Бақытсыз Бөкіш кемпірді бақытты еткен келін

Oinet.kz 25-04-2023 3856

Бөпіш кемпірдің бір арманы-келін түсіру. Шалының бақилық болғанына он жылдай уақыт болды. 

Screenshot_6.jpg

«Күні бойы желкем ұйып, басым ауырып, мазам болмай» дейтін, марқұм тракторының дөңгелегіне ауа үрлеп жатып құлап, тілге келместен үзіліп кеткен. Желкілдеген жас емес, еңкейген кәрі емес, жасамыс елуінде жалғыз ұлдың тілеуін тілеп, соны қайтсем қатарынан кем етпей жеткіземін деп, көштен қалмай қоңыр тірлік кешті. 

«Артында бар-оңалар» деген, шүкір ұлы ер жетті. Әкеден қалған кәсіпті жалғастырып, тракторшы болды. 

Ел қатарлы бір «шүйке басты» келін етіп түсіріп, Алла оңынан беріп, солардың жас шаранасын иіскесе, кемпірдің бұл дүниеден өтсе де, арманы болмас еді. Баласына айта-айта, құлағының етін жей-жей шала жасы құрыды. Тойға деп баққан ісектер де қартайып, тістері түсіп жұларлығы қалмады. Келін жайлы әңгіме қозғалса болды, баласы ішіп жатқан шайын тастап, кесесін төңкеріп, дастарханнан тұрып кетеді. Бірақ, кейінгі кездері «келін тақырыбына» еті өліп кеткені сонша, қою шайды сораптап ішіп, шешесінің салған сартабайын естімеген мылқау адамдай, жынынан айырылған бақсыдай болып міз бақпастан жата беретінді шығарды. 

Жұрттың баласы бесіктен белі шықпай, тіпті, тұмсығының асты дегдімей жатып үйлі- баранды болып жатады. Күні кеше ғана шаң-шаң болып, тауықтың кетегіне кіріп, жасырынбақ ойнап жүрген көрші үйдің Тәкені, көрші ауылдың қызын алып қашып келгенде, Бөпіш кемпір біршама уақыт өз-өзіне келе алмай қалған-ды. Мұның баласы жасы отыздың үстіне шығып кетсе де, ақталанған бұқадай ұрғашымен ісі жоқ. 

Бөпіш кемпірге ауылдағы әркімдердің келін алған тойына барғаннан өткен азап жоқ. Төрт құбыласы түгел, өзі қатар кемпірлер әңгіменің көрігін үрлеп, абысын-ажынды бірін-бірі қажап, ешбір уайымсыз тойдың жылы-жұмсағын тістеріне басып, немелеріне арнап кәмпит-сәмпиттерін алып жатқанда, мұның ішкен асы тамағынан өтпей, әркімге бір жалтақтап отырғаны. Кейінгі кездері той-садақаны да сиретіп, басыр болып жатып қалатынды шығарды. 

Баласы кейде тракторын тарылдатып түннің біруағында келеді.  Үйге енді-ау деген шамада Бөпіш кемпір ыңқылдай бастайды. 

«Осы үйдің адамдары мен келсем-ақ болды, ыңқылдай жөнеледі екен» дейді баласы шешініп жатып. 

«Сен, сен мені ыңқылдатып қойған» дейді ұрынарға қара таппай жатырған шешесі. Сонымен әңгіме тамам болады. Тоңазытқыштан ауызына шөкімдеп бір нәрсе салса салады, салмаса, әкесінің тонын жамылып, шешесінің жанына қисая кетеді. 

Қай мейрам екені есінде жоқ, баласы бой жазып келуге қалаға барып келген. Ойында дәнеңе жоқ кемпір оның жол сөмкесін ақтарып отырғанда, ішінен қопыраған сары шашты орыс келіншектің суретін тауып алды. 

«Қопыраған түрі жаман екен, өзіне ұнаса болар» деп, жүрегі алып-ұшып қуанған қуанышы көпке бармады. Сөйтсе, онысы телевизордан, Мәскеуден ән шырқап жүрген кекселеу келіншек болып шықты. Дегенмен, «үмітсіз-шайтан» деген, жақсылықтан кемпір күдерін үзбеді. 

«Шалы тірі болғанда біреудің қызын айттырып та болса, алып берер ме еді, қайтер еді» деп, жетім көкірек кемпір кейде кемсеңдеп көзінің жасын сығып, қосағын еске алады. 

Мамыр айының басы болатын. Жер бусанып, көбік қарда бір, көктемеде бір тоятын уақ малдың ауызы көкке тиіп мәре-сәре. 

Бір төмен етектінің жоқтығы болмаса, баласы шаруаға мығым. Қоралары, бау-бақшасы сақа тастай, аулада көлденең жатқан бір тал шөп көрінбейді. Жерден өз бетімен шөп үзіп үйренсін, әйтпесе, бара-бара малдың мойыны жетпей жүрер деп деп ойлап, жас ботасын қорадан шығарып, Бөпіш кемпір тынығып беткейдегі жалғыз ағаштың түбінде отырған. Бұдан екі-үш күн бұрын қой ауылға әлденелер тиеп кеткен баласы тракторын үйге бағыттатып келеді. 

«Тамағын өзі ысытып ішер, жас малдың қатесі көп, ойнақтап жүрген ботасы құлап, мертігіп қалар» деп ойлап, біраз байырқап отыра тұруды жөн көрген. Ұлы тракторын оңай от алдырып кету үшін үй алдындағы еңеске қоюшы еді. Бұл жолы олай істеген жоқ аулаға жанай тұрды.

«Жетпегір, бірдеңе ұрттап келді-ау шамасы, жылқыдағы Амалбай құрдасы екеуі біріксе, бір оқиға болушы еді, сөйткен ғой» деп орнынан қозғала бергені сол еді, көйлегі қызарып трактордан түсіп жатырған біреуді көзі шалды. Ауызын ашып, бір-екі адым аттап тоқтап, анықтап қарады. Шынымен әйел заты. Бөпіш үйге қалай жеткенін, әншейінде өте алмайтын арықтан қалай өтіп кеткенін байқамай қалды. Аулаға енгенде көзінің түскені, қолдан жасалған ағаш сәкіде ұлы бір қызға әлденелерді айтып күліп, әңгімелесіп отыр. Мұны көрген қыз ұшып тұрып, жылы жымиып сәлем берді. Жүрегі ауызынан шығардай болып қатты соқты кемпірдің.

«Сап, сап көңілім! Жүрегі құрғыр қайтер екен, сап, сап!» деп өзін-өзі әзер тежеді. Құдды бір тәтті түс көріп жатқандай. Жоқ, өңі екен. Жүзі күнге тотыққан, қара торының өңдісі, адам үрікпес қыз екен. Елтең-селтең артық қимылы жоқ, ибалы жан екені аяқ басқанынан-ақ білініп тұр. 

«Құдайдың да маған қарасқаны шығар, қашанғы сарылдыра берсін» деп күбірлеп өзіне-өзі тәуба айтты. 

«Гүлжаннның кешкі автобусқа отыруы керек, сырттай оқиды қалада» деді ұлы. 

«Бұл кімнің қызы еді?» деп, еске түсіре алмай тұр еді атын атағанда барып таныды. 

«Е, Төреғұлдың Гүлжаны екен ғой. Шешесі аурулы болып, жас інілері жетіскенше тым-тәуір оқуын тастап, мал ауылда жүр» дегенді талай естіген. Баласымен жасты қыздар енді барар жеріне барып болған болар деп қыздарды түгендегенде, Гүлжан қыз кемпірдің есебіне тіпті кірмепті де ғой. 

Бөпіш кемпірге тыңнан күш қосылғандай болды. Қолды-аяққа тұрмай зыр жүгіріп дастархан жасады. 

Түстің қайтуында қыз қол сөмкесін алып жүргелі тұрып, кемпірге іш тарта қарап «Сау болыңыз» деді. Қыз артынан ұзақ қарап шығарып салған кемпір үйге бұрыла бергенде, ұлы алдынан шықты күлімдеп. 

Жүзінде шексіз бақыттың, адам айтқысыз қуаныштың нышаны бар еді. 

«Гүлжан екеуміз осы жазда бас қосатын болып шештік, тойға әзірлен» деді шешесіне жасқаншақтап қызарақтай қарап. Бөпіш кемпір жарты жасқа жасарғандай болды. Өмірде көрген азабы, қайғысын бір мезетте ұмытып кетті. 

«Дәм, бұйырмыс деуші еді бұрыңғылар, осы екен ғой»  деді ішінен. 

Сосын өзіне-өзі «Жаңағы неме не айтты? Жазда деді ме?» деді. 

Жаратқанға алғысын жаудырып, құдайға мың да бір шүкір айтып тұрып «Жаз қайда-а... енді құдайдың күні өтіп болар дейсің бе?» деді. 

Дегенмен, сол күні қаратаудың қойнауындағы ауылда бір уыс болған қара кемпір Бөпіштен бақытты адам жоқ еді.

Ауылды ұстайтын апа елді таң қалдырды
Барлық бәле - енеден. Енем төрт жылда тілімді шығарды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу