«Бал Текстильдің» IV жобасы жүзеге аспақ

Oinet.kz 19-11-2022 304

image.png 

«Бал Текстиль» кәсіпорнында 2,5 млрд теңгенің жаңа жобасы жүзеге асырылады. Биылғы қараша айында іске қосылатын IV жоба жүзеге асырылса, қосымша 40 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Қазіргі таңда кілем фабрикасында 230 жұмыс орны бар. 2022 жылдың басындағы мәлімет бойынша, жобаға құйылған инвестицияның жалпы құны 11,25 млрд теңгені құрайды.

Шымкенттегі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан фабрика Қазақстандағы ірі кілем және кілем өнімдерінің өндіріс орны саналады. Экономикалық аймақтың бірден бір артықшылығы – мұнда орналасқан мекемелер жер, меншіктік және корпоративтік салықтан босатылады. Кәсіпорын 2013 жылдың қазан айында іске қосылған. Ал 2015 жылы компанияда синтетикалық иірімжіпті өндіру бойынша II жоба іске қосылды. Қазіргі таңда өндіріс орнының қуаттылығы жылына 7 млн шаршы метр кілем бұйымдарын және 4 мың тонна синтетикалық иірілген жіпті құрайды. Бал Текстиль» ЖШС халықаралық деңгейдегі отандық тұңғыш кілем тоқыма фабрикасы. Фабрика 2011 жылы индустрияландыру картасы аясында  құрылған. 

Компанияның өнімдері ел ішінде де, шетелде де, атап айтқанда Ресейде, Қырғызстанда және Тәжікстанда сұранысқа ие. Өндірістік қуатты ұлғайту мақсатында компания 2019 жылы кілем бұйымдарын өндіру жөніндегі III жобаны іске қосты, бұл өз кезегінде кілем өндірісінің көлемін жылына қосымша 2 млн шаршы метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Кілемдер инновациялық қондырғыларда, дәлірек айтқанда «Michel Van De Wiele» (Бельгия) тоқыма құрылғысында тоқылады. Қоржынында 2000-ға жуық кілем дизайны бар компания аз ғана уақытта халықтың ықыласына ие болып, отандық және халықаралық сапа конкурстарында «Үздік тауар» номинациясымен танылды. Қазақы нақышта тоқылған кілемді шетелден келетін кілемдерден арзан бағаға Қазақстанның барлық аймағынан таба аласыз. Мұнда шығарылатын кілемдер сапасына қарай 15 түрге бөлінеді. «Бал Текстиль» – тұрмыстық тауарларды сату бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын швециялық «IKEA» ірі компаниясымен келісім шартқа отырған еліміздегі тұңғыш фабрика. Кілем өнімдері аталған мемлекеттердің зертханаларында сынақтан өткізіліп, сапа сертификаттарын алып отырады.

Жол айрықтар салынуда
Инвестициялық жобаларға бай қала
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу