Көзді қалай күту керек?

Oinet.kz 14-12-2019 2256

Қазір әрбір екінші балада алыстан көрмеу (миопия) және коньюктивит бар. Осы ауруға тоқтала кеткен дәрігер: «Бұл аурулардың жиі кездесуіне адамның жеке гигиенасын сақтамауы себеп. Сондықтан, қолдың тазалығын сақтау және көз ауруы бар адамдармен қатынастың алдын алу қажет», дейді. 

Screenshot_28.jpg

Жуырда шетелдік мамандар арнайы  зерттеу жүргізіпті. Балалар миопиясы ең жиі тараған аймақ – Азия болып есептеледі. Әсіресе Тайвань, Сингапур, Жапония секілді технологиясы мейлінше дамыған елдердегі жағдай тым мүшкіл екен. Ол түсінікті де. Мұндағы  балалар тәй-тәй басқан  кезінен-ақ компьютер, теледидар мен басқа да түрлі электронды құралдарды белсенді түрде пайдалана бастайтыны белгілі. Алайда, оның зардабы қазір әлем офтальмологтарын қатты алаңдатып отыр. 

Мәселен, 1983 жылы Тайваньдағы мектепке дейінгі балалардың 5,8 пайызы миопияға шалдықса, қазіргі көрсеткіш 30 пайыздан асып кеткен. Ал 15 жасар бозбалалардың 81 пайызы  алыстан көрмеу дертіне душар. 

Австралиялық Кэтрин Роуз атты белгілі офтальмолог өз елінде тұратын қытай мигранттарының 6-7 жасар перзенттері мен сингапурлық балаларды  салыстырыпты. Сиднейдегі бүлдіршіндердің тек 3 пайызында  миопия байқалса, Синшапурдағы көрсеткіш 29 пайыздан асқан. Сондағы жалғыз айырмашылық – австралиялық балалар аптасына далада 14 сағат ойынаса, сингапурлық бүлдіршіндер бұған небәрі 3 сағат арнайды екен. Австралиялық бала бақшаларда  кішкентайларды  түрлі ойындарға көп мән беріп, сабақ оқуға бірнеше сағат  арнаса, Сингапурдың бүлдіршіндері үш жыл бойы толыққанды оқу курсынан өтуге мәжбүр екен.  Осылайша, білімге ден қойылғанымен, балалардың денсаулығына, оның ішінде көру қабілетіне  көп нұқсан келетіні анықталды. Зерттеу жұмысының соңында Кэтрин Роуз  мынадай тұжырым жасайды: баланың далада ойнап өткізген 1 сағаты миопияға ұшырау қаупін 2 пайызға кемітеді екен. Ойланарлық жағдай. 

Миопия өз кезегінде глаукома, катаракта мен соқырлыққа әкеп соғуы  бек мүмкін.  Бұл аурудың балалар арасында жиі таралуының бірден-бір себебі - бүлдіршіндердің компьютер алдында ұзақ отыруы. Сол үшін, ата-аналардың құлағына алтын сырға: перзентіңізді далада ойнауға көбірек жіберіп,  спортқа баулуға тырысыңыз. 

С.Сәрсенова

Дерек:

• Көз – жарық дүние. Өмір сүруімізге қажет ақпараттың 80 пайызын көз арқылы аламыз;

• Адам әр 10 секунд сайын кірпік қақса, әр кірпік қағым уақыты секундтың үштен бірін құрайды. Бұл – тәуліктің 50 минуты көзді ашып-жұмуға кетеді деген сөз.

• Жаңа туған сәби шамамен 6 айға дейін кірпік қаға алмайды;

Артық салмақтан, семіздіктен қалай құтылауға болады? Диетолог кеңес береді
Анасы қызына үйретер 10 тағылым
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу