«Жақсы адам болып қалу – ең басты нәрсе» Ол балаларына осындай өсиет қалдырды

Oinet.kz 23-04-2020 4185

Screenshot_39.jpg

Әліпбек Өсербаевтың қазасы оңтүстік өңірінде  үлкен қоғамдық пікір туғызған қаралы  оқиға болды.  Жауапкершілік жүгі ауыр қызметтің ауыртпалығынан болар, Ордабасы ауданының әкімі Әліпбек Шәріпбекұлының денсаулығы күрт нашарлап, кенеттен көз жұмды. 59 жасына қараған шағында өмірден озған абыройлы азаматтың отбасына Үкімет жетекшісі Асқар Маминнен бастап, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, кезінде екі облысты басқарған, министр болған Асқар Мырзахметов, ТҮРІКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов сынды азаматтар, қоғам белсенділері, журналистер, зиялы  қауым, әр алуан саланың өкілдері, тіпті  өңірдегі қарапайым тұрғындарға дейін әлеуметтік желілер, ақпарат құралдары арқылы тосыннан келген қайғыдан қан жұтқан Өсербаевтар әулетіне көңіл айтты және әлі жалғасып жатыр. Қызметтік жолында талай биіктерді бағындыра білген Әліпбек Шәріпбекұлы – Түркістан қаласын үш дүркін басқарған әкім, оның ішінде Елбасының Жарлығымен облыс орталығы   мәртебесін алған қасиетті қаланың тізгінін ұстаған тұңғыш басшысы болды. Бұдан бөлек басқарма басшысы, облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметтеріне дейін көтерілді. Ең бастысы – елдің сенімін ақтап, көпшіліктің ризашылығы мен шынайы құрметіне бөленген абыройлы азамат ретінде жұрт жадында қалды. Ендігі кезекте ел үшін аянбай еңбек еткен ердің есімі атаусыз қалмау жағы айрықша назарда болғаны абзал. 

Screenshot_37.jpg

Балнұр ӨСЕРБАЕВА, қызы:  

«Шаршадым» деп  шағым айтпаушы еді  

- Жан әкем Әліпбек Шәріпбекұлы - ата-анасының  қамқоршысы, қолқанаты әрі кеңесшісі бола білген ұл. Ол - тек отбасының ғана емес, бүкіл Өсербаевтар әулетінің нағыз тірегі, ақылшысы, қамқоршысы еді.  Мейірімді әке, бауырмал аға, қамқор ұл, адал жар да бола білді.

Оның мінез - құлқы, өзгелермен қарым - қатынасы, білімі барлық бауыр-туыстарының көз алдындағы айнымас үлгі болып табылады. Өсербаевтар әулетінде дүниеге келген бауыр, іні-қарындас ол кісіден өнеге алып, өзіне қарап бой түзеп өсіп келеді. Оның тұғырының биіктігі соншалық, отбасында өскен әрбір ұл мен қыз ол кісінің жанында тік тұрып, ақылы мен сынына ешбір қарсылық білдірген емес.

Әліпбек Шәріпбекұлы 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты әке, 8 немере көріп кеткен ата. Барлық балаларының өсіп, жетіліп, өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуына, қоғамдағы өз орнын дұрыс табуына әкеміздің атқарған еңбегі ерекше.

Әкем жұмысқа қатты берілген жан еді.  Ол шын мәнінде халықтың перзенті  болды. Таңның атысынан кештің батысына дейін жұмыста. Ұйқыдан ерте тұратын. Таңғы 5-те оянып, спортпен шұғылданатын. Ұзақ қашықтыққа жүгіретін. Жүзуді ерекше ұнатушы еді, күнделікті 3-4 шақырымдай  жүзетін.  Біз енді ұйқымыздан тұрып жатқанымызда әкеміз шымыр әрі тың күйде жұмысқа шығып кететін.   Үйде сирек көруші едік. Көп уақытын жұмысында өткізді. Әдетте түнгі сағат 11-лерге таман оралатын. Бірақ, шаршап келгені жүзінен байқалып тұрса да, «шаршадым» деп шағым айтпаушы еді. Тек «үһһ» деп диванға жайғаса кетіп, көк шайын ішіп, бір мезгіл теледидар көрген соң барып жататын. Әкем  өмірінің едәуір бөлігін осылай өткізді.

Жұмыста суық, қатал кісі болғанымен, үйге келгенде басқаша еді.  Әкем немерелерін ерекше жақсы көретін. Әр немересі туылған сайын олардың атын атамай, өзі ерекше ат қойып алатын. Іс-сапармен қайда барса да, міндетті түрде құрқол оралмай, немерелеріне сәлем-сауқат әкеліп жүретін.  Өте балажанды еді.  Әсіресе, немерелерінің жанында жадырап, жайнап,   күлімдей қарап отыратын.   Жұмыста жүрген сәтінде  «балалар мен барғанша ұйықтап қалмасыншы» деп жиі сұранатын. Үйге келген соң немерелерінің ортасында мауқын басады, ойнайды, бүлдіршіндерге ат болады.

Screenshot_38.jpg

Screenshot_40.jpg

Screenshot_35.jpg

Қанша жұмыс басты болғанымен, кітап оқуға уақыт табуға тырысатын. Әкем әдебиетті өте жақсы көрді. Біздің үйдің бір бөлмесі әдеби кітаптарға толы. Бірде  «Сіз осы кітаптарды оқисыз ба өзі, мүлдем ашылмаған, жап-жаңа  кітап сияқты ғой» деп айтқанымызда көкем «мен бұл кітаптарды баяғыда-ақ бірнеше қайтара оқып тастағанмын. Кітаптарды сендер оқысын деп жинап жатырмын» деп жауап қатқан еді. Жуырда үйді жинастырып жүріп көкемнің қолжазбаларын тауып алдым. Блокнотына түрлі нақыл сөздерді, әсіресе Бауыржан Момышұлының сөздерін түртіп жүрген екен. Көбіне  адамгершілік жайлы, қандай басшы болу керек деген тақырып төңірегіндегі құнды ойлар. Көкем осыған да уақыт тапқан екен. Айта кетерлігі, барлық жағынан да мінсіз болуға ұмтылған әкемнің  тіпті жазуы да ерекше болатын. Құдды бір өрнектеп жазатындай. Осыдан-ақ өзіне деген талапшылдығын аңғаруға болатын шығар.

Бос уақытында әкем аңшылыққа шыққанды ұнататын. Оқта-текте жақын  дос-жарандарымен аң аулауға шығып кететін.  Сондай-ақ,  атқа мінгенді ерекше жақсы көрді.  Немерелеріне  де атқа мінуді үйретіп, тіпті  оларға арнайы ер-тоқым жасатты.

Әкем – басты ақылшымыз еді.  Мамандық таңдауда сол кісінің пікіріне жүгіндік. Інім екеуміз экономист мамандығын таңдасақ, екі бауырым заңгер болды. Қазір ұлдары Ермек пен Ербол құқық қорғау органдарында абыройлы қызмет атқарып жүр. Ал інім Бекнұр Чехия аграрлық университетінің магистранты.  Бірде болашақ мамандық туралы әңгіме қозғалғанда  әкемнің «ақша табу оңай, адам болу қиын. Арба айдап та, көлік жүргізіп те ақша табуға болады, бірақ жақсы адам болып қалу – ең басты нәрсе» деп айтқан өсиеті есімде мәңгіге сақталды.

Ол кісінің денсаулығы өте мықты еді. Спортпен шұғылданып жүргендіктен бе, денсаулығының сыр бергенін аса байқамадық. Тек соңғы бір-екі  жылда қатты ауырғаны бар. Клиникаға жатып, емделіп шыққан соң біршама  дұрыстау болып қалған  еді. Дегенмен, бітпейтін сансыз шаруалармен шапқылап жүріп толық емделуге уақыты болмады.   Бізді  де уайымдатқысы келмей, денсаулығына қатысты мәселелерді айтпады. Асқар таудай әкеміздің биік тұлғасына қарап одан бір күнде   айырылатынымызды, күтпеген жерден өміріміздің астаң-кестеңі шығатынын қайдан білейік...

Әкеміз  соңғы күндерін карантин жағдайындағы Темірланда өткізді. Біз отбасымызбен Түркістанда болдық. Көмекшілерінің айтуына қарағанда, соңғы 3-4 күн бойы ауырған болуы керек. Бірақ қиналса да  бізді уайымдатқысы келмеді. Тек «кейінірек емделермін, жазылып кетермін» деп, уақытты созып алған екен. 

index555-1140x568.jpg

Жарылқасын ӘЗІРЕТБЕРГЕНҰЛЫ, Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы, Түркістан облысының құрметті азаматы: 

«Із қалдырған азамат»

- Әліпбектің әкесі Шәріпбекпен бірге Балтакөл мектеп-интернатында бірге қызметтес болғанбыз. Әлі есімде, Әліпбек дүниеге келген кезде барлығымыз жиналып, дастарқан жайдық. Сонда  Рәзия Дүйменова деген апайымыз «баланың атын Әліпбек деп қояйық, райкомға хатшы болсын, аумин Аллаху акбар!» деп тұрып бата берген. Ол уақыт  райкомның мықты кезі ғой.  Кейін сол бала институтты бітіріп, қызмет істеп, Түркістан қаласының әкімі болды. Әліпбек көз алдымда өсті, көз алдымда жұмыс істеді.  Оның бүкіл отбасын, әке-шешесін жақсы білемін.   Кішкентайынан Әліпбек өте алғыр болды, мектепті үздік бітірді.

Басшылықта, билікте жүргендердің ішіндегі әдебиетке жақын, кітапты көп оқитын, газеттерді көп қарайтын азамат еді. Билікке барғандардың күнделікті күйкі тірліктерден қолы тимей ме, әйтеуір, әдебиеттен алыстаңқырап кетеді ғой. Ал Әліпбек ондай емес еді. Түркістан қаласына әкім болып келгеннен кейін жиі  пікірлесіп тұратынбыз. Мені өзінің ұстазы, ағасы тұтып, ақыл сұрайтын. Әкім болу – оңай шаруа емес. Бұл қызмет қарамағындағыларға қаталдықты талап етеді. Кейде біреуді жұмыстан босатуға тура келеді, осындайда әртүрлі сөздер өрбиді. Соған төтеп беру керек.  Әліпбек Шәріпбекұлы өз жұмысына өте  адал болатын әрі қаталдығы бар еді.  Бірде осы мінезіне қатысты  «сен өзіңді де аямайсың, командаңды да аямайсың. Аздап қатал болған жақсы, бірақ қатыгез болмау керек» деп айтқаным бар.

Әліпбек Шәріпбекұлы Түркістанды облыс орталығы болмай тұрған кезде басқарып, қатардағы аудан орталығынан үлкен, мықты қалаға айналдыра білді. Көптеген сәулетті құрылыстарды салды, көшелер жөнделді, тәртіпті орнатты. Бір сөзбен айтқанда, ол - артына өшпес із қалдырған азамат. Түркістанда «Түркі бағы» деген көрікті жер бар. Қазақстанда  Елордадан кейінгі ең биік жалауды желбіретті. Көрінісі керемет. Нұрсұлтан қаласындағысы 111 метрлік болса,  Түркістандағы биіктігі 90 метрлік Ту күндіз-түні желбіреп, Әліпбек Шәріпбекұлын еске түсіріп тұрады.

Ордабасыға барғанда байқағаным, жергілікті халық шын мәнінде өз әкіміне  риза екен. «Біз әкімге жарыдық, керемет жұмыстар жүріп жатыр» деп қуанышын жасыра алмай,  ыстық лебіздерін төгілтіп жатқан жұрт. Өткен жолы бір жолыққанымызда «ойымда бірталай шаруалар бар, Ордабасы ауданы орталығын қала қатарына қоссам  деген жоспарым, мақсатым бар. Осы көздегенімді ойдағыдай атқарсам» деп ойындағысын бөліскен еді. Әттең, сол арманын орындап үлгермеді.

Дүние - жалған, өмір - өткінші деп жатамыз. Осылайша  шамасы келгенше елі, жері үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтар дүниеден өткенде шынында қабырғаң қайысады, омыртқаң майысады. Әсіресе әке-шешесіне өте ауыр тиді,   әкесі Шәріпбек ақсақал қазір 84 жасқа шықты. Осы қаралы күндерде оларға басу айттық,  жанында болдық.  Әрине, суыт хабарды естігенде  барлығымыз да аң-таң қалдық. Бірақ, үкім Алладан ғой, көнбеске шара бар ма?!

unnamed.jpg

Болатхан САҒЫМБЕКОВ, Ордабасы ауданының құрметті азаматы, медицина ғылымдарының  кандидаты:

«Ұйықтап жатқан ауданды серпінді  жұмысымен оятты»

- Ордабасы халқының  Әліпбек Өсербаев жайлы пікірі керемет, өте жақсы. Баяғыда Отырар ауданына Р.Әбдірайымов басшылыққа барып,  небәрі 9 ай жұмыс істесе де  Отырарды гүлдендіріп жіберген тұғын. Қазіргі Отырардың бейнесі сол кезде қаланған. Халық әлі күнге дейін сол азаматтың ерен еңбегін айтып отырады. Сол сияқты   Ордабасыда соңғы 30 жылда  жасалмаған жұмыстарды   Әліпбек марқұм 8 айда атқарып тастады десем артық айтпаған болар едім.  Халыққа газ әкелу, көшелерді абаттандыру, онда да ерекше талғаммен жасау - мұндай ауқымды өзгерістер бұл өңірде бұрын-соңды болмаған. Расында да, ұйықтап қалған ауданды серпінді жұмысымен  оятты.

Мен 1969 жылы бірінші сыныпқа мектепке барғанмын. Сол кезде айтатын едім, «Темірланға газ келеді» деп. Жұрттың да қанша жылдан бергі  айтатын әңгімесі де осы газ еді. Сол көгілдір отын ауданға Әліпбек Өсербаевтың  тұсында келді. Әрине, алдын-ала жүргізілген жұмыстарды жоққа шығармаймыз. Бірақ Өсербаевтың ауданға 2-3 айдың ішінде газды кіргізіп бергені шындық. Ол кісінің іскерлігін атап өту керек. Алдыңғы басшылар  «анау еді, мынау еді» деп халықтың алдында түрлі себеп-сылтауды  көп айтатын.  Қазір Темірланда атқарылып жатқан кейбір тірліктер қажет десеңіз Шымкенттің өзінде де жоқ. Жалпы, мен айтар едім, елдегі әкімдердің барлығы дәл осы Өсербаевтай болса, халқымыздың тұрмыс-жағдайы әлдеқайда жақсара түсер еді.

Жылдық есеп беру жиынында жиналған халық облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевке   «әкімімізге 3-4 жыл тимеңізші, басқа қызметке ауыстырмаңыз, ауданымызды гүлдендірсін» деп өтініш-тілегін қайта-қайта жаудырған еді. Халқының өз әкіміне деген осыншалықты ынта-ықыласын қайдан көрдіңіз? Бірақ, адамның айтқаны болмай, Алланың дегені болады  екен ғой.  Әліпбек Шәріпбекұлының арамыздан кеткені өте өкінішті. Шамалы уақыт ішінде ауқымды істер жасап, халықтың ризашылығын арқалаған Әліпбек Өсербаевтың есімі ел есінде қалатыны сөзсіз.  

"Рейтинг" газеті, 

№16, 23 сәуір, 2020 ж

Пешене деген немене? - дінтанушы
Балаңызға мына сөздерді айтудан сақ болыңыз!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу