Түркістанда бұрын соңды болмаған әдеби-романтикалық «Поэзия түні» өтті

Oinet.kz 16-10-2022 503

Түркістанда бұрын соңды болмаған әдеби-романтикалық «Поэзия түні» өтті. Кеш ұйымдастырушылары – «Тармақтар» жобасының авторы Рысгүл Досжанова мен ақын Еламан Төлеутай.

Screenshot_7.jpg

«Тармақтар» жобасы – 2021 жылы Instagram әлеуметтік желісінде қазақ қаламгерлерінің шығармашылығын насихаттайтын парақша болып ашылған. Парақша аз уақыттың ішінде оқырмандардың көңілінен шығып, әдбиет сүйер қауымның сүйікті жобасына айналды. Жеке порталы ашылды. Сәйкесінше, жоба авторы Рысгүл «Поэзия түнін» елдің түкпір-түкпіріндегі белгілі ақындарымен бірнеше рет онлайн форматта өткізген болатын.

Ал 12 қазан күні алғаш рет Түркістан қаласы, Ramada қонақ үйінде оффлайн форматта, ақылы кіру билетімен және ең негізгісі биік эстетикалық талғаммен ұйымдастырылды. Кеште Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі авторлардың ғасырын алаламай түгел қамтуға тырысқанын байқауға болады. Аталған кеш туралы автордың өзі:

«Әңгіменің әлқиссасын мынадан бастайыншы... Кешіңе шақырмадың деп ренжіп жатқандар көп екен. Сенсеңіздер, ешкімге «кеш ұйымдастырып жатырмын, қонағым бол, кел», деп жазбадық. Тек әл.желілер арқылы ғана тараттық. Сайтқа шақыру сөзін жазып қойдық. Әрі бұл ақылы негізде ұйымдастырылған кеш. Сосын, осындай эксперимент жасап көргіміз келді. Неге біз әркімге «кешіме кел», «келетін болдың ба?», деп мазасын алуымыз керек? Бәрі еркін әрі шынайы қалаумен болуы керек деп ойладық.

Сайтымыздың сілтемесін жекелей таратуға болар еді, «шақырып алып билетке ақша сұрағаны қалай», деп жүрмеуі үшін сілтеме таратпайтын боп шештік. Әрі мейрамханада өтеді. Және мұндай кеш қаншаға адам керек екенін, сұраныстың деңгейін, Түркістандағы тармақтардың аудиториясын тексергім келді. Шүкір, 30 адам келсе де болатын еді деп басталған кешіміз 50 адамға жетті. Таңқалдым. 50 билет бір күнде өтті. Мейрамханамен сөйлесіп 70, одан 80 ге жеткіздік. Одан артық сыймады. Билет те жетпеді. Демек, біз өз мақсатымызға жеттік. 

Кешімізге келген 35 аруға гүл сыйладық. Ешкімнің қолы құр болмасын деп «Сіз келгенге сондай қатты қуандық» деп ниетімізді байқататын ашықхат тараттық. Пианино. Скрипка. Гитара. Майшам. Өлең. Сезім. Осы дүниелермен қазақ әдебиетінің эстетикасын жеткіздік. Астанадан, Шымкенттен, Түлкібастан, Отырардан т.б мен білмейтін алыс-жақыннан келген оқырманның бәріне алғысым шексіз»,- деп жазды.

Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі Тармақтардың оқырмандары «Поэзия түнін» күтіп жүрген көрінеді. Сол үшін жоба авторлары барлық қалаларды аралап шығуды жоспарлап отыр.

Тегін өтіп жатқан көп әдеби кештердің өзінде көрермен жинау қиын шаруа. Ал Рысгүл «Поэзия түніне» билет жеткізе алмай аншлаг болғанын айтады. Көлеңкеде қалып бара жатқандай көрінген қазақ әдебиетіне майшаммен жарық түсіруге тырысып жүрген түркістандық ақындар отбасының еңбегін жаза кетуді жөн көрдік.

Ит құрлы болмадым
Мен сенбеуші едім
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу