Балам мені кешіре алмады. Өлгім келеді

Oinet.kz 13-10-2021 6330

Балам мені әлі де кешіре алмайды. Ана үшін бұдан асқан қорлық жоқ! Өз балама емес, өзге адамға сенгенім үшін баламның алдында айыптымын. Менің Жамиля мен Жарқын деген егіз ұл-қызым бар. Екеуі де балажан, сабақты жақсы оқып, бүгінде семьялы болып отыр. Бірақ, ұлым Жарқын әлі күнге ейін маған өкпелі. Оған өзімнен басқа кімді кінәлаймын?!

Screenshot_10.jpg

Біздің ауылда Самал деген келіншек бар еді. Самал үлкен ұлынан кейін 19 жылдан кейін қызды болды. Қызы Камшатты бүкіл ауыл жақсы көрді. Самалмен біз бір мектепте істедік. Ол химиядан, мен биология сабағынан бердім. Менің жолдасым вахталық қызметте істеді. Кейде ақшамыз жетпей қалса, Самалдан қарызға алатынмын. Кейін күйеуім келгенде қайтаратынмын.

Самалдың үлкен ұлы Ақтөбеде оқып, сол жақта жұмыс істейтін. Самалмен қарым-қатынасымыз жақсы болды. Балаларым да кішкентай Камшатпен ойнап, олардың үйіне емін-еркін барып жүрді.

Самалдың тұрмысқа шықпаған Камал деген апасы бар. Камал апа үйін сатып, сіңлісінің үйіне көшіп келді. Камал апа неге екенін білмеймін мені және менің балаларымды аса жақтырмайтын. Біз сол үйде болсақ, түртпектеп, артық сөздер айтатын.

Бір күні Самал балам Жарқынды шақырып алып, Камшатқа математикадан есеп шығаруға көмектесіп жібер дейді. Жарқын балам сөзін жерге тастамай үйлеріне барады. Мен ол кезде жұмыстамын, жолдасым қызметте. Жарқын сол үйде 2 сағаттай болып үйге келді. Кешкілік уақыт еді, дастархан басында жиналып отырғанбыз. Бір кезде Самал үй телефонына хабарласып: «Ғалия, үйдегі 5 мың теңге ақшам жоғалды. Жарқын алды ғой деймін» деп қалды. Мен бірден Жарқынды тергедім. Балам ағынан жарылып, ақша алмағанын айтты. Самалдың сөзі маған қатты тигені соншалық Жарқынды алдыма салып оның үйіне алып бардым. Ақшасы жоғалған Самал барлығын Жарқыннан көріп отыр. Оны Камшат та, Камал да қолдады. Жарқын болса: «Мен Камшаттың жанында болдым, басқа бөлмеге тіпті кірген емеспін» деп жылады. Баламның көз жасына сенбедім, Самалдың сөзіне еріп, баламды көшеге шығарып алып сабадым.

Бұл шу бүкіл ауылға тарады. Айқай-шу ұзаққа созылды. Жарқын мойындамаған сайын оны мен таяқтадым. Оны бүкіл ауыл көрді. Қызым Жамилә жүгіріп келіп: «Мама, Жарқын ондай емес қой, ол ешқашан да алмайды» деп ажыратып жатты. Жамиләмен бірге көршілер де ажыратты. Бір кезде Жарқын: «Біреудің ақшасын қайтемін. Сен маған неге сенбейсің? Мен сол Самалыңнан кеммін бе?» деп жылап сайға қарай жүгіріп кетті. Жамилә мен ауыл балалары соңынан жүгіріп кетіп еді, ол ұстатпады. Түн жарымға дейін шулап, үйге келдік. Жарқын сайда жылап-жылап, үйге келер деп ойладым. Бірақ, таңға дейін ол келмеді.

Түні бойы көз ілмей баламның қайда жүргеніне алаңдадым. Небір ойлар келді, әйтеуір, өліп қалмаса екен деп тіледім. Таңертең көзі қызарып жаныма Жамилә келді: «Жарқынды бекер жазалап отырсың. Оның кінәсі жоқ. Енді үйге келсе болды, келмесе қайтеміз?» деп айтты. Осы сөзден кейін баламды іздестіруге кірістік. Ауыл балалары да қосылды. Көрші Забира деген апа: «Балаңды соншама жазалағаның не? Ақша жоғалса, неге анау Самал милиция шақырмады? Әй, соның үйінде түбінде береке болмайды» деп айтты. Сонда ғана есімді жиып, өзімнің дұрыс істемегенімді түсіндім.

Жарқынды іздеп-іздеп таба алмадық. Жолдасыма хабар бердім, ол жұмыстан сұранып түнделетіп келді. Менің қылығымды бетіме басты. Бірден Самалға барып: «Баламның ақшаңды алмағанына көзің жеткен шығар. Міне 2 күн болды таба алмай жатырмыз. Балам не өлі, не тірі екенін білмеймін. Егер балам өлі болса, сен екеуіңнен көремін» деп айтты. Самал сонда: «Ақшаны Камшат алыпты. Камалдан сағыз аламын деп ақша сұраған екен, ол бермеген. Сонда менің әмиянымнан алыпты» деп отыр.

3 күн баламды іздестірдік. Сол күні кешке көрші ауылдағы қайын апам мен жездеміз келді. Машинадан түсе салып: «Құрсақтан шыққан балаңды өлтірейін дедің бе? Оның өмірі 5 мың теңгеге тұра ма? Жарқын, заттарыңды жиыстыр, бұл үйден сені алып кетемін. Сені де мұғалім дейді-ау» деп мені жерден алып, жерге салды.

Жарқын сол кезде түнделетіп қайын апамыздың үйіне жаяу барыпты. Үйге барса, есік құлыптаулы. Олар қалаға кеткен. Бір күннен кейін келсе, есік алдында Жарқын көгеріп отыр. Мән-жайды білген соң, оны жуындырып, киіндіріп, тамағын беріп, докторға апарыпты. Кейін біздің үйге жеткен. Бүкіл ауылға осылай масқара болдым. Мұғалімнің өз баласын ел көзінше сабағаны туралы барлығы білді. Мектеп директорынан сөгіс алып, өз еркіммен жұмыстан кеттім. Жарқын балам содан бері міне 7 жыл болды менімен сөйлеспейді. Мектепті жаңағы айтқан қайын апамның үйінде жатып, көрші ауылда бітірді. Одан кейін қалаға кетті.

Жамиләмен, әкесімен араласып тұрады. Ал мені көргісі де келмейді. Баламның алдында айыптымын. Оған сенбегенім үшін жазықтымын. Осы жағдайдан кейін балам қатты өзгерді, оқуға да түспеді. Өзімді осы үшін қатты жазғырам.

Жарқын базарда істейді. Өткен жылы үйленді. Тойын жасап берейік деп ниеттенген едік, ол керек емес деп айтыпты. Келіншегімен неке қиған. Келінім магазинде кассир болып жұмыс істейді екен. Қалада пәтер жалдап тұрады. Жақында сәбилі болды. Баламмен араласқым келеді, немеремді, келінімді көргім келеді, бірақ, оған Жарқын жолатпайды.

Әкесі, қызым, тіпті қайын апам арамызға түсіп, татуластырғысы келіп еді, Жарқын көнбеді. «Менің осылай оқымай, далада жүргеніме сол кінәлі. Самалдың сөзіне сеніп, туған баласына сенбеген анаға мен бармаймын» деп айтыпты.

Сол оқиғадан кейін күйеуімнің, қайын жұртымның көзқарасы өзгерді. Ауылдастар да маған аса жоламайды. Қызым Жамилә көрші ауылда ата-енесімен тұрады. Оған қайта-қайта бара алмаймын. Жолдасым сол қызметінде. Ауылда жалғыз тұрып келемін. Баламмен татуласқым келеді, кешірер деп армандаймын.

Самал сол оқиғадан кейін үш айдан кейін үйін, малын сатып, қаладағы ұлының қолына кетті. Мен де қалаға Жарқынның үйіне барғым келеді. Бірақ, ол мені көргісі келмейді.

Ғалия, Батыс Қазақстан облысынан

alashainasy.kz

Жаным, кішкене күте тұршы
Өзінің екі баласын тастап, өзгенің екі баласына әке болмақшы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу