Әйгілі патшайымдардың сұлулық құпиялары

Oinet.kz 25-05-2020 1763

Еркектің қисық қабырғасынан жаратылған әйел заты әу бастан-ақ сұлулыққа құштар болды.  Әдемілікті ту еткен нәзік жандылар бүгінге дейін мәңгі жасаудың, қартаймаудың құпиясын іздеумен келеді. Ажарлану үшін қыз-келіншектер қандай амал-тәсілді қолданбады десеңші. Тарихта ел билеу ісіне араласқан ер мінезді әйелдердің сұлулық құпиялары туралы аңыздар көп. Ғалымдар өткен ғасырлардағы ең ықпалды ханымдардың өз-өзін қалай күткені, жалпы ежелгі косметологияның сырларын ашуға талпынып келеді. Ендеше, есімі мәлім ханымдардың сұлулық құпиясын бірге ашуға тырысайық.     

image.png

Косметологияның негізін қалаушы

Антикалық дәуірдегі ең танымал патшайымдардың бірі Клеопатра жайында аңыз көп. Мысыр ханшайымының сұлулық жолындағы әрекеттері мен махаббат хикаяларының өзі бірнеше кітапқа азық. Бізге жеткен аңыз бойынша Клеопатра шөптердің емдік қасиетін зерттеген. Сондай-ақ у әзірлеудің түр-түрін білген екен. Оның у ішіп қайтыс болғандығы да дәлелденген. 

Әлемді аузына қаратқан билеуші өз-өзіне ерекше күтім жасаған. Әсіресе оның сүтті ванна процедурасы қазір де маңыздылығын жоймаған. Тарихи жазбаларға сүйенсек, патшайым сүтке бал қосылған ваннаны ұдайы қабылдап отырған. Бір қызығы, ол бетке жағатын крем, маскаларды өз қолымен дайындаған. Қайнатылған сұлымен жуыныпты деген дерек те кездеседі. Ғалымдар дәлі осы Клеопатраны косметологияның негізін қалаушы деп біледі. Ғылыммен де шұғылданған мысырлық ханым Цезарь патшаны тазданудан қорғап қалыпты-мыс. Ол шаш өсіруге еменнің шайыры, күшәла, күкіртті қолданған екен. Қайсар билеуші шаш өсірудің жолын ғана білмеген, сонымен қатар қажетсіз түктерден де арылудың жолын тапқан. Оның түрлі қоймалжың заттардан дайындаған қоспасы бүгінгі депиляцияның «атасы» деуге болады. 

Аты аңызға айналған Клеопатра жеті тілді меңгерген. Философия, салмақ, қашықтық және монеталармен есептесу жүйесі, шаш үлгісі мен косметикалық құралдар жайлы кітаптар жазған ғалым. 

Барқыт пен Медичи

Екатерина Медичиді естуіңіз бар шығар. XVI ғасырдағы Францияның ең айтулы ханымдарының бірі туралы ел ішінде қорқынышты әңгімелер еседі. «Қара ханшайым» атанған Медичи сол кездегі атақты химик, қара сиқыр иелерімен дос болған. Әлбетте оқымыстылар ханшайымға түрлі крем мен у дайындап беріп отырған екен. Айта кетерлігі ханшайым уды өзіне жақпай қалған адамдарға беріп отырыпты. 

Ханшайым гүлдерді ұнатқан. Жұпар иістің денесінен аңқып тұрғанын қалаған ол алғаш болып иіссуларды ойлап шығарды. Ол үшін түрлі гүлдерді өсіру үшін үлкен бақ салдыртқан. Сондықтан Екатерина ханшайымды парфюмерияның негізін қалаушы деуге болады. 

Тарихшылардың сөзіне сенсек, ол үнемі жасарып жүру үшін «біртүрлі» компонентерді қолданған. Мәселен, жануарлардың зәрі, балғын ет т.б. Дегенмен «темір патшайым» сұлулық әлеміне барқыт матасымен танымал болды. Медичи күн сайын жатар алдында барқыт матамен бетін сүрткен. Бұл әдіс қазіргі жұмсақ шлифовка, пилинг, массаж және электротерапияны алмастырды. Яғни, теріні барқытпен сүрткен кезде электр разряды орын алады. Ол терінің қайта қалпына келу процесін тездетіп, коллагендерді түзетуге көмектеседі.  

Бірбеткей әрі өзімшіл ханшайымның шашы ашық сары түсті болған екен. Ол өзінің шаш түсінің өзгеде болғанын қаламады. Сол себепті сары шашты әйелдер дереу шашының түсін өзгертуі тиіс болған. Қалай? Бұл жағын ханшайымның өзі ойластырып қойды. «Косметолог-ханым» лимон мен шөптерді араластырып сұйықтық дайындады. Сол «сусабынды» әлгі әйелдер шашына жағып біраз уақыт күнге күйдірген. Нәтижесінде сары шаш одан сайын сарғайып, ағара бастайды. Сол замандағы қыз-келіншектер бет терісін осы лимон сығындысымен ағартып отырған. Медичидің кезінде бетті қызыл опамен ал ерінді қызыл опа-далаппен бояу сәнге айналды. 

«Алқызыл Помпадур».

Аппақ өңді, ойнақы, үлкен көз. XV Людовиктің нақсүйері Маркиз де Помпадурдың бізге жеткен портретін осылай сипаттауға болады. Патшаның сүйіктісі 20 жылға жуық ел билеу ісіне, ғылым мен мәдениеттің дамуына араласып отырды. Оның үлбіреген аппақ жүзі визиткасы іспетті болды.  Патшайым күннің астында көп жүрмеуге тырысқан. Оның терісі ақшыл болғанымен үнемі құрғап кететін болған. Бет терісін нәрлендіру үшін үнемі жұмыртқаның ағына қант, сірке суын араластырып жағып отырған. Қосымша ретінде маскадан кейін бетіне жүзім жапырағынан компресс жасаған. Сірке суы сол заманда косметология түгілі ас үйде де қолданылмаған екен. Аталған маскалардың бет терісін ағартып, тартып, әжімді азайтатынын бүгінде косметолог мамандар мойындап отыр. 

«Ақ патшайымның» сұлулық рецептісі мұнымен бітпейді. XVIII ғасырда еуропалық қыз-келіншектер улы химиялық элементтер: күшәла, сынап секілді заттардан жақпа дайындап, жаққан. Олардың қатарында елдің бас ханымы да бар. Мұндай процедурадан кейін көптеген нәзік жандылар өлім аузынан қалғаннан кейін патшайымға басқа рецепт дайындауға тура келді. Ол өсімдіктерден алқызыл далап жасап шығарды. Және ол патшайымның аппақ жүзіне өте жараса кетті. Осыдан кейін әлгі далап «алқызыл Помпадур» деп аталып кеткен екен. Маркиз де Помпадур шаш күтіміне де айрықша назар аударған. Намдалған шашқа көк шәй сығындысын жағу арқылы шашты қайраттандырып отырған. Ал ұшталған шашты емдеу үшін ол қалақай, лимон және алма сірке суын пайдаланған. 

Мұзды су процедурасы

Әйгілі Ресей ханшайымы ІІ Екатерина өте қатал, өжет әрі әділетті билеуші болған. Ол халқын ғана «ашса алақанында жұмса жұдырығында» ұстаған жоқ. Бойында қайсарлық пен нәзіктік астасқан әйел өз-өзіне де қатал болды. Екатерина жастайынан семіздікке жақын болды. Алайда ол бұл кемшілігін барынша түзетуге тырысты. Ел алдына шыққанда патшайым әрдайым басын тік, биік ұстаған. Осылайша ақылды билеуші иек астындағы майын жасырған. 

Деректер бойынша Екатерина тері және шаш күтіміне балғын жеміс-жидектер мен шөп қайнатпаларын қолданған. Ал кремнің орнына қаймақ пен майды дұрыс көріпті. Патшайым үшін ең маңыздысы күн тәртібі болды. Ол ұйқыға ерте жатып, таң атпастан тұруды әдетке айналдырады. Таңертең мұз қосылған сумен жуынған. Суық процедура бетті әжімнен сақтайды деп сенген. Орыс қыздарына сай оның да екі беті қызғылт тартып тұратын. Сол қызарған бетті ол одан сайын қызартып, қызылшадан әзірленген опаны жаққан.    

Ағарамын деп...

Англия және Ирландияның патшайымы І Елизаветаның билік еткен заманы тарихта «Англияның алтын ғасыры» деп аталды. Әсіресе мейірімді патшайымның тұсында ел мәдениеті айтарлықтай өркендеді. Мұрагерін ұзақ күткен патша Генрих VIII Елизавета дүниеге келгенде аса қуана қойған жоқ. «Тар жол тайғақ кешіп» таққа келген патшайым «қалаусыз перзенттің» қолынан талай нәрсе келетінін дәлелдей алды.  

Тарихшылар Елизаветаның өз келбетіне көңілі толмағанын айтады. Әсіресе анасына тартқан «қараторылығына». Бет терісін ағартамын деген ханымның әуресі көптеген жақпа майлардың дүниеге келуіне себеп болды. Әсіресе ол қауіптілігіне қарамастан қорғасынның сұйықтығын қолданды. Бұл косметика оны анау айтқандай ағарта қойған жоқ. Тек оның өңі сұр, бозғылтқа айналды. Айтпақшы Англия ханымы қорғасын кремін жаққаннан кейін қолындағы қантамырларының үстінен көк бояумен сызып шығатын көрінеді. Патшайым бұл ақсүйектерге тән әрекет деп түсінді. Ғалымдар Елизаветаның сұлулық құрбаны болған деп есептейді. Яғни денесіне жағуды әдетке айналдырған қорғасын оның «ажалына» айналды. Өмірінің соңында сырқаттанып әрі депрессияға түскен патшайымның ағзасы қорғасыннан уланыпты. 

Өмір бойы ағаруды армандаған Елизавета өз портретін салдыруды ұнатқан екен. Алайда ешбір суретші оның көңілінен шықпапты. Қолына қалам ала бергеннен суретшіден әйтеуір мін табатын ол аяқсыз қалған портреттің көзін жойып отырған. Тек бір суретшіге ғана патшайымның портретін аяқтау бақыты бұйырыпты. Соған қарағанда туынды Елизаветаның көңілінен шыққан болуы керек. Ол патшайымның осы күнге дейін сақталған жалғыз портреті болып табылады.    

Психологиялық тест: Мына балалардың қайсысы қыз?
Психологиялық тест: Қылмыскерді табыңыз?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу