Перашкі сатып күн көретін келіншектің қыздарына берген тәрбиесі елді сүйсіндірді

Oinet.kz 10-05-2023 2765

Менің көршім бар. Үш балалы жас келіншек. Үйінде бар-жоғы білінбейді. Кейде кішкентай қыздарымен лифтіге бірге кіріп қаламыз. Мамасы аулаға ойнатуға алып шығады.

Screenshot_1.jpg

Екі қыз міндетті түрде амандасады. Оны ұмытпайды. Сосын бірдеңелерді сенен сұрай жөнеледі, р-ға тілі келмейді

“Сіз менің мамамды танисыз ба?”, “Сумкаңыз ауыр ма?”, “Сіз де бізбен ойнайсыз ба?” деген сияқты. Құдай деп, екі бетін шымшып-шымшып, құшақтап аласың, еріксіз.

Мамасы ең кішкентайын қолына ұстап, көбіне коляскасын қоса алып шығады. Ондай кезде екі қызы (төрт, бес жаста-ау деймін шамамен) шыр-шыр етіп, бөпесіне бір, коляскаға бір, мамасының қолынан тартып, иә болмаса лифттің кнопкасына жүгіріп, шамаларына қарамай аналарына көмектескілері келеді. Жатқан кино)

Әсіресе қара қызы аса қамқор, елпілдеп тұрады.

Бүгін кешке таман жақын маңдағы азық-түлік дүкендерінің біріне барғанмын. Әйтеуір бірдеңе бітіп тұрады, соған бола түсесің төменге. Қарасам, қып-қызыл боп піскен (сыртынан-ақ дәмді, ұқыпты істелгені көрініп тұр) пирожки тұр екен. Әншейінде, әсіресе жеп-ішетінімді қыртиып, бұртиып, жүз рет аударыстырып жүріп алатын мен әй-шайға қарамай екеуін алып алдым. Қолыма алып тұрып сатушы қызға: “үйден пісіріп әкелген сияқты ғой, иә?” деп едім, “иә, тура таптыңыз. Мына үйде тұратын келіншек әкеп тұрады. Өте дәмді, ойланбай ала беріңіз” деді (мен тұратын жақты көрсетіп) 

Мен бірден сездім. Көрші келіншектің ісі екенін. Өйткені үнемі бір күшті иіс шығып жатады, үйге кіре бергенде. Сатушы қыздан ешнәрсе сұрағам жоқ. 

Қарасам бір табақ пирожкиден оншақтысы қалыпты. Тағы екеуін қосып алдым. 

Келе жатып бір жайт есіме түсті. Апам баяғыда біздер кішкентай кезімізде майда-шүйде сатқан. Кейін есейген шағымда апам сатқан заттардай затты сатып жүрген кісі көрсем, ақшам жеткенше көөп қылып алып алатынмын. Оны апама да айттым, беріректе. 

Әлі күнге дейін сөйтемін, әсіресе базарға барғанда. Қуанып қалатындай көрінеді. Шынымен де қатты қуанып кетеді.

Өйткені апам кешкі ас ішіп отырғанымызда: “бүгін саудам жақсы болды, шүкір” деп, қуанып отыратын. Баламыз ғой, ешнәрседен кемдік көрмей, қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк боп жүріп ата-анамыздың біздер үшін тартқан мехнатын сезбедік, білмедік. Таңнан кешке дейін біз үшін үй бетін көрмей жүретін. Сондағысы болмашы бір ақша тауып, бізге май, қант, сүт әкеледі, бітті. 

Келіншекті, оның қыздарын ойладым.

“Жаңадан көшіп келдіңіз бе? Біз мына үйді жалға алғанымызға да көп болған жоқ, көршілердің бәрі жақсы екен” деген болатын, өткенде. 

“Қыздардың папасы қайда екен?” деген ой келді. Келгелі бір рет те көрмеппін. Сұрамаған соң ол да айтпады. Оның үстіне тұйықтау келіншек.

Осындай бір адамдар бар, осындай бір аналар бар…Әйтпесе бірінің артынан бірі шүпірлеп өсіп келе жатқан бөпелерінен босап, күнде дүкенге пирожки пісіріп апарып қоюдың артында оңай тұрмыс тұрған жоқ шығар?! Қайдан білейін?..

Құдай ондай адамның пейіліне-ақ беретін шығар, түбінде.

Әлия Құдайбергенова

Менің ашынып айтқан қарғысым әкемнің бауырын ірітіп жіберіпті
Қызымның өліміне менің ақымақтығым кінәлі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу