Түркістан облысында биыл 20 медициналық нысан салынуда
Түркістан облысында былтыр 36 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілген болса, биыл 20 медициналық нысан салынуда. Бұл туралы маусым айының үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлері күні мерекесі қарсаңында Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев айтты.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысының сөзіне сүйенсек, Түркістан облысында бүгінде ақ халаттылардың халыққа қолжетімді медициналық көмек, сапалы қызмет көрсетуі үшін барлық жағдай жасалған. Түркістан облысында халық денсаулығын жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылуда. Салыстырып қарасақ, денсаулық сақтау саласында өткен жылы өңірде 55 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысаны іске қосылған екен. Олар – жиырма 3 дәрілерлік амбулатория, 25 фельдшерлік-акушерлік пункт, 7 медициналық пункт ауылдық елді мекендердің халқына медициналық көмек көрсетуін бастаған. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, былтыр 36 нысан құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілген. Атап айтқанда, «Түркістан қаласындағы балалар оңалту орталығы» және облыстың ауылдық жерлерінде 8 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт, 22 медициналық пункт халыққа дәрігерлік қызмет көрсете бастады.
Бұдан бөлек, Түркістан облысы аумағында 4 ірі медициналық нысанның құрылыстары жүргізілуде. Біріншісі – Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Түркістан облысына 2022 жылдың 27 қыркүйектегі жұмыс сапары барысында берген тапсырмасын орындау мақсатында «Сарыағаш қаласында 300 төсек-орындық көпбейінді аурухана құрылысы» жобасы іске асырылуда. Оның іргетасы биыл ақпан айында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің қатысуымен қаланған болатын. Құрылысы қызу жүріп жатқан аурухана толық пайдалануға берілгенде тек Сарыағаш қаласы мен Сарыағаш ауданының тұрғындарына ғана емес, Келес, Мақтаарал, Жетісай, Қазығұрт және Шардара аудандарының тұрғындарына да сапалы медициналық қызмет көрсететін болады. Аталған аудандарда бір миллионнан астам халық тұрады. Жаңа медициналық кешен облыстың денсаулық сақтау жүйесін жаңа деңгейге көтеруге, тұрғындарға сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге бағытталған. Бұл – Түркістан облысының әлеуметтік инфрақұрылымын дамытудағы стратегиялық маңызды қадам. Құрылыстың басталуы жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп, білікті медициналық кадрларды тартуға жағдай жасайды.
300 төсек-орынға есептелген аурухана құрамында 3 негізгі блок бар: Хирургиялық блок 50 төсек-орынға арналған, онда нейрохирургия, офтальмология, ЛОР және травматология бөлімшелері орналасатын болады. Терапиялық блок 100 төсек-орын болады, онда неврология, инсульт орталығы, кардиология және интервенциялық кардиология бөлімшелері жұмыс істейтін болады. Ал, перинаталдық блок 150 төсек-орынға лайықталады, онда ана мен балаға арналған заманауи күтім, жүкті әйелдер патологиясы бөлімшесі орналасады. Медициналық кешен заманауи жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіледі.
Үш қабаттан тұратын ғимараттың жалпы ауданы 70 мың шаршы метрден асады. Жобаның жалпы құны 74,5 миллиард теңгені құрайды. Құрылыстың аяқталуы 2027 жылдың желтоқсанына жоспарланған. Аталған жобаны іске асыру үшін Сарыағаш қаласынан 10,4 гектар жер телімі бөлінген. Жобаны мердігерлік атқаратын ұйым – «ASPAN HOLDINGS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, техникалық қадағалаушы – «Строй-Проф» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, авторлық қадағалаушы – «Engineering center ltd» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Құрылыс жұмыстарын аяқтау мерзімі 2028 жылға жоспарланған.
Екіншісі – Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасының «Заманауи жабдықтармен жарақтандырылған және білікті медицина персоналымен жасақталған заманауи перинаталдық орталықтар желісін салу» іс-шара жоспарына Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылында 200 орындық облыстық перинаталдық орталығының жобасы енгізілген. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың желтоқсан айында басталған, 2028 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарлануда.
Үшіншісі – Біріккен Араб Әмірлігінің Абу-Даби қоры тарапынан демеушілік есебінде қаржыландырылатын Түркістан қаласында жоғары мәртебелі шейх Мұхаммед Бен Заид Аль Нахаян атындағы 80 төсек-орындық перзентхана салу жобасының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылдың қазан айында нысанды пайдалануға беру жоспарлануда.
Төртіншісі, ең ірісі – Түркістан қаласындағы 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы. Бүгінде бой көтерген зәулім ғимаратта құрылыс-монтаждау жұмыстары 86 пайызға орындалған. Құрылыс жұмыстарын аяқтап, пайдалануға тапсыру 2027 жылдың сәуір айына жоспарлануда.
Сонымен қатар, тозығы жеткен медициналық нысандарды жаңғырту мақсатында 6 нысан күрделі жөндеу жұмыстарынан өткізілуде. Ал, үш нысанның күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға тапсырылды. Олар: Кентау қалалық орталық ауруханасы, Қазығұрт аудандық орталық ауруханасына қарасты «Қаратас» ауылдық емханасы, Шардара аудандық орталық ауруханасына қарасты «Алатау батыр» ауылдық ауруханасы. 2026 жылға өтпелі үш нысан – Сайрам аудандық орталық ауруханасы, Сайрам аудандық «Қарабұлақ» аудандық ауруханасы және Жетісай аудандық «Асықата» ауруханасында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.


