Дәрігерлер ең көп жіберетін қателіктер

Oinet.kz 05-12-2019 3026

Соңғы жылдарда бүкіл әлемде дәрігерлік қателіктердің күрт көбейгені байқалады. Мұнды түрлі елдердегі статистикалық мәліметтер растайды. Бұл өз кезегінде қарапайым адамдардың ашу-ызасын туғызып жатқаны да жасырын емес. Қоғамда «дәрігерлік қателікке жол берген дәрігерді қылмыстық жауапкершілікке тарту керек» деген көзқарас қалыптасқан.  Содан болар, медицина саласындағы қандай-да атышулы оқиғаға байланысты азаматтар тарапынан «кінәлілер сотталуы керек» деген талаптар жиі естіледі. 

Screenshot_14.jpg

Әйткенмен, дәрігерлік қателіктің әлі күнге дейін нақты анықтамасы жоқ. Олай дейтініміз, әлемдегі бірде-бір мемлекеттің қылмыстық кодексінде осыған қатысты  анықтама жазылмаған. Демек, дәрігерге дәл осы айыпты тағудың өзі мүмкін емес.  Қазіргі таңда әлемнің дамыған елдерінде технологиялық жабдықталуы да, кадрлық құрамы да өте жоғары жүздеген атақты клиникалар бар. Алайда, солардың ешқайсысы да өз дәрігерлерінің қателіктер жібермейтінін сенімді түрде мәлімдей алмайды. 

Дәрігерлік қателіктің түп-тамырына қатысты сөз қозғалғанда ең әуелі мынадай себептер айтылады: заманауи медициналық ғылымның жетілдірілмегендігі; жұмыстың объективті жағдайлары; маман біліктілігінің жеткіліксіздігі немесе оның өз білімін пайдалануға қабілетсіздігі; дәрігердің әрекетсіздігі. Сонда қалай, дәрігер өз қателігі үшін жауап бермеуі тиіс пе? Қазіргі таңда дүниежүзіндегі сарапшылардың пікірінше, дәрігерлік қателіктердің базасын түзіп, арнайы статистканы жүргізіп отыру қажет. Сол арқылы әр дәрігердің жауапкершілігін белгілеу керек. Оған келесідей деректер итермелейді. 

Джон Хопкинс университеті зерттеушілерінің мәліметіне жүгінсек, жыл сайын дәрігерлік қателіктердің салдарынан шамамен 250 мың американдық азамат қайтыс болады. Бұл осы елде бір жылда қайтыс болған адамдардың 9,5 пайызын құрайды екен. Осыдан келе сарапшылар «халықаралық статистикаға өлімнің себептері тізіміне дәрігерлік қателік те енгізілуі тиіс» деген пікірді ұстануда. 

Еуропадағы жағдай да мәз емес. Пациенттерді қорғау қоғамының мәліметінше, 2005 жылы Германиядағы дәрігерлер шамамен 100 мың қателікке жол берген. Жыл сайын ақ халаттылардың жаңылыс шешім қабылдауынен 25 мыңға жуық неміс азаматы көз жұмады екен. Орта есеппен алғанда, әлемдегі әр оныншы медициналық араласу дәрігерлік қателікпен аяқталып жатады. 

Көршілес Ресейдегі ахуал тіптен күрделі. Бейресми мәліметтерге қарағанда, ресейлік дәрігерлер қойған диагноздардың үштен бір бөлігі дұрыс емес. Ал жыл сайын дәрігерлердің қателіктерінен шамамен 50 мыңға жуық адам көз жұматын көрінеді. Салыстыра келе анықталғаны, бұл жол апатынан қаза тапқандардың санынан да асып түсіпті. Пневмониядан мерт болған ресейліктердің 12 пайызы диагноздың дұрыс қойылмауы немесе аурудың тым кеш анықталғанынан жан тапсырған. Ресейдегі әрбір төртінші мүгедек баланың осындай аянышты халге жетуі «дәрігердің арқасы» екені де анықталды. Сол Ресейдің зерттеушілері алға тартқан және бір дерек: бастапқы  буын деңгейіндегі дәрігерлердің біліксіздігі салдарынан жоғары технологиялық жәрдемге зәру науқастардың тек 30 пайызы ғана анықталады.  Адамның өліміне апаратын негізгі себептердің бірі – дәрілік препараттардың дұрыс тағайындалмауы. Ресей Денсаулық сақтау министрлігі Фармакологиялық комитетінің мәліметтері бойынша, ресейлік дәрігерлер барлық дәрілік тағайындауларының 20-25 пайызында тиімсіз немесе ескірген дәрі-дәрмекті жазып береді. Сол себепті науқастың ауруы асқынып, күрделі кезеңге өтеді. 

Қазақстандағы жағдай көбінесе Ресейдікіне ұқсас болғандықтан, мұндай жайттар бізде де орын алып жатқанын топшылауға болады.  Қажетсіз операцияның жасалуы, мүлдем басқа дәрінің берілуі, диагноздың дұрыс қойылмауы, адамның сап-сау органын кесіп тастау... Мұндай жайттардың отандық медицинада көптеп тіркелетіні жасырын емес. 

Дәрігер не дейді, патологоанатом не дейді? 

Ең көп таралған дәрігерлік қателіктерге тереңірек үңіліп көрейік. 

ҚАТЕ ДИАГНОЗ. Шетелдік сарапшылардың анықтағаны мынау: әлемде қойылған диагноздардың 20 пайызына жуығы патологоанатомдардың диагноздарымен үйлеспейді. Ағылшын мамандары «әрбір 6-шы науқастың диагнозы қате болып шыққан, себебі дәрігерлер көбінесе асығыс жұмыс істейді де қосымша зерттеу жүргізуге немесе басқа дәрігердің пікірін білуге ұмтылмайды» деген пікір білдіреді.   

ХИРУРГТАРДЫҢ ҚАТЕЛІКТЕРІ. Операция кезіндегі әдістеменің өз деңгейінде атқарылмауы есебінен ішкі органдарға зақым келтірілуі де жиі кездесіп жатады. Оның үстіне, құрал-жабдықтардың стерильсіздігі, операциядан кейінгі кезеңдегі асқынулар (қанның бұзылуы, перитонит, жараның іріңдеуі) да хирургтардың мойнында. Кейбіреулер тіпті науқастың денесінде құрал-сайманын да қалдырып кетіп жатады.     

ДӘРІНІ ДҰРЫС ТАҒАЙЫНДАМАУ. Кейде дәрілік препараттарды ұқсас атаулары, сыртқы қораптарына байланысты шатастырып алатындар бар. Мәселен, преднизолонға ұқсас дәрінің 17 түрі бар.  Ауруханаішілік инфекциялардың да жиі орын алатыны белгілі. Кейбір деректерге қарағанда, әлемде жыл сайын 1,5 миллион адам стационарлық инфекцияларға шалдығып, олардың 100 мыңға жуығы қайтыс болады. 

Қателік пен ұқыпсыздықты ажырата білу қажет.

Себебі, ұқыпсыздық – қылмыстық жауапкершілікті жүктейтін әрекет. Әрине, медицинаға қатысты заңнама әлі талай өзгеріске ұшырауы мүмкін. Мамандардың пікірінше, жеке дәрігердің жауапкершілігі бірінші орынға шығуы тиіс. Бізде әдетте дәрігерлік қателік үшін мекеме жауапты. Сот процестерінің қорытындысы бойынша айыппұлды жеке дәрігер емес, мекеме төлеп жатады. Ал қызметкерлерге жиі қолданылатын жаза – сөгіс немесе жұмыстан босату. Бірақ, бұл  жағдайда  қателікке жол берген дәрігер өзге мекемеге ауысып, бұрынғысынша жұмыс істей алады емес пе? 

Түптеп келгенде, бірінші кезекте емдеу шараларының нәтижесі үшін дәрігер жауап беруі тиіс. Батыста медициналық қызметті жүргізу лицензиясын дәрігер алса, бізде мұндай лицензияға мекеме ие болады. 

Жалпы, медициналық ортада қандай-да дәрігерлік қателік заң бойынша жазаланбайтын әрекет ретінде қабылданады. «Дәрігерлік қателік мәселесін қылмыстық-құқықтық емес, медициналық проблема ретінде қарастыру қажет. Сондықтан, дәрігерлік қателікті «дәрігерлік қылмыс» ретінде қабылдауға болмайды» деген көзқарас бар. Себебі, бұл жағдайда науқастар мен медицина қызметкерлерінің арақатынасы тым күрделене түспек.  Дәрігер қателігінің салдары (науқастың ахуалы) да әрқилы болуы мәселені қарастыру ісін қиындата түседі. Оның үстіне, дәрігердің қателесуі -  тек диагностика мен емдеу мәселесімен шектелмейтін күрделі мәселе. Базбір шетелдік беделді сарапшылардың пікірінше, әрекетсіздіктің орнына дәрігердің қателік жасаса да науқасты емдеуге әрекеттенуі жасағаны дұрыс.   

Біздегі сапа арыз-шағым санымен өлшенеді

Өкінішке қарай, Қазақстанда дәрігерлік қателіктердің ресми статистикасы жүргізілмейді. Күні бүгінге дейін медициналық көмектің деңгейі науқастардың арыз-шағымдары арқылы ғана бағаланып келді. Енді жағдай өзгермек. Елімізде  медицина қызметкерлерінің жауапкершілігін кепілдендіру жүйесін енгізу бойынша ауқымды жұмыс қолға алынды. Әуелі осы бағыттағы заң жобасы әзірленіп, көпшіліктің талқысына ұсынылды.  Заңнамада медициналық қате туралы анықтаманың жоқтығы (ұқыпсыздық және немқұрайлықтан басқа) медицина қызметкерлерінің олардың кәсіби қызметін атқарған кезде қорғалмауына ықпал етеді.  Осыған байланысты, «медициналық қателік» және «ұқыпсыздық» түсініктерін ажырату және денсаулыққа зиян келтіргені үшін медицина қызметкерлерінің жауапкершілігін жеңілдететін өзгерістерді қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамаға енгізу туралы ұсыныстар талқылануда.

Медициналық қызметтердің сапасына қатысты арыз-шағымдар әсіресе 2012 жылы көбейгені тіркелді.   2011 жылы Денсаулық сақтау министрлігіне науқастар тарапынан 2,5 мыңға жуық шағым келіп түссе, олардың 29 пайызы негізді деп танылды.  Ал бір жыл өте министрлікке жолданған арыз-шағымның саны 5200-ге дейін жетіп, оның тең жарытсы негізді екені мойындалды.  Жоғарыда айтқанымыздай, арызданушылардың талабы орындалған жағдайда жауапкершілікке медициналық мекемелер тартылып, қомақты көлемдегі материалдық өтемақы төленді. 

Бас прокуратураның мәліметі бойынша, көрсетілген медициналық қызметтердің сапасына қатысты 2011 жылы сотқа 33 талап-арыз түсіп, нәтижесінде материалдық және моральдық компенсация ретінде 12 миллион теңге өндірілсе, 2012 жылғы дерек бойынша 78 талап-арыз қаралып, жалпы көлемі 32 миллион теңге көлемінде өтемақы өндірілді. 

Сонымен қатар, 2013 жылы медициналық қылмыстармен байланысты 433 қылмысты қөұқыбұзушылықтар тіркелген. 2014 жылы бұл көрсеткіш 420 құраса, 2015 жылғы медициналық құқыбұзушылықтар саны  595-ке жетті. 

Түптеп келгенде бұл жайттар медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін кепілдендіру жүйесін енгізу қажеттігіне әкеп тіреді.  Бұл жобаның мақсаты – медициналық қызметтің сапасын арттыру, денсаулығына зиян келтірілген азаматтардың құқықтарын қорғау және қателікке бой алдырып, науқастың өмірі немесе денсаулығына зақым келтірген дәрігердің мүліктік мүддесін қорғау болып табылады. Айта кетерлігі, бұл жоба жаңадан енгізіліп отырған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырумен тікелей байланысты. 

Ежелгі дәуірдегі дәрігерлік қателіктер

Дәрігерлік қателік ұғымы ежелгі дәуірде де болған. Кейбір мемлекеттерде тіпті осыған қатысты арнайы заң да қабылданатын. Бізге дейін жеткен ең танымал көне заңнамалық актілердің бірі – біздің дәуірге дейінгі 1792-1750  жылдарда Вавилон мен Месопотамияны басқарған Хаммурапидің тасқа қашалған Заңдар жинағы. Мұнда дәрігердің жауапкершілігіне үш параграф арналыпты. 

Ежелгі Үндістанда (б.д.д X — V) Ману заңдар жинағына сәйкес емдеу кезінде қателікке  бой алдырған дәрігерге науқастың касталық белгісіне қарай айыппұл салынатын. 

Ежелгі Грекияда дәрігерлік қызмет аса жоғары бағаланатын, сондықтан науқас қайтыс болған жағдайда да сол заманның медиктері жауапкершіліктен босатылатын. 

 Ежелгі Римдегі «дәрігерлік қателік» ұғымына дәрігердің тәжірибесіздігі де, абайсызда жасаған қателігі де, медициналық жәрдемді көрсетпеуі де кіретін. Әйткенмен, ауруы асқынған адамның көз жұмуы үшін сол заманның дәрігерлері жазаға тартылмайтын.   

15-ғасырдағы Англияда науқасқа зардабы тиген хирург қала басшысының алдында жауап тартатын. Мэрдің шешімімен кінәлі дәрігерге айыппұл салынатын немесе абақтыға жабылатын.   

Балмұздақ қант диабетіне шалдықтырады
Адам денесіндегі қанмен қамтамасыз етілмейтін жалғыз бөлік не?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу