Медмекемелердің 70 пайызы жоғары техноаппараттармен қамтылған
Түркістан облысындағы мемлекеттік медициналық ұйымдардың 70 пайызы заманауи жоғары технологиялық құрылғылармен жабдықталған. Бұл туралы маусым айының үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлері күні мерекесі қарсаңында облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев айтты.
Медицина қызметкері болу – жәй ғана кәсіп емес. Ол – өз өміріңді өзгенің амандығына арнау, күн сайын, тіпті түн ортасында да шұғыл шақытуларға дайын тұру. Олар күн сайын өлім мен өмір арасында түрлі жағдайда жұмыс істейді. Бұл жұмысты олар марапат үшін емес, аманат үшін жасайды. Олар үмітін үзген миллиондаған адамға қуаныш сыйлап, қайта орнынан нық тұрғызу үшін дұрыс диагноз қоюы тиіс. Өйткені бір диагноз – бір отбасының тағдыры. Сондықтан дәрігердің қателесуге қақысы жоқ. Оған нақты шешім мен сенімді әрекет қажет. Ол үшін медициналық ұйымдарда заманауи жоғары технологиялық аппараттар болуы қажет-ақ.
Асхан Мархабайұлының сөзіне сүйенсек, бүгінде Түркістан облысында ақ халаттылардың халыққа қолжетімді медициналық көмек, сапалы қызмет көрсетуі үшін барлық жағдай жасалған. Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында сәулелік диагностикалық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, биыл үш магнитті-резонанстық томография аппараты Түркістан облыстық клиникалық ауруханасына, Түркістан қалалық балалар ауруханасына, Жетісай аудандық орталық ауруханасына, бір жасанды қан айналым аппараты Түркістан облыстық балалар ауруханасына орнатылған. Ал, екі компьютерлік томография аппараты Ленгір қалалық ауруханасы мен Арыс аудандық орталық ауруханасына беріліпті.
– Біз жақында ғана былтыр сатып алып орнатқан екі компьютерлік томография апаратының біреуін Арыс аудандық орталық ауруханасына орнатып, ресми түрде іске қостық. Енді жергілікті түрғындар Арыс қаласынан шықпай-ақ облыс орталықтарындағыдай сапалы медициналық қызметті өздерінің тұрғылықты мекендерінде ала алады. Мұндай компьютерлік томография аппараты Түркістан облысындағы орталық ауруханалардың 70 пайызында бар. Дәл осындай аппаратты биыл Леңгір қалалық ауруханасына да орнаттық. Алдағы уақытта Созақ аудандық орталық ауруханасы мен «Қарабұлақ» Сайрам аудандық ауруханасында да орнататын боламыз. Бүгінде аталған екі ауруханада да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары бітіп, толық аяқталған соң Шолаққорған мен Қарабұлақта да осылай компьютерлік томография аппараттарын орнатып, іске қосамыз, – деді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Марқабайұлы.
Сонымен қатар, бес экспертті санаттағы ультрадыбыстық зерттеу аппараты Түркістан облыстық клиникалық ауруханасына, №1 Түркістан облыстық перинаталдық орталығына, Түркістан қалалық орталық ауруханасына, Түркістан қалалық балалар ауруханасына, Түркістан облыстық балалар ауруханасына берілді. Ал, үш бейнеэндоскопиялық жиынтық №2 Түркістан облыстық перинаталдық орталығына, Ленгір қалалық ауруханасына, «Абай» Келес аудандық ауруханасына берілді. Үш маммографиялық жүйе Ордабасы аудандық орталық ауруханасына, Бәйдібек аудандық орталық ауруханасына, Түлкібас аудандық орталық ауруханасына берілді. Сондай-ақ, онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспарды орындау мақсатында медициналық мекемелер он бір дана диагностикалық құрал-жабдықтармен (бейнеэндоскопиялық жиынтықтар, ЛОР комбайн, жылжымалы рентген аппараты, аргоноплазмалық коагулятор, бронхоскоп, колонскоп, гастроскоп жуу машиналары, стерильді эндоскоп сақтайтын шкаф және тағы басмқа бұйымдармен) қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрі мен Оқу-ағарту министрінің «2025-2028 жылдарға арналғын білім беру ұйымдарында стоматологиялық аурулардың профилактикасы кабинеттерін ашу және олардың одан әрі жұмыс істеу бойынша іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» бірлескен бұйрығы негізінде аудандардағы мектептердің медициналық кабинеттеріне жиырма дана стоматологиялық қондырғылары сатып алынды.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың төрағалығымен өткен «Мектеп медицинасын дамыту тұжырымдамасының жобасы» бойынша орта білім беру ұйымдарында медициналық көмек көрсету стандартына сәйкес мектептердің медициналық кабинеттеріне алғашқы кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсету үшін аудан және ауылдық аймақтардағы мектептерге 348 дана дефибрилляторлармен жарақтандырылды.
Ағымдағы жылы медициналық ұйымдарға жалпы 2560 дана медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Сонымен қатар, жедел медициналық жәрдем қызметін жақсарту мақсатында 2025 жылы лизинг арқылы медициналық құрал-жабдықтарымен жабдықталған алпыс дана жедел жәрдем автокөліктерімен толықтырылды.


