«Күшік күйеу болғым келмейді»: тараздық жігіт мұңын шақты

Oinet.kz 02-05-2022 7697

Жамбыл облысының Мақсат есімді тұрғыны ERNUR.KZ тілшісіне өз басындағы жағдайды айтып берді. 

Screenshot_2.jpg

«Мен Жансаяға ес-түссіз ғашық болып үйлендім. Мектеп бітірмей тұрып танысқанбыз. Олар біздің ауылда тұрған, кейін қалаға көшіп кетті. Кейін мен оқуға түсіп, аяқтап, жақсы қызметке тұрып алдым. Үйдегілер «келін әкел» деген әңгіменің шетін шығарғанда, ойыма бірден Жансая түсті. Сосын оны құрбылары арқылы тауып алып, екеуміз кездестік. Сөзіміз жарасып, сезіміміз оянып, үлкендердің ақ батасымен, құда түсіп, ұзату тойын жасап бас қостық. Жансая бөтен адам емес, біздің ауылда тұрған. Келген күннен бастап үйдің бар шаруасын дөңгелетіп әкетті. Жақсы келін, сүйікті жар бола білді. Әлі де солай. Оған деген сезімім суыған жоқ. Бірақ... мені ма мазалайтын бір жағдай бар. 

Әйелім үйінің жалғыз қызы, әкесі ол кішкентай кезінде апаттан қаза тапқан. Анасы содан бері тұрмысқа шықпай, тек Жансая үшін өмір сүрген. Сол кісі біз үйленгеннен кейін, екі жыл өткенде сырқаттанып қалды. Жиі қан қысымы көтеріледі. Бүйрегі де ауырады. «Жедел жәрдемді» көп шақыртады екен. Ондай кезде ауылда отырып Жансаяның мазасы кетеді. «Анашым жалғыз өзі қалай жатыр екен? Ауырғанда жанында бола алмадым-ау» деп өзін іштей мүжи берді. Оның бұлай қиналғанын көру маған да оңай болған жоқ. Іштей «қалаға көшпесем болмайды-ау» деп ойладым. 

«Іздегенге – сұраған» дегендей, аудан орталығындағы жұмысым жабылды да, қаладан жұмыс табыла кетті. Мұнымды ата-анам да қолдады, «қарашаңыраққа ие болар інің бар, алаңдамай тірліктеріңді жасаңдар» деп ақ батасын берді. Алғашқыда пәтер жалдап тұрдық. Бірақ әйелім кішкентай баласымен үйде, жұмыссыз. Менің тапқаным тамағымнан артылмайды. Пәтердің ақысын төлеуге келгенде қиналып жүрдік. Соны сезген Жансаяның мамасы: «Үш бөлмелі пәтерде жалғыз өзім тұрамын. Маған көшіп келіңдер, ақшаларыңды желге шашқанша, пәтерақының ақшасын жинап, үй алудың әрекетін жасаңдар», - деп ақыл қосты. Онысын менің ата-анама айтып, құдалар өзара ақылдасты. Олар да мұны құптады. Осылайша біз қазір Жансаяның анасының қолында тұрамыз. 

Біз көшіп келгелі енем ауруын ұмытқандай. Немерелерімен мәре-сәре боп, соларды ойнатып, саябаққа қыдыртып жүр. Жансая да анасының жанына келгелі көңілі жайланды. Обалы не керек, енем өте жайлы кісі. Әйелім екеуміздің арамызға түскен емес. Қайта менің сөзімді сөйлеп, мені мақтап отырады. 

Сонда да менің көңіл-күйім жоқ. Қайынжұртқа көшіп келген кезде ауылдағы сыныптас жігіттер ватсаппен «Басқа-басқа, сені күшік күйеу болады деп ойламаппыз. Қатыныңның айтқанынан шыға алмай қалғансың ба? Бұрын ондайың жоқ еді» деп әзіл-шыны аралас әңгіме айтқан еді. Осы сөз санамда қалып қойған ба, елдің бәрі мені күшік күйеу деп санайтындай, қуыстанамын да жүремін. Енеңнің үйі өзіңдікіндей бола ма, қалаған уақытта достарыңды шақыра да алмайсың. Бәрібір ыңғайсыз екен. 

Бірақ мен бұл үйде мәңгі бақи қалмаймын. Табысы жақсы жұмысқа орналастым, әйелім де балаларды анасына қалдырып, мамандығы бойынша жұмыс істеп жатыр. Екеуміз айлығымыздың бір бөлігін жинап, күні кеше қала шетінен жер алдық. Енді соған үй тұрғызсақ деп ниет етіп отырмыз. Бірақ мұны қайсібіріне түсіндіріп отырасың? Елдің аузына қақпақ болу мүмкін емес екен. Жүйкем жұқара бастады. Әлгі сөздің кесірінен сыныптастарыммен де араласпай кеттім. Жансаяның туыстарына барғанда да ыңғайсызданамын. Бәрі маған масыл, жатыпішер жалқау деп қарайтын сияқты...» 

«Енем өлген соң өкініп қалдым»: түркістандық келін жылап қалды
«Тұра тұр, ағаң үйленсін». Әкесін тыңдап, бақытын жоғалтқан жігіттің әңгімесі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу