Жылқы жылы қандай жыл?

Oinet.kz 21-03-2019 1424

Жер бетіндегі халық биыл жылыстап келген жылан жылын шығарып салып, жылқы жылын қарсы алмақ. Халықтық жыл санау есебінде 12 жыл аты болса, әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері болған. Дана ата-бабаларымыз әр жылда жыл иесіне қарап келген жылда қандай өзгерістер болатынын болжап отырған. Мәселен  тышқан жылын береке, ырыстың, татулық пен тыныштықтың жылы деп санаса, мешін жылы  жайсыз, бүліншілік, сәтсіздіктер мен жағымсыз оқиғалардың көп болуы мүмкін деп қорқып отырса,  ұлу суда өсетіндіктен, бұл жылы астық, шөп мол болады деп, оны жайлы, жұмсақ жыл, ал  қоян жылы жұт, аштық, ауыртпалық болады деп сенген. Жылқы жылы туралы халық аңыздары не дейді?

64d91904fb1e1a031c17bf09829a5031.jpg

Жалпы жылқы  қазаққа жақын жануардың бірі. Көшпенділерді жылқы малынсыз елестету мүмкін емес. Сондықтан да көшпенділер мен жылқы түлігі егіз ұғымдай қосарланып айтылған. Тіпті көшпенділер қауымын «аттылар әулеті» деп те бекерден бекер айтпаса керек. Өйткені, ұланғайыр даланың, ұлан байтақ өлкенің ұлы тұрғындарының тыныс-тіршілігі, өмір-салты, өнер-білімі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, салтанаты, бір сөзбен айтқанда бүкіл мәдениеті жылқы түлігімен тығыз байланысып жатады. Қазақтар сондай-ақ адамның мінезін жылқымен байланыстырып «жылқы мінезді» деп жатады.  Яғни адамның көңілінің кеңдігін, пейілінің дарқандығын, қасыретке қайыспас, қайғыға берілмес, қайсар қажырын ер жігіттің ішіне ер тоқымды ат сияр деп қайырса, сабырлы да салмақты, бір ауылдың ұйтқысы болып отырған, жаны жайлау, біртоға бәйбішені бес биенің сабасындай деп береке, құтқа балаған. Қазекем жылқыны, ең алдымен, ел қорғаны ердің жан серігі деп дәріптеген және қоғамда байлық мөлшері тек жылқымен ғана өлшенген. Мәселен жылқысының саны 5000-нан асатындар ғана бай санатына жатқызылған. “Біздің асыл дүниеміз бір ғана жылқымыз, ләззат алатын асымыз – ет, сүйетін шәрбатымыз – қымыз,  қызық көретініміз – өрістегі жылқымыз”,- деп жазады Мұхаммед Хайдар Дулати өз еңбегінде. 

Қазақстар үшін  жылқының орны бөлек болғандықтан, шығыс күнтізбесі бойынша жылан жылынан кейін келетін жылқы жылын құт-береке жылы деп бағалап, асыға күткен. Жылқы жылы – жұтсыз деп те жатады. Ел есінде жылқы жылы болған ауыртпалық, қайғылы оқиғалар болмаған.  Жылқы жылы қазақтың батыр игі жақсылары Қаракерей Қабанбай (1690), Жамбыл Жабаев (1846),  Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтер  (1894) дүниеге келген. 1930, 1942, 1954, 1966, 1978, 1990, 2002 жылқы жылында  дүние есігін ашқандар мүшел жасқа толады. Мүшелден мүшелге өту аралығындағы жаста адамға қауіп-қатер жуық болады деп есептеліп, тән мен жанның өзгеріске ұшырайтын тоқырау кезі, белесі деп саналған. Қариялар  мүшел жасқа толған адам сүйікті киімін біреуге берсе, келер жылға аманшылықпен өтеді дейді.  Жылқы жылы туылғандарға бұл жылы жылқыны бауыздауға болмайды. 

Қазақ халқы адамның шыққан тегіне, руына аса мән берсе, қытайлықтар туған жылына қарайды екен. Мәселен күрең жылқы мен сары қой жылғылар бас құраса бұлар нағыз құп жарасқан, қосағымен қоса ағарып, бір ғұмырларын тату – тәтті өткізетін асыл жарлар болып өмірден өтеді, деп ырымдайды. Көне көз кариялары бас қосуға талаптанған жастардың ең әуелі қай жылғы екендігін анықтап, ұрпақтарының жыл сәйкестігі лайық келгенде барып ықыластарын беріп, бай-бақытты өмір өткізуін тілейді. 

Бала салған сурет нені білдіреді?
«Алиса ғажайыптар елінде» ертегісі туралы қызықты деректер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу