Пешене деген немене? - дінтанушы

Oinet.kz 01-04-2020 1355

Пешене, тағдыр, жазмыш... Бала кезден үлкендердің «Пешенеңе не жазылды, соны көресің», деген әңгімесін басқа сіңіріп өстік. «Құдайсыз қурай да сынбайды», «Жазмыштан – озмыш жоқ» деген мақалдар осы түсінігімізді толықтыра түскендей. Тіпті, адам баласы араққа салынып кетсе де, жазатайым апатқа ұшырап жатса да, көп қиыншылық көрсе де «Қайтесің, пешенеңде бар екен, амал жоқ көнесің», деп жұбатып жатамыз. 

Бас мүфти марқұм Әбсаттар Смановтың туған-туыстарына көңіл айтты

 Әйтсе де, осы пешене туралы пікірлер көп. Әрине, өмір болған соң түрлі жағдайды бас­тан кешіретініміз анық. Тағдыр жолы сан тарау. Бірақ, кей кезде пешене деген адамды меңіреуге, зомбиға айналдыратын сияқты ма, қалай өзі. Онда адамның пультпен басқарылатын роботтан қай жері артық? Сонда адам баласы қандай қадам жасаса да, өз еркімен істемейтін болғаны ма? Артық айтсам, Алла өзі кешірсін, алайда, адамның өмірінің бәрі алдын ала жазулы, кітапқа қаттаулы болса, онда бізде ерік, ықтиярдың жоқ болғаны ма? Бүгін намаз оқып жүрген адамның пешенесіне ертең арақ ішесің деп жазып қойса, Аллаға шын ниетімен мінәжат етіп жүрген ол пенденің не кінәсі бар? Жаңадан туған сәбидің ата-анасы нашақор немесе ішкіш болса, солардың ықпа­лында кеткен бала да әке-ше­шесінің соқпағына түсетіні анық. Бірақ, бұл бала осындай тағдырды таңдап алған жоқ қой. Бұл жерде сәбидің кінәсі не? Неге сәби тумай жатып, бақытсыз болуы керек? «Менің маңдайыма жазылған пешене осы екен» деп қаншама адам жаманшылыққа барып, өз тағдырына балта шауып жатыр. Меніңше, біз пешене, тағдыр мәселесін дұрыс түсінбейміз. Жақында бір мешіт үйінің маңда­йынан «Қайыр-садақа адамның өмір жасын ұзартады» деген жазу­ды оқып қалдым. Міне, осы сөздің өзі пешене ұғымына кере­ғар. Пешенесіне жетпіс жыл ғұмыр жазылған пенде шын ниетімен қайыр-садақа беріп, Алланың ықыласына бөленсе, бәлкім, жетпіс жастан бірнеше жыл асып барып «жығылуы» мүмкін ғой. Бәрі де бір Алланың қолында. Әйтсе де, біз осы турасында бірқатар адамдардың пікірін білген едік. 

Талғат ДӘРІБАЕВ, Оңтүс­тік Қазақстан облыстық орта­лық мешітінің наиб имамы: 

– Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Тағ­­­­дырға иман ету адамның уайым-қайғысын кетіреді» деп айтқан. Яғни, тағдырына сенген, тағдырына иман еткен адам уайым-қайғыдан аулақ болады. Сондай-ақ, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) иман келтіру 6 нәрседен тұратынын айтады. Оның ең алғашқысы – Аллаға иман келтіру. Содан соң – періштелерге, әрі қа­рай пайғамбарға (с.ғ.с.), кі­тап­­тарына, қиямет күніне, ең соңғысы – тағдырға. Алла тағала ең бірінші қаламды жаратты. Қаламға жан бітірді. Сонда қалам «Мен не жазайын?», деді. «Осы дүниеде болатын нәрсенің бәрін жаз», деді. Сонда Алла тағаланың қалауымен қалам қиямет күніне дейінгі болатын нәрсенің бәрін жазды. Бұл Алла тағаланың кез келген нәрсені алдын ала біле­тіндігін білдіреді. Құрсақтағы шаранаға 4 ай толған кезде Алла тағала бір пе­ріштені жібереді. Періште баланың тағдырын жазады. Яғни, Алла тағала адам баласының қанша өмір сүретіні, қанша ризық-несібесі болатыны, қандай амал жасайды, бақытты әлде бақытсыз бола ма, бәрін әуелден жазып қойған. Сондықтан тағдыр дегенге сенбесек, онда біздің иманымызда кәміл болмайды. О баста адамның тағдырын жазып жатқан кезде жындар кейбір сөздерін ұрлайды. Сол кезде аспанда жұл­­дыздар ағады. Өйткені, Алла жындарды жұлдызбен ата­­­ды. Жындар естігенін тәуіп-бақ­сы­лардың құлағына сыбыр­лай­ды, кей кездері ондай жандар­дың айтқаны өмірде тура келіп қа­латыны сондықтан. Рас, біреулер «Менің пешенеме тозақ жазылып тұрса, маған Аллаға жағатын амал жасаудың қажеті қанша?» деуі мүмкін. Бірақ сіз пешенеңізге не жазылғанын білмейсіз ғой. Бәлкім, сізге жән­нат бұйырып тұрған шығар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына «Амал істесеңдер, бәрі сол амалдарыңа қарай беріледі», деген. Сондықтан бізге амал ету талап етіледі. Мысалы, тіршілікте тозаққа апаратын амалдар жасап жүрген адам өмірінің соңында жәннатқа апаратын амалдар жасады делік, яғни тәубесіне келді, Алладан кешірім сұрады. Сөйтіп, жәннатқа кірді. Ал, біреулер өмір бойы жәннаттық адамның амалын жасап келіп, өмірінің соңында үлкен күнәлар істеп қоюы мүм­кін. Сондықтан адам баласы өз өмірінің қалай аяқталарын білмейді. Әр күн сайы­н ізгілікті амалдар жасап жүру керек. Тағ­дыр өзгертілмейді, Алла оны әуелден білді. 

Серік ҚАЛИЕВ, ақын, намазхан: 

Шынын айту керек, тағдыр, пешене мәселесінің аражігін ажыратып түсіну, түсіндіру өте қиын. Дінтанушы бір ғұлама ғалым «Пешене, тағдыр деген мәселенің түбін тым қазбалап, тым үңіле бермеңдер, адасып кетесіңдер», деп айтқан екен. Рас, адамның маңдайына пешенесі жазылып қойылады. Бірақ Алла тағала адамның тек дүниеге келу және дүниеден өтетін күнін ғана жазып қояды. Ал, адамның бақытты, бақытсыз болуы көбінесе өзіне байланысты. Жәннатқа барған марқұмға періштелер тозақты көрсетіп: «Анау сенің орның болар еді, бірақ, сен мынандай амалдар жасадың», деп айтады екен. Керісінше, тозаққа барған мар­құмға да жәннатты көрсетіп, жаңағыдай әңгіме айтатын көрі­неді. Расында, адамның бүкіл тағдыры алдын ала жазылып, бақытты-бақытсыз болуыңның бәрі шешіліп қойылған болса, онда адамдарға амал жасаудың қажеті қанша? Меніңше, Алла жаратты, бірақ адам өмір жолында оң жаққа жүре ме, жоқ, сол жақ­қа бұрыла ма, бұл адамның өз ықтиярында. 

Әбсаттар СМАНОВ, дінтанушы,  діни басқарма ғұламалар кеңесінің мүшесі: 

– Шынында, адамның тағ­дыры, оның өміріндегі жақсылық та, жамандық та бір Алладан. Тағдыр, пешене жазу адамның өзінің қолында болса, барлық пенде байып, ойына келгенін істер еді, барлығы бірдей бақытты болып кетер еді. Ана құрсағында жатқан кезде періштелер адам баласының тағдырын пешенесіне жазып қояды. Бірақ «Алла тағала адамның бүкіл өмірін алдын ала жазып қойса, бұл өмірдің сынағынан не пайда?» деген сұрақтың келетіні рас. Алла та­ғала барлық нәрсені білуші. Алла жерді жаратпай тұрып, жерде қанша адам өмір сүретінін, олардың қалай өмір сүретінін, қаншасы еркек, қаншасы әйел болатынын, қаншасы мұсылман, қаншасы кәпір болатынын, бәрін-бәрін білген. Сөйтіп, адамдарға ықтияр беріп қойған. Яғни, адам­ның жақсы-жаман болуы өзіне байланысты. Бәрі Алланың қалауымен болады. Мысалы, өте ертеде медицина ғылымының бір ғұламасы небәрі 54 жасында іші өтіп қайтыс болған екен. Көз жұмар алдында шәкірттері: «Сіз қанша адамды емдедіңіз, бірақ неге өзіңізді емдеп жазбайсыз?» деп сұрапты. Сонда ғұлама бір кесе су алдырып, ішіне бір түйір дәрі салыпты. Су лезде қатып қалыпты. Шә­кірттері: «Енді осы дәріні ішпейсіз бе, жазыласыз ғой» дегенде, «Күніне 7-8 түйірін ішіп жатырмын, бірақ ешқандай шипа жоқ. Яғни, маған Алла тағаладан шипа болмай тұр. Алла дертіне шипа жазбаса, ауру адам ешқашан да жазылмайды», деген екен. Сол айтпақшы, жақсылық келсе шүкіршілік, жамандық келсе сабырлылық қылу керек. Бұл науқас адам «Бәрі Алланың қолында», деп тек аспанға қарап жата беру керек деген сөз емес. Алла «Әр дерттің өз шипасы бар» деп айтқан. Адам ешқашан да жамандыққа емес, жақсылыққа үйір болуы тиіс. «Менің пешенем­де осы жазылған екен» деп, қиыншылықтан бордай езіліп, араққа салынып кетуге де болмайды. Неге адамдар тағдырына сәл риза болмаса, бірден жаман жаққа қарай жығылуға құмар? Ондай адамдар алдымен «Мені Алла мұсылман етіп жаратты, мен неге намаз оқымауым керек?» деген сұрақты қойып көрсінші өзіне. Дұға – тағдырды өзгертуге жағдай жасайды. Мысалы, сіз бір адамға жақсылық жасасаңыз, ол адам: «Осының жолын оңғара көр, өмір жасын ұзақ ете гөр», деп дұға жасайды. Міне, бұл дұға сіздің тағдырыңызға оң әсер етуі мүмкін. Сол сияқты қайыр-садақа бәле-жаланы қайтарады. Бір сөзбен айтқанда, Алла тағала адам­ға ақыл, білім, ғылым берді. Иман келтіруге шақырды. Яғни, өмірдің сан тарау жолында қалай жүресің, қай бағытта жүресің, мұның бәрі адамның өз ықтиярында

Қызым, саған айтамын, сен өзің тыңда
«Жақсы адам болып қалу – ең басты нәрсе» Ол балаларына осындай өсиет қалдырды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу