, оқымысты тәрізді боп алған өзінің дағдысына да аса қызығулы. Кітап бетінен кете алмайтындай. …Сенбі күн кештерде Баймағамбет ат-шанамен жалғыз кетіп, бір пәтерден Әбішті, тағы бір пәтерден Мағаш пен Күлбаданды алып келеді. Олар екі түн, бір күн әкесінің қасында аунап-қунап, тынығып, қуанысып қалады. Абай балаларының қонаққа келетін кештерін ел қазағына бермеуге, бөлмеуге тырысады.

  …Абай жұмасына немесе он күнде бір Әбіштің пәтеріне барады. Ондағы үлкен тәрбиелі, сұлу жүзді, бурыл шаш Анна Николаевна атты Әбіштің «хозяйкасымен» ұзақ әңгімелесіп қайтады.

  …Қыстың ортасы ауып, енді қаладан елге қайтар кез жеткенде, тағы бір сенбінің кешінде Абай Баймағамбетті жарым күндей жүргізді. Қаланың әр жерінде тұрған жаңағы оқушы балалардың барлығын өз пәтеріне шақырып алды. Соларға өз алдында еркіндетіп ән салдырды. Асық ойнатып, жаңылтпаш, жұмбақ айтқыздырып, емін-еркін бой жаздырды. Сонымен кешкі ет алдында азғана бір толаста: «Балалар!» – деді. Жас қонақтарын, өз балаларын салмақты үнмен өзіне қаратып алды. Бүгін күндіз жазып қойған бір табақ қағазды алып отырып, үнсіз аңырған балаларға бір өлең оқып берді:

– Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім…

Бұл жиында бір өзінен басқа ешкімге мәлім емес, осы бүгін туған өлеңін оқыды. Арасында:

– Адамның бір қызығы бала деген,

Баланы оқытуды жек көрмедім.

Баламды медресеге біл деп бердім,

Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім… –

деген жолдарын қайталап оқып беріп, балаларға қысқа ғана тіл қатты:

  – Міне, балаларым, інішектерім. Біз сияқты аға, әкелерің мезгілінде өсе алмай, қылтанақ жарып, сарғайып қалған шөптейміз. «Ғылымнан махрұм қалдық» деп енді өкінеміз, опық жейміз. Сол – біздің мұң. Ал сендер үшін тілегім, айтарым жаңағы. Бұл – аға батасы! Сендерден дәрмен күткен далаңның, еліңнің тілегі! Адам болам деп оқыңдар. Аймағыма жақсылығым жетеді, адал азамат болам деп, халықтың қамқоры болам деп оқыңдар! Міне, осы өсиетті сендерге арнап, мынадай өлең жазып отырған Көкбай атты ақын еді, – деді.

  «Осы отырған балалардан жаңа төл өсірем, жаңа буынның жаңа азаматын шығарар болсам, менің ендігі жұбанышым, көмектесім де, үміт етер қанатым да солар болмас па еді? Ендігі етер еңбегім мен көмегім, айтар өсиет, ақылым болса – көзі ашық, оқыған жаңа қауым туғызуға арналсын. Ел ішін көгертетін кез жетті ғой» деп ойлады Абай.

  Биыл қыс Абай кітаппен қатар қағаз-қарындашты жиі ұстап, өзі де көп өлеңдерді құлақ күйдей, жан сазындай күйлей толқып жүргенді. Бірақ бұл өлеңдердің иесі де өзіне-өзі сенген ақын аты жоқ. Өз ақындығына шала сенген сыншыл жанның көмескілеу айтылатын «Көкбай» деген ғана аты бар-ды.

Мұхтар Әуезов. Абай жолы (екінші кітап). Еңісте
Мұхтар Әуезов. Абай жолы (екінші кітап). Биікте (Татьянаның сахарадағы әні)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу