«Өмірдің сақтаушысы болу – үлкен мәртебе!»

Oinet.kz 19-06-2026


Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» кешенінде Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Денсаулық сақтау саласы өкілдерінің кәсіби мерекесіне арналған жиынға медицина қызметкерлері, сала ардагерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және өңір тұрғындары қатысты.

Салтанатты жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров медицина саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

– Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! «Бірінші байлық – денсаулық» дейді дана халқымыз. Адам өмірінен қымбат құндылық жоқ. Ал сол өмірдің сақтаушысы болу – үлкен мәртебе, зор жауапкершілік. Сіздер күн сайын адам жанына қамқор болып, саулық сыйлап келесіздер. Сондықтан халық сіздерді «Ақ халатты абзал жандар» деп құрметтейді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халық денсаулығын сақтауды мемлекеттік саясаттың басты басымдығы ретінде айқындап келеді. Медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеруге ерекше көңіл бөлінуде. Бұл – еңбектеріңізге берілген жоғары баға. Мемлекет басшысының осы саясатын іске асыру аясында және Үкіметтің ерекше қолдауымен Түркістан өңірінде де денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Соңғы үш жылда облыста 115 медициналық нысан салынды. Бүгінде тағы 25 нысанның құрылысы жалғасып жатыр. Медициналық ұйымдар 1548 дана заманауи құрал-жабдықпен толықтырылды. Жоғары технологиялық құрылғылар іске қосылып, сапалы медициналық көмектің қолжетімділігі артты. Жедел жәрдем қызметіне 60 санитарлық автокөлік пен 2 арнайы кешенді құрылғы берілді. Бұл шалғай ауылдардағы тұрғындарға дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндікті молайтты. Адам үшін ең қажетті емдік шипа – жүректен шыққан мейірім мен жылы сөз. Сіздердің күнделікті қызметтеріңіз дәл осы мейірімнен бастау алады. Сіздер адамға ем ғана емес, сенім мен үміт сыйлайсыздар. Ел амандығы мен ұлт саулығы жолындағы еселі еңбектеріңіз үшін баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін, – деген Нұралхан Көшеров үздік атанған медицина саласының өкілдерін марапаттады.

 Атап айтқанда, Бәйдібек аудандық орталық ауруханасының басшысы, білікті дәрігер Гүлдария Шардарбекова мен облыстық клиникалық ауруханасының Эндокринологиялығы орталығы басшысы Ғалия Батырханова «Құрмет» орденімен, Кентау қалалық емханасының жантист дәрігері Назгүл Шораева «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі 4 азаматқа – Созақ аудандық орталық ауруханасының хирург дәрігері Бүркіт Арынбеков, Түркістан қалалық орталық ауруханасының зейнеткер мейіргері Флюра Загидуллина, облыстық клиникеалық ауруханасының Функционалды диагностика бөлімі меңгерушісі Гулнара Алиева және №1 облыстық премнаталдық орталығының Босандыру бөлімшесі меңгерушісі Нұрлан Жүсіповке, Алғыс грамотасы «Асықата» Жетісай аудандық ауруханасының жалпы тәжірибелі дәрігері Фатима Шамшиеваға, Сауран аудандық емханасының қызметкерлері – аға дәрігер Жұмагелді Орынбасаров пен мейіргер Тамара Матановаға, облыстық фтизиопульманология орталығының қызметкерлері – Емхана бөлімі меңгерушісі Айгүл Мырзатаева мен Жасөспірім балалар бөлімі меңгерушісі Хасият Исмайловаға, Түркістан қалалық балалар ауруханасының мейіргері Таңшолпан Досманға жіне Түрксітан қалалық емханасының дерматолог дәрігері Гаухар Сейітоваға табысталды. Марапаттау рәсімінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстық негізгі медициналық көрсеткіштердің орындалуында үздік нәтиже көрсеткен Сауран аудандық емханасына жаңа автокөліктің кілті тапсырылды. Сонымен қатар өңірдегі бес оңалту орталығына демеушілер есебінен медициналық құрал-жабдықтар сатып алуға арналған 2 миллион теңгелік сертификаттар берілді.

Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов пен Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев өңірдің денсаулық сақтау жүйесінде жемісті еңбек етіп жүрген мамандарға құрмет көрсетті.

– Ақ халатты абзал жандар ұлттың, елдің алтын арқауы. Олар көзге көрінбейтін майданда күн сайын күресіп жүрген батырлар, адам денсаулығын күзеткен қаһармандар, – дейді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев.

Сонымен бірге медицина қызметкерлеріне Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің және «DENSAULYQ» денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің марапаттары тапсырылды.

Іс-шара аясында қатерлі дерттен айығып шыққан азаматтар сөз сөйлеп, өз өмірлерін сақтап қалған ақ халатты абзал жандарға алғыстарын жеткізді. Мерекелік іс-шара барысында елімізге танымал өнерпаздар концерттік бағдарламаларын ұсынып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.


Түркістан облысында биыл 20 медициналық нысан салынуда
Түркістан дәрігерлері 75 мыңнан астам ота жасап, 42 ағза ауыстырды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу