Қателікті келіндерімнен емес, ұлдарымнан іздеймін

Oinet.kz 10-08-2019 1459

Screenshot_21.jpg

Алланың қалауымен бас қосқан жарыммен екі ұл, бір қыз сүйдім. Тұңғышым Болат шаңырақ көтеріп, үйге келін әкелгенде кемпірімнің қуанышында шек болмады. Жас келіннің маңдайынан сүйіп, үнемі айналып-толғанып отыратын. Небәрі 20 жасында үйінен ұзатылып шыққан «бала келін де» қамқоршы енесіне тез бауыр басып, тіл табысып кетті. Әттең, сол сүйікті келінінің құрсағындағы сәбидің дүниеге келгенін көре алмай, арманда кетті-ау, жарықтық. Жас кезінен сыр берген сырқаты уақыт өте келе асқынып, кемпірім көз жұмды. Өмірлік серігімнен айырылғанда қанатсыз қалған құстай болып, ұша алмай шарасыз күйде қалдым. Ендігі бар қуанышым тұңғыш немеремнің жарық әлемге келуін асыға күттім. Әсияның қырқын беріп жатқанда қара жамылған шаңыраққа шуағын төгіп шекесі торсықтай ұл дүниеге келді. Есімін Қуаныш деп қойдық. Жүректегі жараның орнын осы бір балақай жазды. Атасының арқасынан түспейтін Қуаныш екі жасқа толғанда екінші ұлым Қайрат та өз теңін тауып, үйленді. Көп ұзамай әке атанып, қызды болды. Бәрінен де екі келіннің бір үйде тату-тәтті өмір сүргеніне шүкіршілік еттім. Тәңірден күндіз-түні осы берекеден айырмауын тіледім. Алайда Алла мені сынаққа алайын деді ме, бір жылдың ішінде баяғы ынтымақты жанұяның «сау тамтығы» қалмады. Ибалы деген екінші келінім бетпердесін шеше бастады. Үлкен келінім Сандуғашты маған, кенже қызыма қарсы айдап салуды шығарды. Тілінің уы бар Индира ақыры өз дегеніне жетіп ата мен келін, келін мен қайынсіңлінің арасындағы сыйластық жоғала бастады. Төрт қабырғаның ішінде өмір сүріп жатсақ та қызым екеуміз бөлек ас ішіп, кір-қоңымызды өзіміз жуып жүрдік. Ең қиыны немерелеріме тіптен жақындай алмадым.  

Бар жағдайды ұлдарыма түсіндірмек едім, ата сақалым аузыма түскенде ерлі-зайыптылардың арасына өсек тасығандай болып қалмайын деп, тілімді тістеп жүрдім. Кейде кемпірім тірі болғанда мұндай жағдайға душар болмас па едім деп өкінішке «тұншығам». Не керек, тірі өлік болып жүргенімде үлкен ұлым бөлек шығамын деп, бір күннің ішінде киім-кешегін жинады да, қалаға көшіп кетті. Сықырлап кетіп бара жатқан жүк машинаның артынан көзімнің жасын әрең тыйып қарап тұрдым. Байғұс Қуанышым, «ата сау бол!» деп қолын бұлғағанда жүрегім аузыма тығылды. Болат кеткелі ол үйдегі  жан азабым еселене  түсті. Төрінен гөрі көрі жақын өзім үшін емес мектепті енді ғана аяқтағалы отырған қазым Жанеркенің болашағы үшін алаңдаймын.   Қашанғы шыдауға болады? Бір күні Қайсар жұмыстан келгенде ішімдегі бар мұң-шерімді таратып, үйдегі жағдайды баяндадым. Бірақ, осы әрекетім үшін өкіндім. Өйткені ұлымның да көзін шел басқан екен. Шындықты жалған деп, бар жағдайға өзімді кінәлап шықты. Арадан үш ай өткенде Қайсар үйді сатып, қалаға көшетін болды. Сұмдық хабарды естігенде қарсылық таныттым. Жұбайыммен бірге алғаш кірпішін қалап, адал еңбекпен ішін затқа толтырып, қуанышымызға, қайғымызға куә болған шаңырақты қалай қиып тастап кетемін, айтыңыздаршы?! Алайда мені тыңдайтын құлақ бар ма? Амал жоқ сүйретіліп қаланың көп қабатты пәтеріне келдік. Шынымды айтсам ол үйде өмір сүре алмадым. Өзімді бөтен сезінгенім соншалық, ол үйде ауа жұтқаннан гөрі өлімді көбірек қаладым. Ұлым мен келінімнің көзіне күйік болмайын деп, жалғыз інімнің үйіне Жанрекемді алып кетіп қалдым. Інім және отбасы бар жағдайға қанық болғасын, құшағын ашып қарсы алды. Бала-шағасы, немерелері «ата, ата» деп төрден орын беріп жүр. Қазір киімім бүтін, қарным тоқ, қызымның да жүзіне күлкі үйіріле бастады. Бірақ, көңілім орнында емес. 

Мен келіндерімді жамандамаймын, қателікті өз ұлдарымнан іздеймін. Себебі қыз баланы бойжеткенге дейін ата-анасы тәрбиелесе, тұрмысқа шыққасын енесі мен атасы және бастысы  күйеуі тәрбиелеу қажет. Әйеліне туған әке-шешесін сыйлата білген күйеуді нағыз ер жігіт деп санаймын. Тәрбие беріп, мейірім, шапағатын төгіп, оқытып-тоқытқан адамды бойынан күш қуаты кеткенде қамқорлығына алмаған ұлдардың барынан жоғы дейсің, осындайда. Іштен шыққан шұбар жыландарым-ай! Мен әлі де оларды күтіп жүрмін!   

Керімбек Сейдалы, 

Қызылорда облысы

Сені сүйгендіктен ғана...
Балаңызды біреумен салыстырмаңыз...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу