«Шымкент-Кашемир» - тізеқап тоқитын жалғыз әрі берегей фабрика

Oinet.kz 17-11-2022 482

image.png

Бұрын ата-бабаларымыз қой және түйе жүнінен тоқылған тізеқаптарды киген. Кейін олардың қолданысы азайып кеткені рас. Тіпті, жоғалып кетті десек те болады. Дәстүрмен астасқан киім түрін шымкенттік зауыт заманауи  форматта жаңғыртып өндіріске енгізді. Ұсақ мал мен түйенің жүні ықылымнан киіз және басқа да киім-кешек тоқуға өте ыңғайлы материал болған. Қазір де солай. Мысалы «Шымкент-Кашемир»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде сол шикізат барынша сұрыпталып, тазартылып жатыр. 

«Бұл жерге келгеннен кейін бірінші мұндағы жұмыскерлер жүндерді сұрыптайды. Ағын, қара түсін, ангорка және қарапайым жүндерді бөліп береді. Жүндер сұрыпталғаннан кейін станокқа түсіп, онда түтіледі және бес бірдей жуу аппаратынан тазартылып шығады. Жуылған жүнді әрине кептіреміз. Оның да өзінің арнайы аппараты бар. Осы кезеңдерден өткен жүндер үлпілдеп, тазарып әп-әдемі болып шыға келеді. Тіпті, иіскеген кезде де ешқандай малдың немесе басқа да иістер шықпайды »,- дейді  зауыттың қызметкері Бақтияр Райымбай.

Бұл тізеқаптардың жүн шұлықтан айырмашылығы айқын көрініп тұрады. Ұзын әрі қалың қап тізеге киіліп салқыннан және түрлі жарақаттардан да қорғайды. Өнімнің бір емес бірнеше түрі бар. Бірі тізеге киілсе, басқасы ұзын шұлық іспетті. Яғни қысқа арналған қалың түрі және күз-көктем мезгілдеріне негізделген жұқалауы да тоқылады. 

Түйе және қой жүнінен тоқылатын тізеқаптардың сапасы өте жоғары. Әсіресе, адам аяғының сырқырауын басады және алдын-алады. Дене температурасын  яғни жылуды сақтайды. Жалпы фабрикада жылына 30 мың тізеқап тоқылады. Болашақта тоқуға арналған заманауи құрылғылардың қатарын көбейтіп өнімнің көлемі өспек. Сондай-ақ бұл фабрика тұтас ел бойынша тізеқаптарды жалғыз шығарып отырса да бағаны аспандатпай, керісінше төмен ұстап отыр. 

«Төмен бағадағы мұндай заттар Ресей болсын, басқа болсын  біздегіден бір жарым есеге қымбат. Біз отандық өнім деп шамамызша төмен бағаны ұстап отырмыз» ,- дейді  «Шымкент-Кашемир» өндіріс басшысы Тоқтаған Біржангүл. 

Қуантарлығы тізеқаптардың дизаины мен түр-түстері ерекше. Әйелдерге, ерлерге де арналған түрлері бар. Сол себепті де сәнге айналып барады. Оның үстіне жылы, қолайлы. Ата-бабаларымыз пайдаланған пайдалы бұйымды ұмытпай насихаттап, мақтанышпен брендке айналдырсақ қанекей?! 

Қаланың абаттануына үлес қосып жүрген үздік аудан
Қала іргесі азық-түлік белдеуіне айналып келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу