Оның маған танытқан адамгершілігіне иттік жасаған екем

Oinet.kz 09-11-2022 4711

Жоғары оқу орнын бітірген соң, жұмысқа орналаспақ болып, бармаған мекемем, ашпаған есігім қалмады. Барлық жерде қысқарту жүріп жатыр екен, тауым шағылып, шаршап та кеттім. Арқа сүйер апамның, көмек берер көкемнің жоқтығына налып, көше бойында жылап келемін. Алматыда жаңбыр құйып тұр. Көк тәңірінің көзімен жарысқандай, менің де жанарымнан сел-селдетіп келеді. Қол шатырым да жоқ, тоңып та келем. 

Screenshot_7.jpg

Осы сәт қолшатыр ұстаған бір апай:

– Қалқам, тоңып тұрсың ғой, жүр менің көлігіме барайық,– деді.

Мен оған ызбарлана қарап, ызалана:

– Тоңған жоқпын, – деп, дүрс ете қалдым.

– Жүр, қалқам, жылама, тілдесейік.

Солай біз таныстық, сөйлестік, ол мені көлігімен жұмыс орнына алып келіп, шәй берді. Құдай жарылқаймын десе, әп сәтте екен. Ажар Ахатқызы осы мекеменің бастығының орынбасары болып шықты. Сол мекемеде іс- тәжірибеден өтуіме кеңес берді. Оған да шүкір дедім. Арада біршама айлар өткен соң, бастыққа айта жүріп, менің жұмысқа қабылдануыма көмектесті. Мен бақытты едім, адам баласы жамандыққа да, жақсылыққа да тез үйренеді ғой. Шынын айтсам, дандайсып кеттім, ол кісінің тілін бірде алсам, бірде алмай, берген тапсырмаларына жүрдім-бардым қарадым. «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» деген, мен қайдан білейін, Ажар Ахатқызына қызғанышпен қарайтын адамдар да бар екен.

– Бастық сені жұмысқа алғанын бұлдап, саған бар айтқан әмірін жүргізіп, үстін-үстін тапсырма бере береді, өзің жүдеп кеттің. Сен соның айтқанына көне бересің бе? – деп, арамызға от салып жүргендерін мен сезбеппін. Неге екенін білмеймін, соңғы уақытта Ажар Ахатқызы мазасызданып, мұңайып, сел-соқ жүрді. Оның көңіл-күйін сұрап, қал-жайын білудің орнына, ол кісінің әр ісіне көре алмаушылықпен, іштарлықпен қарайтын, көзінше күлімдеп, адал жандай көрініп, ал сыртынан сөз айтып жүретін қыз-келіншектермен қосылап алып, өзіме жанашыр болған жан туралы өсек-сөз айтып, маған сабақ болсын деп, өзінің де басынан өткерген өмірі жайлы айтқан сырларын сыртқа шығарып, жамандауға әуес болдым.

– Қыздар, сендер Ажар Ахатқызының үйі бар, күйі бар, жағдайы бар деп тң қаласыңдар ғой, менің бір байқағаным– бұл кісі кешкі тамағын ішкен соң, таң атқанша үйінен кетіп қалады. Күйеуі қайдан келді, қайда барады, тіпті шаруасы жоқ, екеуі бір-бірінен бөлек жандар секілді, түсінбедім. Таң атқанша қайда жүреді?

– Қайда барушы еді, қонақ үйге баратын шығар?

Қыздар сықылықтап күлсін. Масқара, есік жаққа қарасам, Ажар Ахатқызы шығып барады, біздің бар әңгімемізді естіді, енді кіретін тесік таппай сасып қалдық. Сол күні жұма еді. Ертеңінде, сенбі күні ол бөлімдегі төртеумізді таңғы тоғызға жұмысқа шақырды. Әрине, төртеуміз де енді не болар деп, таң атқанша көз ілмедік. Таң да атты, жұмысқа келдік. Көңілсіз күй танытқан бастық апамыз машинаға отыруымызды сұрады, біз үнсіз келістік. Жүріп келеміз, бір кезде қаланың шетіндегі шағын ауылға келдік. Бізді үйден шыққан апа мен ата қуанып қарсы алып жатыр.

– Ой, Ажар қалқам, денсаулығың қалай? Сен ауырдым дегеннен бері, осы ауылдың бәрі уайымдап жүр, өзіңе айтар жаңалықтар көп. Сен келіп қала ма деп, балалар да құлпынай теріп, тауықтың жұмыртқаларын да көптеп жинап қойды.

– Апа, жарайды, шай қойып жіберсеңіз кейін сөйлесерміз. Біз ештеңе түсінбей, төртеуміз абдырап тұрмыз. Бізді шағын өзен жаққа бастап апарып, терең күрсінген Ажар Ахатқызы әңгіме бастады.

– Мен сендер айтқандай, түнде ерігіп, зерігіп, қонақ үйде түнгі көбелек боп жүрген жоқпын… Әркімнің айтыла бермейтін қателігі мен сыры болады. «Жұбайлар бар әңгімесі таусылған» дегендей, менің де жұбайыммен сырымды бөлісіп, айтылар әңгімем ертерек таусылды. Жалғызсырап қалдым. Бірақ, мен өмірде өлімнен емес, ажырасу деген сөзден қорқатынмын. Оның да өзіндік себебі бар. Жас кезімде кетіп қалуыма да болар еді, бірақ, бір жағдай себеп болды. Көршінің келіні үнемі мұңайып, көңілсіз жүретін. Бірде қал-жағдайын сұрасам, мұңын шағып былай деді. «Ажар апа, менің ата-анам ажырасып, әкем өзге жанға үйленіп, анам басқа жанға тұрмысқа шықты. Әр балада бір шеше, бір әке болу керек қой, менің тойымда екі әке, екі шеше болып, төрт адам қатар жүрді. Осы күні енем сол жағдайды бетіме басып, қыр соңымнан қалмай айтатын болды.Жолдасым үйде жоқта «сенің қай әке-шешеңді құрметтеп, құда-құдағи деп төрге отырғызып сыйлаймыз» деп жанымды жей береді. Онсыз да әке-шешемнің ажырасуы маған аз соққы болмап еді. Мен көршім Айгүлмен арада болған осы әңгімеден соң, көп ойландым. Ұлым мен қызым болашақта осындай күйде болмау үшін көніп, төздім. Ал екінші жағдай, мен күндіз қызметкермін, түнде кәсіпкермін. Бір жылдары банктен үлкеееен несие алып, жер сатып алып, үй салмақшы болдым. Бірнеше жер алдым, үйдің де құрылысын бастап кеттім. Бірақ, менің сатып алған жерімнің құжаттары заңсыз болып шықты. Сотқа барып, дауласып, әділдік іздегеніммен, еш нәтиже шығара алмадым. Ақыр соңында несиелерді өтеу үшін мен күндіз сендермен бірге қызметте болсам, түнде гүл базарына барып, таң атқанша гүл саттым. Кейде, тұшпара жасайтын цехтарда түнгі маусымда жұмыс істедім. Мен мұны тіс жарып, ешкімге айтпадым. Ешкімнен қарыз сұрамадым, ешкімге қол жайып жыламадым. Ал сендер айлығымыз аз деп, «анда тартсаң анда, мұнда тартсаң мұнда жетпейді» деп қарыз сұрағанда, қалтамнан табылатын ақша – менің айлығымның көптігінен емес, осы түнгі еңбектердің арқасы еді. Ал сенбі, жексенбі демалу керек деп, жиын тойға, қонаққа барудан қолдарың босамайды. Менде сенбі, жексенбі деген жоқ. Қысы-жазы осы ауылға келемін.

Ажар Ахатқызы әңгімесін аяқтай алмай, баяу басып, алға қарай жүріп кетті. Біз не істерімізді білмей, үнсіз тұр едік, қасымызға келген апа самбырлап сөйлеп жүр.

– Бізді жұрт оралман дейді. Осы үйдің қожайыны қалада тұрады, кейін осы үйін Ажарға сатып жіберді. Енді далада үйсіз қалдық қой деп жүргенде, Ажар: «Бізге үйде тұра беріңіздер, пәтер ақы сұрамаймын. Тек, маңайға бау-бақша егіп, тауық ұстап, шаруашылықпен айналысайық»,– деп кеңес берді. Біз келістік. Бүгінде Ажарға біз ғана емес, ауыл адамдары да дән риза. Бізді қаладағы театрға, концерттерге жиі апарып, балаларды да жаз айларында демалтып, олардың оқуларына да көмегін беріп тұрады. Ажардың қаладан келуін бәріміз де тағатсыз күтеміз. Ол келген күн – біз үшін мейрам, той. Өзі сондай ақылды, жанашыр жан. Соңғы уақыт көп ауырып жүр. Тез жазылып кетсе екен деп, бәріміз тілеп жүрміз.

Апам әңгімесін айта жүріп, дастарқан үстін жайнатып қойды. Бізде асқа деген тәбет жоқ. Күнделікті қасымызда жүрген жанның қадір-қасиетін, енді түсінгендейміз. Бізді сол күні қалаға әкелгеннен кейін, Ажар Ахатқызының демалысқа кеткенін білдік. Біз оны тағатсыздана күтіп, қашан жұмысқа келеді деп сағынып жүргенімізде, ол кісі жұмыс ауыстырып, басқа қалаға көшіп кетіпті. Оны кейін білдік. Бұл күнде біздің біріміз түнде лағман созып, оны дүкен, асханаға өткізіп, біріміз гүл сатып, біріміз көптен қолға ұстамаған тігін машинасымен іс тігіп, әжептәуір іскер, ісмер жан болып алдық. Көп нәрсені көкейге тоқып, көңілге түйіп, өзге әлемнен келгендей күй кешіп жүрміз. Өмірде қандай қиындық болса да, мойымауды, әрбір істі қайырлыға жоруды, өткенге өкінбеуді мен сол кісіден үйреніппін-ау…

Ләззат Қапышева

Үйленейін десем, тәуір қыз жоқ
Сезімнің жетегіне еріп, күйеуімнің мал-жағдайын сұрап алмаппын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу