Әлемді алаңдатқан вирустың емі бар ма?

Oinet.kz 04-06-2020 1049

Індет – қарусыз майдан. Бұл майданның қауіптілігі сол жазықсыз жандардың қарусыз ажал құшуы. Індетке қарсы атар оғың болмаса нағыз қасірет осы. Кезінде оба секілді ауруға да адамзаттың «атар оғы» болмағасын миллиондаған адамды тырнағына іліктіріп әкетті емес пе? Бертін келе ғалымдар түрлі ауруға қарсы вакцина ойлап тапқасын көптгеген дертті еңсеріп келеміз. Алайда жер бетінде әлі де «өзегін жарып шықпаған» аурулар бар екенін кешегі Қытайдағы оқиға дәлелдеп берді. «Жау жағадан алғандай» қаңтардың қарлы күндерінде Ухань қаласында «сап ете» қалған коронавирус бірнеше адамды ажал құштырып үлгерді. Бұрын-соңды адамзат құлағы есітіп көрмеген бұл дерттен медицинасы дамыған  аспан асты елі түгілі бүкіл мемлекет шошынды.  Себебі жаңа вирусқа қарсы вакцина әлі ойлап табылған жоқ. 

1-rts310ln.jpg__1584004701__41708__vid667271e.jpg

    Соңғы мәліметтерге сүйенсек  жұмбақ вирус өткен айда Қытайдың орталығындағы Хубей провинциясының Ухань қаласында пайда болды. Оны алғашқы болып  жұқтырғандардың көбі теңіз өнімдерін сататын базарға барған немесе сонда жұмыс істеген. Бұл сауда орны дереу тергеуге жабылды. Қытайдың медицина мамандары әуелде коронавирустың жануарлардан – адамға берілетінін ғана мәлімдесе, қазір оның адамнан – адамға жұғатынын мойындауға мәжбүр. Қазір Қытайдың эпидемия жайлаған аймақтарына транспорттық қатынастар шектелді. Соңғы деректер бойынша, Қытайда жаңа коронавирустан  492  адам көз жұмды, жұқтырғандар саны 23 мың адамға жетті. Сондай-ақ пневмонияның жаңа қоздырғышы Таиланд, Оңтүстік Корея, Жапония, АҚШ, Тайвань, Италия, Таиланд, Франция, Германия, Канада, Үндістан, Австралия, Финляндия, Непал, Вьетнам, Камбоджа, Малайзия, Сингапур, Филиппин, Шри-Ланка, БАӘ, Швеция секілді елдерге тарап үлгерген. Дерттің географиясы тіпті кеңейеді деген болжам бар. Себебі Ай күнтізбесі бойынша Жаңа жылды мерекелеу үшін  аспан асты еліне сапарлатқан саяхатшылар өте көп.  

 Бұл қандай вирус?  Ғалымдар оған жаңа коронавирус деген анықтама беріп отыр. Бұл – латынның crowns (тәж) немесе halos (шеңбер) деген сөздерінен пайда болған атау. Өйткені, коронавирус микроскоппен қарағанда, осы екеуінің қосындысын еске түсіреді. Бұл вирустар тобына адамға зиянын тигізетін бірнеше түр кіреді. Олардың бірі тұмауға шалдықтырса, өзгелері жарқанаттар мен түйелерден және жануарлардан кездесіп, бүгінде ғылымда SARS (Ауыр әрі өткір респираторлық синдром) және MERS (Таяу Шығыс респираторлық синдромы) деген акрониммен белгілі болып отыр.

Симптомдары.  Бұл вирусқа тән симптомдар – тұмаурату, бас ауруы, жөтел және дененің қалшылдауы. Сонымен қатар, АҚШ-тың Ауруларды бақылау және олардың алдын-алу орталығының мәлімдеуінше, коронавирустың едәуір қауіпті түрін жұқтырғандар демігеді, қалтырайды, ал ауруы асқынған жағдайда пациенттер пневмонияға шалдығуы мүмкін. Коронавирус қалай жұғады? Коронавирустардың көбі жөтелгенде, түшкіргенде немесе осы инфекцияға шалдыққандарды ұстағанда жұғады. Ғалымдардың сөзінше, жаңа вирус адамнан-адамға жақын байланыста болғанда, тыныс алу жолымен беріледі. Ол SARS-тан қауіпті ме? Әзірге бұл вирус SARS-тан қауіпті емес. Соңғысы   2002-2003 жылдары дәл осы Қытайдан тарап,  800-дей адамның өмірін қиғаны белгілі. Дегенмен, жұмбақ коронавирус қазіргіден де қауіпті немесе жұқпалы формаға ауысуы мүмкін деген болжам бар. Мұндай жағдайда оның зардабы қандай болары бүгінше белгісіз.

Қазақстандағы ахуал қандай? Қытайды жайлаған эпидемия қазақстандықтардың да біраз мазасын алды. Себебі Қытай бүйірімізде жатқан көршіміз. Екіншіден,  «Алматыда 70 адам коронавирус жұқтырыпты» дегенді естіген жұрт тыныш жатсын ба? Кейіннен тексере келе мұның барлығы жалған ақпарат екені расталды. Онсыз да үркіп отырған ел арасында дүрбелең туғызғандар көп ұзамай анықталды.  Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының орталық ауруханасында дәрігер-гинеколог болып жұмыс істейтін 36 жастағы азаматтың үстінен жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Дәрігер өзінің кінәсін мойындап, халықтан кешірім сұрады. Сондай-ақ  тексеру іс-шараларын жүргізу барысында әлеуметтік желі арқылы вирусқа қатысты жалған дауыстық хабарды таратқан әйелдің де жеке басы анықталды. Ол фармацевтикалық компанияның 37 жастағы жұмысшысы болып шықты. Жауап алу кезінде ол қасақана жалған ақпаратты тарату фактісін мойындаған. Қазір Ақтөбе облыстық полиция департаменті ҚР ҚК 274-бабының 2-бөлігінің сотқа дейінгі тергеуін бастады. Әдетте эпидемия жайлаған кезде медицина қызметкерлері жұртты сабырға шақырып, қорқынышын сейілтуге тырысушы еді. Ал жұрттың үрейін ұшырған аталған екі ақ халаттының әрекетін біз де түсінбедік. Сонымен жұрттың дақпырты еліміздің бас дәрігері Елжан Біртановтың   Қазақстанда коронавирус ресми түрде тіркелген жоқ деген мәлімдемесінен кейін судай басылды. 

 Әрине «бізде ауру жоқ»  жоқ деп екі қолды бос қойып отырған ешкім жоқ. Қазір Республикада сақтық шаралары күшейтілді.   2 ақпанында Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ҚР ДСМ Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығы елімізге ҚХР Ухан қаласында жүрген 83 қазақстандықты, оның ішінде 80 студентті жеткізді. Денсаулық жағдайы тексерілгеннен кейін елге оралған азаматтар қаладан 7 шақырым жерде орналасқан елорданың көпбейінді ауруханасы жанындағы инфекцияға қарсы арнайы бөлінген корпуста 14 күндік карантинге жатқызылды. 

Қытаймен шекаралас мемлекеттерден келген азаматтарға мониторинг жалғасуда. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтындағы  мәлімет бойынша 2020 жылдың 6 қаңтарынан 2 ақпан аралығында елімізге 27 мың 448 адам келген. Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің санитарлық-карантиндік пунктілерінің мамандары Алматы қаласындағы халықаралық әуежайда - 20 мың 613 адамды, теміржол вокзалдарында – 399 жолаушыны тексерді. 

Жақында ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жаңа коронавирустың зертханалық диагностикасы қалай анықталатынын жария етті.  «nCoV-2019 жаңа коронавирусының зертханалық диагностикасы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының орталық референс зертханасында (ОРЗ) ДДСҰ мен АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталығының әдістемесіне сәйкес Ұлттық биотехнологиялар орталығымен бірлесіп Real-Time RT-PCR әдісімен жүргізіледі. Тыныс алу жолдарынан, қақырық, жөтел кезінде бронхтан бөлінетін зат, сондай-ақ қан сарысуы анализге алынады. Сарапшылар пациенттен алынған сынаманы зертханалық тестілеуден өткізіп, коронавирустың РНК тексереді, бұл короновирустық инфекцияны анықтауға мүмкіндік береді» деп жазды министр Facebook-тегі парақшасында.  Сондай-ақ, денсаулық сақтау министрі сынамаларды тексеру тәртібін де келтірді. «Науқастардың теріс және оң сынамалары Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау Ұлттық орталығының вирустық инфекцияларды бақылау жөніндегі ДДСҰ аккредиттелген зертханасының базасында қайта тексеруден өтеді. Диагностиканың соңғы сатысы ретінде сынама ДДСҰ ынтымақтасқан зертханасына қайта жіберіледі. Коронавирусқа тапсырылған анализ диагностикадан өткенше пациентті медицина қызметкерлері тәулік бойы бақылауда ұстайды және олар медициналық мекемелердің оқшауланған бокстарында болады», - дейді ол. Оның айтуынша, қазір ОРЗ базасында коронавирусқа қарсы 100 сынама зерттелген, нәтижесінде вирус жұқтырған адам анықталған жоқ. Сондықтан қазақстандықтар үшін алаңдауға негіз жоқ. Дегенмен «сақтансаң сақтаймын» дегендей, денсаулық сақтау мамандары жақын арада Қытайда болып келген болсаңыз, тез арада тексеруден өтуге шақырады. Сондай-ақ, аспан асты еліне жақын арада бармауға кеңес береді. 

Ендігі үміт – вакцина! Қазір әлем елдерінде «тәжісі бар» вирусқа деген қорқыныш басылғандай. Өйткені медицина мамандары эпидемияның бетін қайтаруда. Емдік шаралар сәтті жүргізіліп, ауруынан айығып кеткендері де бар. Бірақ қуануға әлі ерте. Жоғарыда айтқанымыздай коронавирусқа қарсы вакцина әлі шыққан жоқ. Осы ретте  Гонконг жақтан жағымды жаңалық тарады. Шетелдік басылымдар аталмыш елдің  ғалымдары короновирусқа қарсы вакцина ойлап тапқанын жарыса жазуда. Оны Қытай мен АҚШ ғалымдары бірлесіп жасаған. Вакцина қазір жануарларға салынған. Сынаманың нақты әсер ету уақытын анықтау көп уақытты алады екен.

Шет ел дәрігерлері сондай-ақ, коронавирусты роботтың көмегімен емдеп бастады. Американдық мамандар дерке шалдыққан адамға ем-дом жасағанда  өте сақ болу қажеттігін ескерген. Арнайы құрастырылған робот ауруға шалдыққан науқасты өзі бақылайды. АҚШ 2014-2016 жылдардағы тараған Эбола дертінен кейін американдық мамандар денсаулық сақтау жүйесін жоғары деңгейде жетілдірген. Дертке шалдыққан адаммен тікелей қатынас орнатпай-ақ, оны бақылаудан шығармау жолдарын  ойлап тапқан. Осылайша, аурудың таралуын тоқтату мақсатында  роботтарды іске қосып отыр.

А.НҰР

Коронавирус қандай температурада толық жойылады?
Ауыз неге сасиды?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу