Бауыр мен бүйректі, көз бен тісті де өсіріп шығаруға болады

Oinet.kz 15-02-2018 1338

Screenshot_1.jpg

«Елу жылда ел жаңа» демекші соңғы елу жыл мен қазіргі уақыттағы медицинаны салыстырып болмайды. Түрлі медициналық техникалардың пайда болып, қолданысқа енуі, сондай-ақ дәрігерлердің әмбебап маманға айналуы нағыз жаңашылдық деуге болады. Адам өміріндегі ең маңызды сала – медицина мұнымен тоқтап қалмақ емес. Әлемде ақ халаттылар мен жаңа техника, апараттарға сұраныс жылдан жылға артып келеді. «Цифрлы медицинаның» арқасында бұрын соңды естімеген жаңа мамандықтар да пайда болуда. Мәселен, бұған дейін IT-медик, зерттеуші дәрігер, тіндік инженер, молекулярлы диетологты естіп көрдіңіз бе? Медицинадағы жаңа мамандықтардың кейбірі дамыған елдерде халыққа қызмет ете бастаса, келесі бір мемлекетте кадр дайындау ісі қолға алынған. 

IT-медик деген кім?

Клиникалардағы жаңа аппараттарды бес саусағындай білетін, оны қолданып, қажет кезде шашып, қайта жинай алатын бұл мамандық иелері шетелде жаңалық емес. Көрші Ресей болса  IT медиктерді  биылдан бастап даярлауға кірісті. И.М.Сеченев атындағы Бірінші Мәскеу мемлекеттік медицина университетіне жаңа мамандықты игеруге талапкерлер қазірден талпынуда. Цифрлық медицинаға енді аяқ басып келе жатқан Қазақстан да медтехниканың тілін түсінетін ақ халаттылардың қажеттілігін түсініп отыр.  Себебі бағасы өте қымбат әрі цифрлық деңгейі жоғары апараттар істен шығып қалса, техникалық қызмет көрсететін мамандарды Германия, Жапониядан көп қаржы төлеп, шақыртуға мәжбүр болуда. Осы орайда бұл олқылықтың орны жақында толады дейді Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік техникалық университетінің халықаралық серіктестік және даму бойынша проректоры Талант Рыспаев. Республикада алғаш болып бастаманы қолға алған оқу орнына тек облыс пен республиканың ғана емес, Орталық Азия мен Ресейдің де абитуриенттері келіп, білім ала алады екен. 

IT-медиктер екі бағытта оқытылады: медтехника және телемедицина. Бұлар "Цифрлық медицинаның" құрамдас бөлігі болып табылады. Медтехника – бұл медициналық аппараттарға техникалық қызмет көрсетуді оқытатын бағыт. Телемедицина – науқастың талдауын қашықтықта зерттеу және диагноз қою. Аталған мамандар әсірсе, қашықта жатқан ауыл, аудандағы дәрігерлер мен науқастарға ауадай қажет. Мәселен, аудандық аурухана дәрігерлерінің біліктілігі жеткіліксіз болып тұрған сәтте телемедицина білікті мамандармен қашықтықта кеңесіп, диагнозды нақтылауға әрі ем-шара жүргізуге, тіпті ота жасау процесін онлайн қадағалай алады. Яғни, науқас пен жергілікті мамандар орталыққа сабылмайтын болады. Бұл жерде әрине жалғыз маманмен шаруа бітпейді. Қашықтықта дәрігермен байланысу үшін әрбір медицина мекемелерінде қажетті аппараттар мен әр дәрігердің қолында гаджет болу керек. Зерттеулер көрсеткендей медицинаның мобильдене түсуі ақ халаттылардың жұмысын әлдеқайда жеңілдеткен. Оқу орны аталған мамандық бойынша осы жылдың жаз айынан бастап студенттерді магистратураға қабылдай бастайды.  Алдағы уақытта мектептен кейінгі түлектер де IT-медиктің дипломына ие бола алады. Тек талапкерлерге қойылатын басты талап – ағылшын тілін білу. Демек алдағы жеті-сегіз жылда техниканы терең меңгерген, ағылшынға судай, онлайн кеңес беріп, ота жасай алатын сегіз қырлы медиктер еліміздің ауруханаларында пайда бола бастайды. 

«Алтын қолды» инженерлер

Әлемде жүрек, бүйрек, бауыр, өкпесі істен шыққан миллиондаған науқас бар. Олардың өмірін ұзартудың бірден бір жолы – трансплантология. Бүгінде әлем медицинасы осы салаға көп ден қоюда. Дегенмен ағза алмастырудың да өз қиындықтары жетерлік. Ол – донор мәселесі.  Елімізде 3 мың адам бүйрек, 1,5 мың пациент бауыр ауыстырудың кезегінде тұр.  Қазақстанда алмастырылған органның 90 пайызы тірі донорлардан алынады. Егер бұлай кете берсе, енді бір 20 жылда бір бүйректі ұлт атану қаупі бар дейді мамандар. Міне, «Тіндік инженерлер» осы бағытқа нағыз қажет мамандар. Өйткені олар жаңа биоматериалдар, тіндік заттар мен трансплантологияға керекті ағзаларды өсіріп шығарады. Ғалымдар «алтын қолды» инженерлер 2020 жылдары АҚШ пен Еуропаның кей елдерінде пайда болады деген болжам айтуда. Қазірдің өзінде болашақ мамандар әйелдердің көкірек ұшы, қуық, несептамырды сәтті жасап шығарыпты. Бауыр, түтіктер, ішектің элементтерін өсіруді тәжірибеден өткізіп жатқан көрінеді. Сондай-ақ жасанды көздің жасалу жолын қарастыруда. Мамандар ендігіде жасанды тіс өсіруге бас қатырып жатқан көрінеді. Ал Германияның Киля қаласындағы университеттің ғалымдары жақында ісіктің кесірінен алынып тасталған ауыздағы төменгі жақты қалпына келтірудің жолын тапты. Енді шамамен 10-15 жылда адамның барлық дерлік мүшесін жасанды жолмен ауыстыруға болады деген сөз. Демек, жауапкершілігі көп, екінің бірі атана бермейтін тіндік инженерлерге болашақта сұраныс та көп болмақ.

Зерттеуші-дәрігер 

Зерттеуші дәрігер де болашақтың еншісіндегі маман. Оның міндеті –  түрлі ауруларды зерттеп, жаңа дәрілер мен препараттардың ағзаға қалай әсер ететіндігін тәжірибеден өткізу, зиянды жәнен пайдалы тұстарын анықтау. Емдеу ісінен гөрі ғылымға жақын ақ халаттылар биомедицина статистикасы мамандарымен тығыз жұмыс жасайды. Екі-үш жылдың көлемінде үнемі зерттеу үстінде жүретін дәрігерлерге сіз де жүгінуіңіз әбден мүмкін. 

Молекулярлы диетолог

«Ас – адамның арқауы» дейміз. Дегенмен «Ауру – астан» деген де сөз бар қазақта. Біздің күнделікті ішіп-жеп отырған тағамдарымыздың барлығы дерлік ағзамызға пайдалы деп айта алмаймыз. Сондай-ақ асты мөлшерімен ішуге көңіл бөле бермейміз. Нәтижесінде асқазан, жүректің жұмысын қиындатып жатамыз. Осыдан болар, қазір адамдар диетологтың пікіріне жиі құлақ асатын болды. Дұұрыс тамақтануға аса мән беріп, әр тағамның азықтық құнарлығы мен денсаулыққа пайдасы мен зиянын зерттей бастады. Молекулярлы диетолог осы сұраныстан туындап отырған жаңа мамандық. 2020 жылға дейін әр емханадан табылатын медицина қызметкерінің міндеті – пацинетке генетикалық ерекшелігіне қарай тамақтану сызбасын жасау, тағамдардың молекулярлық құрамын анықтау және оны науқасқа мөлшеріне қарай тағайындау. Сарапшылар молекулярлы диетологтарға 7-8 жылда сұраныс күрт көбейеді деп отыр. Олар аталған мамандар көбейсе, әлемде артық салмақпен күресушілер, қант диабеті, жүрек, асқазан ауруларының азаятынына сенімді.  

Айнұр Асанқызы

Ауруханадағы бір күн
Ас содасы: пайдасы мен зияны
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу