Іскер әйелдер форумда бас қосты

Oinet.kz 18-11-2022 303

image.png

Бұрынғы қазақ қоғамы әйел затының көш бастауын, ерлердің алдына шығып, шаруасын атқаруды қош көрмейтін еді. Уақыт өте келе заман жаңарып, заң өзгерді. Кейінгі жылдары  әйелдердің іскерлігін нығайту ілгерілей бастады. Бүгінде қай салада болса да әйелдер қауымы ерлермен тең дәрежеде белестерді бағындыруда. Жуырда Шымкентте  Іскер әйелдер форумы өтті. Жиында бизнесте жетістікке жеткен нәзікжандылардың тәжірибесі талқыланды. 

Форумды Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырды. Үшінші мегаполисте осымен екінші рет өтіп жатқан іскер әйелдер бас қосуының мақсаты кәсіпкер қыз-келіншектерге мәселені талқылау аймағын қалыптастыру және бизнестің жүйелі дамуына жол ашу. Форум жұмысы жергілікті әйел кәсіпкерлердің төл өнімдерінен жасалған көрмеден басталды. Олардың қатарында қолөнер бұйымдары, ұлттық киімдер мен тәтті тағамдардың түр-түрі бар. 

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының дерегіне сүйенсек, Шымкент қаласында жұмыс істеп тұрған 95,5 мың бизнес құрылымның 52 пайызын әйелдер басқарады. Бұл республикалық 40 % көрсеткіштен жоғары.

Қаладағы табысты іскер әйелдер негізінен шағын және орта бизнесте еңбек етіп жүр. Нәзік жандылардың басым бөлігі білім беру және медицина мекемелерін басқарады. Ал қызмет көрсету саласынан сауда, жеңіл және тамақ өнеркәсібін дөңгелетіп отыр. Сауда және сұлулық салондары секілді қызмет көрсету салаларында ең көп жұмыс орындарын ашып отырған да осы қыз-келіншектер қауымы. Бұл әйелдер кәсіпкерлігінің санын өсіру емес, сапалы түрде дамыту қажеттігін көрсетеді. 

Форумда  «Атамекен» ҰКП Шымкент қалалық филиалы басқармасы төрағасының орынбасары Т.Нақыпбеков әйелдер іскерлігін дамыту жолында атқарылған жобалар туралы айтты.

– Қазіргі таңда «Атамекен» ҰКП жанынан Әйелдер кәсіпкерлігі комитетін құру мәселесі қарастырылып жатыр. Елімізде кәсіпкерлікті қолдау үшін көптеген мемелекеттік бағдарлама жүзеге асырылып жатқанымен, олардың ешқайсысында әйелдерді қолдау туралы айтатын жеке тармақтар қаралмаған. Сондықтан, 2021 жылы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы еліміздің барлық өңірінде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарын ашып, онда бизнеске алғашқы қадамын жасап жатқан әйелдер ғана емес, бизнесте қалыптасқан іскер әйелдер де жан-жақты қолдау мен көмекке ие болды, – деді Т.Нақыпбеков.

Үшінші мегаполисте іскер әйелдердің қатары көбеюде
Бизнес леди тәжірибесімен бөлісті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу